- Негізгі бет
- Көкжиек
- Харуки Муракамидің барлық...
Харуки Муракамидің барлық романдары бірінші жақта жазылған...
Харуки Мураками есімі әлем оқырмандарына жақсы таныс. Бүгін – жазушының туған күні. Бірнеше жыл қатарынан Нобель сыйлығына үміткер болып үлгерді. Оның еңбектері әлемнің 40-тан астам тілдеріне аударылды. Қазақ оқырмандары арасында жапон жазушысының "Норвегияның орманы", "Құс фабрикасының жазбалары", "Саяжайдағы Кафка" секілді туындылары белгілі. Жазушы туралы аз-кем деректер топтамасына кезек берейік.
1. Муракамидің романдарының барлығы дерлік бірінші жақта жазылған. Бұл туралы өзі бір сұхбатында: "Үшінші жақпен жазып көрмек болдым, бірақ еш нәтиже шықпады. Үшінші жақпен жазған кезде өзімді Құдай сияқты сезіндім. Менің Құдай болғым келмейді. Әлемдегі барлық нәрсені толық біле алмаймын, әлемдегі барлық заттар туралы жаза да алмаймын. Мен – жай ғана менмін. «Мен» қалай жазса, мен де солай жазғым келеді", – дейді.
2. Оның "Өмірі құпияға толы Цукуру Тадзаки және оның саяхаттары" атты кітабының таралымы миллион данадан асып, Жапонияда 2013 жылдың ең үздік бестселлері атанған.
3. Ол жазудағы басты ұстанымын әл-Құдыс (Иерусалим) әдебиет сыйлығын алған кезде сөйлеген сөзінде айтып өтті. Ол қысқаша былай:
«Мылқау дуалға соғылған нәзік жұмыртқа мен дуал арасында мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын». Иә, мейлі қабырға дуалдың қылшықтай қателігі болмасын, жұмыртқанікі қаншалық жолсыз болсын, мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын. Басқалар ақ пен қараны айырамыз деп дал болар, бәлкім таразы уақыт пен тарих өз тезіне сала жатар, бірақ әлдебір жазушы қабырға дуалдың қалқасына өтіп, оның сойылын соқса, шығармасында не құн болмақ?.. Бұл мысалмен нені айтпақшы болып отырғанымызды түсінген боларсыздар?..
Бомбалаушы ұшақ, танкі, зымырандар – бұлар әне сол биік дуалдың символы. Ал, жұмыртқа ше? Ол қолында көк темірдің сынығы жоқ, сол құралдардан қырғын көрген қара халық. Бұл мысалымыздың алғашқы айтар мәні, ал әрі жағына үңілсек, біз барлығымыз нәзік жұмыртқамыз, қағаздай қабыршыққа бөленген уыз рухтың иесіміз. Сосын өмір сапарымызда биік қорғанмен бетпе-бет келетін кездеріміз бар. Ал ол қорған – құрылым. Менің шығарма жазардағы табан тірер тиянағым ол әр тіршілікке деген өскелең құрметім, және барша тірлікті тіршіліктің шүлен шұғыласына шомылдыру. Туындыларымның айтары да сол рухты тонатпай, жұртты құрылымның құрсауынан құтылдыру. Мен білгенде жазушының діттегені пенделік ғұмырдағы өлім мен өмір, махаббат, толықсыған сезім, үрей, ерен күлкіні әңгімелеп, жан иесінің сыршыл жүрегін қытықтап, ғажап өмірдің ең аяулы екенін сезіндіру.
4. Харуки Мураками таңғы төртте тұрып, дамылсыз алты сағат бойына жазады. Жазып болған соң жүгіріп, жүзіп, кітап оқып және ән тыңдап, кешкі тоғызда ұйқыға жататын Харуки күнде қайталанатын осы тәртіп шығармашылық үшін пайдалы трансқа берілуге көмектеседі деп есептейді.
5. Жазушының жазушы ретінде қалыптасуына бүгінде ұмытылған, анасының қайтыс болғанын естіп, өз-өзіне қол жұмсаған америкалық жазушы Дерек Хартфильдтің (1909-1938) ықпалы болған.
Ж. Жұмағұлов