Иван Бунин. Уайым (жалғасы)

(Басы)

Жарты сағат өткенде Авдей жолға шықты.

Қарамай мүңкіген шиқылдақ арба бірде өрге тырмысып, бірде еңіске қарай дірдектеп ыңырсыған ұнмен қатар-қатар тізілген үйлер мен қора-қопсыны жаңғырта ақырын аяңдап келеді. Артында бір бау шөп байлаулы жатыр, алдында аяғы байлаулы момын қой. Авдей шолақ тонын қымтана, бөркін милығына баса киіп доңғалақ шиқылына құлақ түргендей, бейжай еріп келеді, қолтығында қамшы, аузында трупка, анда-санда көк түтінді бұрқ еткізіп қояды.

Мінеки, соңғы үй, ар жағы жалаңаш кең жазық: дәл осы жерде қалаға бұрылатын шынтақ. Қанаты тозып қаусап кеткен атам заманғы ескі жел қапалағы ербейіп тұр, алпыс жыл бұрын да, Авдейдың бала кезінде де дәл осылай мыңқ етпей тұрушы еді. Түбінде мұңсыз балалар бір аяғымен секектеп ұябасар ойнап жүр... «Тұра тұр, ойының осылғырлар, сендер де мендей боласыңдар!» деді Авдей ішінен күрсініп, әйел көйлегін киген боқмұрын тақырбас таяп келіп тыныш жатқан қойға көзін бақырайтты, Авдей көңілсіз езу тартты: «Ақымақтар қашанда бақытты, қайғысы жоқ!» сайға түсе берісте түбінің ақ қайраңы жарқырап таяз өзен жайылып жатқан, қарсы бетке лекерлеп көпір салған болыпты. Жайлыма күн сәулесіне шағылысып, жағадағы тастақ беткейді сағымға бояп тастапты. Көпір үстінде еріккен аңшылар: қосаяқ жеңіл трашпеңкеге жеккен елірме жирен ат, екі адам шіреніп отырып алыпты, иықтарынан екі мылтықтың ұшы шошаяды.

Авдей арқан божысын тартып, биесін тоқтатты да аңшылар әрі тар, әрі тайғанақ көпірден өтіп кеткенше тосып тұрды. Бәрін көріп тұр. Бірақ бәрі де түс секілді. Қайғы меңдегендіктен бәріне немкетті дертті адам дерсің.

Ақыры көпірден де өтті-ау. Дөң басына көтеріліп сайға түсті. Тағы да өрге шықты. Тозып біткен мылқау жолдың тастақ асуларындағы жаз бойы күн қақтаған бұта-қарағандары қызылкұрең тартқан. Асулар таусылар емес, қалаға дейін жиырма бес шақырым, бірақ сол қала Авдейге қашанда жер түбі секілді көрінуші еді.

Белестен белеске көтеріліп, үнемі ілгеріге көз тігемін деп шаршады. Арттағы күн де қызарып батып барады. Иен даланың шегі жоқ. Қарғалар да бүрісіп келіп ағаш басына қонақтап жатыр. Көкжиектегі телеграф бағандары да жер шетіне көшіп барады, қызыл вагондарды тіркеп алған тауар поезінің будақтаған түтіні түйдек-түйдек болып кейін қарай жосылуда. Авдейдың күні бүгінге ең жек көретіні осы поез. Өмірінде бір-ақ рет темір жолмен жүргені бар. Соған да өкінді: дамылсыз басы айналып, зәре-құтын қашырған.

Жазықты кесіп өтетін темір жолға жеткенде шылагбауымның алдына келіп тоқтады. Күздің күні ерте жанған күзет күркесінің шамы да ерсі екен.

Бұдан армен тас жол, адамды зеріктіретін дүниедегі ең жаман жол да осы... Авдейдың жасы алпыс жетіде, өлер шағы да алыс емес. Аса бір жоқшылық та көрген жоқ, қиянат пен қырсықтан құдай өзі сақтаған.

- Өміріңде бастан кешкен бір қызықты оқиғаңды айтсаңшы,-деген бірде жастау мырза.

- Құдайға шүкір, менде ондай жағдай болған емес,-деп жауап берген. Мінеки, жетпіске таяп қалдым, құдайға рақмет, қызықты оқиғаға тап болған емеспін. Бірақ тіршілік уайымы өмір бойы қажытумен келеді. Кедей көршілері оны сараңсың деп сөгетін. Іштей ашуланған Авдей қайыршыға айта салу қашанда оңай деп ойлайтын.

Күн батысымен салқын жел ұлып қоя берді. Авдей қойын сабанмен бүркеп, бөркін баса киіп, қолын жеңіне тықты да жол жиегімен шиқылдаған арбаның соңынан адымдай басып келеді.

Желбезекті картамыш танауы көгеріп, ағарған сақалын жел сауды. Бозарған жалпақ қасы түйіліп, өшіп бара жатқан жанарында мұң ғана қалды.

Аударған: Қалихан Ысқақ

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: what.in.ua