Қазақ поэзиясында «өлең ұрлау» деген тенденция пайда болғандай. Бұл сөзімізге таяуда ғана Бауыржан Қарағызұлының фейсбуктегі парақшасында жазған жазбасы түрткі болып отыр. Осыған орай, өлеңі ұрланған ақындардың мәселелеріне шам ала түсуге мәжбүрміз.
Бауыржан Қарағызұлы қалайша «ұры» атанды?
Ақын Бауыржан Қарағызұлының vk.com әлеуметтік желісіндегі парақшасына Алина Жогулова есімді қолданушы хат жазған. Алина бұл хабарламасында Бауыржанды өзінің студенті Нұрсұлтан Мұратовтың өлеңін ұрлап алды деп айыптап, өлеңді парақшасынан өшіруді сұраған. «...Мынау адамға ауыр тиеді екен. Өзіңіз ойлаңызшы, біреу сіздің балаңызды "менің балам" десе, сіз қандай көңіл-күйде боласыз?! Қош. Сол уақытта Рамазан айы болған соң,өзім ораза тұтып жүрген соң барынша сабыр сақтап бақтым...», - дейді ақын. Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазады: "Алина Жогулова мен Нұрсұлтан Мұратовқа: "Бұл қорлықтарың үшін келіп кешірім сұраңдар, ұялмайсыңдар ма, қарақтар?!" деп хат жолдап жібердім. Осы парақшама "Енді мынаған не деуге болады" деп жариялап қойдым. Көптеген адамдар пікір қалдырып жатты. Бәлкім, түсініп келіп кешірім сұрар деген үмітте болдым... Кімнің ақ, кімнің қара екенін Құдай да, адам да көріп тұр...".
Ақынның әңгімеге арқау болып отырған өлеңі «Бойдақтың мұңы» деп аталады. Өлең 2005 жылы жазылыпты. Дәл осы өлеңімен Бауыржан Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде лауреат атанғаны да белгілі жәйт. Мұнымен қатар, бұл өлең "Өң. Мен. Түс.", "Жұмбақтасқа жауған күз" атты екі кітабына да кірген. Бауыржан Қарағызұлы үшінші кітабын жарыққа шығаруға дайындық жасап жүрген кезінде бұл оқиға оған ауыр тигенін де жасырмады.
Алмас Темірбайдың «хит» өлеңдерін 50-ге жуық адам ұрлаған!
атты өлеңін түрлі әлеуметтік желілерден іздей қалсаңыз өзге біреулердің авторлығымен жарияланып жүргенін байқайсыз. Мәселен, өткен жылы ақтаулық Сәкен Мыңбаев есімді азамат аталған өлеңді сәл өзгертіп, өз атымен жариялаған. Ақын оны өлеңге қызыққан жас емес, болашақ шенеунік (өзінің айтуы бойынша) екеніне күйінеді. «Сәкен Мыңбаев Ақтаудағы облыстық "Нұр Отан" партиясының "Жас отан" жастар қанатында жетекші болған, қазір "Жасыл ел" бағдарламасының жетекшісі. Ертеңгі елдің тағдырын шешетін жігіт осылай істеп отырса, қарапайым жұртқа не жорық?!» дейді Алмас Темірбай.
Ақын әрі заңгер Айжан Тәбаракқызы да әлеуметтік желідегі парақшасында Алмас Темірбайдың өлеңін ұрлаған Мирас Күлбаев есімді қолданушыны әшкерелеп берді. Оның өлеңнің шын авторынан кешірім сұрап, жазбасын түзетсін деген талабына бүгінге дейін Мирас Күлбаев жауап бермепті.
Асылзат Арыстанбек те өлеңіне жиендік жасаушыларды аяйды
Асылзаттың көбіне ұрланатындары тұтастай өлең емес, бірнеше шумақтар, ой, идеялар екен. Ал сазгер Бауыржан Есебаев оның "8 701.." деген өлеңін әлі де өз атымен шығарып жүргенін, ал "Сүюді бақыт дейтіннің бәрі" деген өлеңін ғаламторда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың авторлығымен таралып кеткенін, қазірде Ұлттық Арнада да солай оқылып жүргенін айтады Асылзат.
Табиғат өз өлеңінің ұрланғанына қуанады екен
Ал ақын Табиғат Абаилдаев өз өлеңін бір оқушының ұрлап, өз атынан газетке жариялап жібергенін, бірақ оған еш қарсылық білдірмейтінін айтты. «Өлеңімді ұнатып, мен де солай жазсам, шіркін деп армандаған шығар. Онымен айтысып, жүретін мен жоқ» дейді Табиғат.
Өлең ұрлағанның жазасы қандай?
Заңгер әрі ақын Айжан Тәбаракқызы «Заң бойынша, біреу біреудің сөзін пайдаланып жатса, автордың аты-жөнін атауға, сілтеме жасауға және ешбір сөзін өзгертпеуге міндетті. "Қазақстан Республикасының "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Заңының 49 бабының 6 тармағында көрсетілгендей, егер біреу-міреу автордың құқығын бұзып,рұқсатсыз еңбегін осылай пайдалынып кетіп жатса, "Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген, ең төмен жалақының жиырмадан елу мыңға дейiнгi мөлшерi сомасында өтем төлеу арқылы жүзеге асырылады. Зиянның орнын толтырудың немесе табысты өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi". Бұл айыппұлдың мөлшері - қазіргі бағаға шағып, санасақ, 399 мың теңгеден бастап 998 миллион 300 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін», - дейді.
Сөз соңы
Мақала ұрлау әдеткі жағдайға айналса да, өлең ұрлағанды бірінші рет көріп отырмыз. «Адам болған соң, ойланатын болған соң және бiр ортада, бiр мәдени-тарихи жағдайларда ғұмыр кешетiн болған соң бiреуге келген ой, идея екiншi бiреуге де келуi мүмкiн. Тiптi, әрi-берiден соң әлем әдебиетi, мәдениетi, сюжеттер, идеялар бүкiл адамзатқа ортақ, әрi бiрiнен-бiрiне көшiп жүретiнi де белгiлi» деген екен сыншы Әлия Бөпежанова. Бірақ бұл сөз екі ақынның өлең ұқсастықтары мәселесіне бағытталған сөз. Ал бүгін өлеңді ұрлау заманы туып тұр. Мынадай электронды дәуірде поэзияны кімнің тудырып отырғанын білу қаншалықты оңай болса, оны жоғалтып алу да соншалықты оңай. Себебі әлеуметтік желіде авторы қате жарияланған өлең бір-ақ мезетте халыққа жаппай таралып кетеді. Ал бұл жағдайда ақындарға істі заң жүзінде ғана шешуге тура келеді.
Ардақ Құлтай
Сурет: скриншот