Хайуанаттар әңгімесі

Хайуанаттар әңгімесі

Хайуанаттар жайлы ертегі де айтамыз, мысқылдап мысалға да қосамыз. Олар отбасында біз жайлы не ойлайды екен?

Күшік: Шеше, біз не үшін иемізге сонша адал боламыз?

Шешесі: Өз иесіне адал болмаса, ит ит бола ма?! Адам боп кеткен жоқпыз ғой.

***

Қозы: Шеше, адамзат қандай мейірімді еді, үнемі бізге ішер ас, жем-шөп әзірлейді.

Шешесі: Кейбір істерді есейгенде түсінесің. Тағдыр деген сол.

***

Кішкентай құмырсқа: Біз не үшін күні кешке дейін арып-таласып, шаршаумен өтеміз?

Шешесі: Біз қазір феодальдық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Демократия, еркіндік бізге әлі жете қойған жоқ.

***

Жаутаң (түлкі баласы): Шеше, сен жүзім жеп көрмесең де, оның дәмін неге қышқыл дейсің? Адамдар ертегіде солай айтып жүр.

Шешесі: Олар бізді айтып балаларын алдайды. Ал біз оларды айтып, сендерді қорқытамыз. Адамзаттың ертегісіне ешқашан сенбе.

***

Кішкентай шыбын: Адамзат бізді жек көрсе де, біз неліктен олармен бірге өмір сүреміз?

Шешесі: Біз шыбын әулеті – қай жер арам болса, сол жерде жасаймыз. Сондықтан да адамдармен бірге өмір сүріп келеміз.

***

Кірпі баласы: Біз өте сиықсызбыз. Тіпті өз терімізді өзіміз көре алмаймыз. Неге осы бізге тікенек өседі екен?

Шешесі: "Әсіре қызыл тез оңар" деген. Жолбарыс болсаң, тұқымың құрып кетер еді. Біздің терімізді адамдар көрмегені абзал.

***

Кішкентай тасбақа: Біз күні кешке дейін босқа жүреміз. Қарнымыз да тоймайды. Мен тасбақа әулетінің жалқаулығынан намыстанамын.

Шешесі: Жалқау болсақ та, қанағатшылмыз. Дүниенің түбін қумаймыз. Сондықтан да мың жыл жасаймыз. Қай тасбақа мың жасаған адамзатты көріпті?! Көп нәрседен игіліктенген сайын, өмірің қысқарады. Әркімнің өз несібесі бар, балам.

***

Кішкентай маса: Біз адамдардың қанын сорып, жан бағамыз. Адамзаттың да бізге өшіккеніне қаншама ғасыр өтіпті. Атақ та, абырой да қалмады. Тәбетімізді ауыстырсақ қайтеді?

Шешесі: Адамзат қаншама хайуанаттың, тіпті бір-бірінің қанын шелектеп ішкенімен, әлі күнге тәбетін ауыстырған жоқ қой. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: beseda.ostatok.net

Қ. Қауымбек