Интернет, кітап және әдебиет жайлы пікірлер легі аяқталар емес. Бүгінгі қонағымыз – халықаралық және республикалық жыр байқауларының жеңімпазы, «Төлеген Айбергенов» және «Әйтеке би» атындағы сыйлықтардың иегері, «Қанымдағы қасқыр иісі» атты жыр жинағының авторы Ұларбек Дәлей.
Ұларбек Дәлей
Қ.Қ: Интернет – кейбір қаламгерлеріміздің, тіпті, көпшілік қаламгерлеріміздің уайымына айналған секілді. Кей ағаларымыздың аузынан «Интернет әдеби ортаны жаулап алды. Онда отырған жастар әдебиетті ұмытты, арзандап барады» дейді. Осыған келісесіз бе? Қандай уәж айтар едіңіз?
Ұ.Д: Интернеттің әдеби ортаны жаулап алғаны ақиқат. Ал «Онда отырған жастар әдебиетті ұмытты, арзандап барады» дегенге толықтай келіспеймін. Бұл уақытша үрдіс, заман ауысып, ел жаңарған сайын әркім өз орнын белгілей алатын кезге де жетеміз. Қазір қайта ғаламтор арқылы жер-жердегі жас авторлардың не жазып, қандай бағытта кетіп бара жатқанын айқын біліп отыруға болады. Алдыңғы ақсақал буынның компьютерді меңгере алмай, оқырмандарын жоғалтып жатқанына қазіргі жастар жауапты емес.
Қ.Қ: Повесть, роман секілді құлашты дүниелердің оқылмай қалып жүргені шындық. Мұндай ұзын-сонар жанрға газет-журналдың ыңғайы келе бермейді. Интернеттің «беделі» өскен сайын, кітапқа мойын бұрар уақыт болмай бара жатқаны тағы белгілі. Ал интернетте болғанымен, оқылымы аз. Бұған интернет кінәлі емес пе?
Ұ.Д: Повесть, роман секілді құлашты дүниелердің оқылмай қалып жүргеніне интернеттің еш кінәсі жоқ. Оқырмандардың тым сиреп кетуі – бүкіл қоғамдық дерт. Ала таңнан қара кешке дейін көше автобусында билет сатып немесе базарда шекілдеуік саудалап, тіпті, құрылыс алаңдарында қан-терін ағызып жұмыс істеп, отбасын зорға асырап жүрген қарапайым халыққа барып «Неге кітап оқымайсыз?» деп ренжудің өзі күлкілі.
Қ.Қ: «Кітап – маған тақтан да қымбат» дейді Шекспир. Ал қазір «Интернет түбінде кітаптың орнын басады. Алдағы уақытта кітапты ешкім де оқымайтын болады» деп жатады. Демек, оны келесі ғасырдың ұрпақтары мұражайдан ғана көретін болғаны ма? Осымен келісесіз бе? Кітап оқисыз ба? Кітап оқуға күн сайын қанша уақытыңызды бөлесіз? Интернетте де кітап оқи аласыз. Бірақ сіз үшін маңыздысы қайсы?
Ұ.Д: «Кітап оқылмайды» деген сөз сонау гректер заманында да айтыла бастаған. Одан бері қаншама ғасыр өтті? Әлі оқылып келеді. Адамзаттың ойлау жүйесі аман тұрса, міндетті түре оқыла береді. Тек, қазіргідей қағаз кітап емес, жадына мыңдаған кітапты сыйғызып алатын ұялы телефон тектес тағы бір техника орнын басуы мүмкін. Өз басым қазақ және әлем классиктерін таңдап оқимын. Күн сайын уақыт бөле алмаймын. Сенбі, жексенбі күндері демалысты пайдаланып, өзім қалаған кітаптарды толық тауысып оқып шығамын. Ал интернетте шағын хабарларды, қысқа өлеңдерді ғана оқимын. Көлемі үлкейген сайын миым қабылдамай қояды. Өзіме әсер еткен тамаша дүниелерді қағазға шығарып алып, үйге ала кетіп, кеште оқимын. Мен үшін кітаптың маңызы әрқашан бірінші орында.
Ұ.Д: «Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала алмайсың. Оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің» дейді Ғабит Мүсірепов. Ал интернет бетіндегі қаптаған дүниелердің асылы қайсы, жасығы қайсы білмей қаласың. Газет-журнал немесе кітап секілді талғаммен шығарып отырар редактор жоқ. Әдебиетті енді біле бастаған оқырман «Ардың ісі» осы екен деп қабылдамай ма? Мұның көркем әдебиетке тигізер кесірі жоқ па? Әдебиеттегі көркемдік ұмытылып кетеді деп ойламайсыз ба?
Ұ.Д: Жоғарыда айттым, кез келген шығарманы кітаптан оқығанға жетпейді. Интернет жылт етпе жеңіл дүниелердің отаны. Бізден «жұлдыз» болуға асыққан жастар жағы ғаламтордағы әдеби ортаны ойранға айналдырып жіберетін сәттер де көп. Дегенмен оның бәрі уақытша нәрсе. Ғаламторлық сауаты күшейген жастар өзіне керегін ғана оқитын кез бізге де келіп қалған сияқты. Әйтпесе, бұл «темір жашіктің» көркем әдебиетке тигізер кесірі де орасан болып жатқаны жасырын емес. Соған қарай адамдар санасы да тым арзан, жеңіл дүниелерге бейім болып кеткен.
Қ.Қ: Интернет желісін пайдаланбау қазіргі көптеген жаңалықтан құралақан қалдырары даусыз. Бірақ кітап оқымаудың бізге келер-кетері бар ма? Неге апарып соғуы мүмкін?
Ұ.Д: Кітап оқымаудың бізге келер-кетері – бір-ақ нәрсе. Ол рухани құлдырау. Рухы құлдырған, жұтаңдаған адамның жүрегінен барлық жамандық көктеп шығады. Олардың қатары көбейе келе азғындаған, қарғысқа ұшыраған қоғамды қалыптастырады. Бұның соңы – біз өлердей қорқатын Заманақыр! Адамдар қазанға қамалған улы жыландарша бір-бірін жұтып бітіреді.
Қ.Қ: Арнайы әдеби сайттардан тыс, өлеңдеріңізді көбінде интернет желісінде (Facebook, VK, агент) бөлісіп отырасыз. Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды? Қазіргі жастар өз өлеңдерін арнайы әдеби сайттардан тыс интернет желісінде(Facebook, VK, агент) бөлісіп отырады. Осымен келісесіз бе? Мұның маңызы қаншалық?
Ұ.Д: Соңғы кездері Facebook желісіне өлеңдерімді аздап салып жүрмін. Ондағы достарымның көбі сауатты, білімді адамдар. Оқып өз бағаларын беріп жатады. Алайда, оның мен үшін маңызы шамалы ғана. Өйткені, олар әр өлеңімді менің тарапымнан жылт еткен бір жаңалық ретінде қарайды. Мысалы, онда отырған адамдар бір хабарды, болмаса өзге де бір материалды қарап отырады да, жанарын бұрып менің өлеңімді бір шолып оқып шығады. Бірнеше ойға бөлшектеніп жұмыс істеп жатқан миы 10 минут өтпей оқыған өлеңді сыртқа шығарып тастайды да, жарты сағаттан соң не оқығанын да ұмытып кетеді. Міне, ғаламторлық қасірет дегеніміз осы. Адамдардың тек қана ақша табуына, жеңіл күлкі сыйлайтын бір сәттік тыныштығы жолында қызмет етіп жатқан интернет құшағы өзіне ауыр ойларды, адамзатқа үлгі болар даналық көзқарастарды сыйдыра алғанымен, оны керегіне жарататын адамдар санының тым аздығы өкіншіті.
Қ.Қ: Шығармаларыңыздың қолжазбасы компьютер ме, әлде дәстүрлі қағаз-қалам пайдаланасыз ба? Қандай артықшылығы бар?
Ұ.Д: Төрт жылдан бері қағаз-қалам ұстауды мүлде ұмыттым деуге болады. Кез келген шығарманы ойымда дайындап алған соң, бірден компьютерге отырып жаза саламын. Бұрын үйде түн ортасы ауа жарықты сөндіріп тастап, май шам жарығымен оқушы дәптеріне қарындашпен жазғанды сондай ұнататынмын. Қазір оның бәрі қалды. Бұл – кітапқа жаны жақын деген біздің де «техникаласып, машиналасып» бара жатқанымыздың бір көрінісі. Дегенмен, мұндай әлемдік дауылға сіз бен біз қарсы тұра алмаймыз. Тек, ұлтқа, мәдениетке оңтайлы жолдарын таба отырып, ғаламторды өз керегімізге жаратуымызға әбден болады деп сенемін.
Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбек
Сурет: Жеке мұрағаттан