Күзгі кеш күн батпаса да салқын. Ой мен қырға созылып, өзенге барып құлайтын үлкен селоның сыртындағы кендірлі, қурайлы жазықтан маялардың төбесі шошаяды. Село көшелерін көлеңке басқан, күн үйлер мен қора-қопсылардың терісіне құлап барады, соңғы шапағы өзеннің арғы бетіндегі сары балшықты жарды жалап, сол маңдағы тиірменші үйінің әйнегінен шағылысып қайтып тұр.
Қария Авдей Забота, ауқатты мұжық, қалаға жиналып жатыр. Үйінің қасында, шарбақ пен жолдың ортасында арбаға жегілген боз бие қалғып тұр, жіп-жіңішке аяқтары тәлтиіп, кірпігі жұмылып, астыңғы барқыт ерні салпайып кеткен. Авдейдың бұйра шашы да боз тартқан, ірі денелі, түсі суық; еңкіштеу қыр арқасындағы оңып кеткен шыт көйлектің астынан жауырын қақпағы ырсияды. Сабан тиеген арбаны айналып жүр, қолында балға, езуіне қыстырған бір шөкім шеге, ешкімге бұрылып қарар емес.
Мұжықтың бір басындағы қайғы жетерлік.
Соңғы күндері қойымды сатсам ба, сатпасам ба екен деп көп қиналды. Қойы кары, сатқанымен пайда шамалы, күтім керек еді. Онан да астық сатқан тиімді. Күз жайлы, түсім де жақсы, бір маяны соғып та қойған. Тек тие де қалаға тарт. Тек қара бидай мен сұлының биылғы бағасы тым арзан. Қаражат қанша асықтырғанмен астық сатуға болмайды... Апта бойы ойланып Авдей ақыры қойдан құтылғаным жөн болар деп шешті.
Бірақ осы аптада өзі де жүдеп-қажып кетті, жағы сорайып, беті қарайып шыға келді. Жанары тік, қабағы салыңқы, ешкімге шапағат салмастан кетіп барады.
Қызы кеудешесіз қысқа юпка, жүн шұлықпен қора мен үй арасында жасқаншақтап екі дүркін жолды кесіп өтті. Ол да құрбысына, қызойнаққа баруға дайындалып жүр, тек әкесінен қорқады, әке уайымының қасында мұның елпілдеп-желпілдеп кеткені ерсі екенін сезіп, енді білдірмей сып ете түсудің күйбеңінде жүр. Бауыры, қарны қампиған жас бала, басындағы үлкен ескі малақайды зорға көтеріп, қаспақ қатқан мұрнын, жалақ ернін жалап қойып өзінше қамшы тұқылын үйірген болып еді. Тыраңдап барып жол үстіне омақаса құлады. Әкесіне жағынамын деп қыз оны қас пен көздың арасында сұп-суық домбыққан қолынан жұла жөнеліп үйге тығып жіберген, Авдей айқайлап та үлкерген жоқ.
Кемпірі баспалдақ үстінде шалына аянышты көзбен қарап тұр. Тарамыстанған бір қолын қарнына басып, екінші алақанымен иегін таянып алған. Ажымды күрең бет, ақсиған тіс, жүзінде уайымнан басқа дым жоқ. Сарафаны қысқа, таяқтай сидиған аяғы ұзын, табаны мен өкшесі шырыш-шырыш, балық пен суықтан жарылып кеткен болар, құдды тауықтың башпайындай тілім-тілім. Қарны дүңкиген, бала табудың азабы мен ауыр жүктен белі бүкірейіп кеткен. Көйлегінің ашық өңірі күлді-көмеш, ар жағынан кары қаншықтың емшегіндей омырауы салақтап көрініп тұр, ортасындағы жез крест өңезден көкпеңбек.
Ұзақ өмірдің азабы оны қайғылы, Авдейды жұртқа жат қылған.
Арба кеуіп қалған, шашылуға жақын. Авдей жәшігін ақтарып, босап кеткен шабақтарын шегелеген болып жүр. Кешкілік салқын жел етегін түріп, қыр арқасын жалаңаштап, аш белге батып кеткен белдікке дейін қайта-қайта ашып тастап тұр. Шұлғауы етіктің сыртында салақтап жүр, тіпті қоныштың ішінде ештеңе жоқ сияқты, осы үйдің төбеті құйрығын бұлғаңдатып келіп жаңа ғана қарамай жаққан етіктің қонышын иіскеп еді, Авдей оны балғамен қабырғадан қақ еткізіп періп жіберді.
- Шолақ тонымды алып шық, арбаға нан байлауды ұмытпа,-деді ол кемпіріне зеки сөйлеп.
Соңғы шегесін сіңіріп жіберіп, маңдайына түскен шәпкесін кейін сырды да қидан божып тұрған қораның ашық қақпасына беттеді. Қораның жартысы көлеңке, жартысын күн сәулесі жалап тұр еді. Көлеңке жағындағы саңғырық басқан бұрышта тауықтар балапан басатын. Жабықтан кептерлер күркілдеді... Кезінде тауықтар да, кептерлер де, мынау талдан тоқып, балшық пен сиырдың жапасын араластырып шаптаған жып-жылы қорада Авдейды ылғи да қуантушы еді... Қидан баяғыда шіріп кеткен ершіксіз ескі арбаның үстінде арқанның үзігі жатқан. Соны алды да Авдей қой қамайтын дүңгіршекке барады.
- Әке, қияр салайын ба деп шешем сұрап жатыр,-деді қақпадан сығалаған қызы.
- Немене, өзі білмейтін бе еді?-деп Авдей ызалы үн қатты,- әлде мені бірінші рет жолға шығарып тұр ма екен?
Дүңгіршектің торлы есігінің ар жағынан сабанның сылдыры естілді. Ай мүйізді, қалың бұйра жүнді шағыр көз кәрі қой бір нәрседен секем алғандай, қалақтай құйрығын жбырлатып сабанды таптап жүр еді, Авдей есікті ашып бас салды да бар күшімен алып соғып, аяғын арқан үзігімен байлап тастады. Қой таң қалғандай көзі бақырайып тырп етпей жата берді. Шал тас қылып байлаған арқан тұйығына қолын тығып жіберіп, күшеніп жүріп үйілген қидың өркешін жырта арбаға қарай дірілдетіп сүйрей жөнелді. Қой байқұс көзі аларып, құйрығы дірілдеп, түрпідей тілімен иесінің қасаң боп кеткен қолын бір жалап алғаннан басқа дармен жасаған жоқ.
(Жалғасы)
Аударған: Қалихан Ысқақ
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: oboi-dlja-stola.ru