Осы жағалаудың бойында бір сиқыр бар. Бір тылсым, бір іңкəрлік бар… Қайсыбіріміздің бейуақта жанымыз байбалам салып, қай-қайдағымыз қоздағанда əуелі іздейтініміз осы жағалау. Қандай күші бар екен? Қоңыраулы жастық дəурен əлдилеп қол ұстасқан қос ғашық, жеке-жаяу ілбіген тəлейлі тоғышарлар, анау бұрышында аяғын суға малып қаперсіз отырған бойжеткен, мына бұрышында төгіліп-төгіліп жыр оқыған жас ақын… Бұл жағалау – тағдырлы жағалау. Қай мұңыңды да бөлісе алатын адал дос, сырыңды ашпайтын, сатпайтын дос. Бұл жағалаудың аспаны да қызық. Талайдың қуаныш-мұңына ортақ болған жағалауды шайып алғысы келе ме екен, таусылып-таусылып жауатыны бар. Бір тазарып алуды біз табиғаттан үйрендік əуелде. Осы айтқан сөздеріме титімдей шүбəңіз болса, ҚазҰУ-дың кез келген студентінен сұраңыз. Айтсын адал достарының даңқын. Жағалаудың осыншалық сыршыл, сезімтал болатын себебі сол – бұл ақынның жағалауы, Хамит Ерғалиевтің жағалауы…
Хамаң өтті дегенше –
Заман өтті десеңші,
Ақылдан күш –
Ақыннан шама кетті десеңші…
Жағалау бойына əредік-əредік соққан сайын осы жолдар санаңда жаңғырады, көкірегіңді кернейді. Бұл 1997 жылы Хамит ақын дүниеден озғанда Əбдіраштың Жарасқаны жазған жыр еді. Содан бері де талай жыл. Биыл Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ерғалиевтің 100 жылдық торқалы тойы. 1996 жылы 80 жылдық мерейтойында Елбасы арнайы келіп құттықтап, Хамаңның шығармашылық мұрасының өлмейтініне тоқталған болатын. Сол жиында сөз сөйлеген Зейнолла Қабдоловтың баяндамасында Хамиттың шығармашылығының анықтамасы нақ берілген:
– Жасыратыны жоқ, бүгінде əдеби ортада бір оқыс көзқарас орын теуіп барады. Оның мəнісі Кеңес кезінде жасалған əдебиетке үзілді-кесілді жатырқай қарау, тіпті, сол кездің шындығын суреттеген шығармаларды əдебиет тарихынан біржола сызып тастау тенденциясы. Бұл онша сауатты пікір емес. Сөз өнерінің табиғатын танитын, көркем творчествоның психологиясын білетін сарапшылар мұндай ұшқарылыққа бара бермегені жөн.Жетпіс жылдан астам жарты дүниені қамырдай илеп, қалшылдата билеген қызыл империя дəуіріндегі адамдардың да тұрмыс-тіршілігі, өмірі мен өлімі, мінезі мен мүсіні болғанын, солардың ой-арманы мен сыр-сезімін, іс-əрекеті мен қимыл-қарекетін, жеңісі мен жеңілісін, алған асулары мен адасуларын сырлы шежіреге айналдырған қасиетті қазақ əдебиетінің бел ортасында Ерғалиев шығармашылығы да ұзақ жасайтын ұлағатты мұра, хан-қазына.
Өйткені, Хамит Ерғалиев – өз дəуірінің ұлы, өз ғасырының үні.
Поэзияда жас болмайды. Дəуір болады. Əр дəуірдің өз қасіреті, өз сезім-түйсігі, өз ойы ғана болады. Демек, ескі жыр, жаңа жыр деген ұғым жоқ. Заманы өткен ақын деген ше? Кезең ауысқан сайын оқылмай қала беретін қаламгерлер болатынын біз жасыра алмаймыз. Асылы, ақынның поэтикасындағы осалдық емес бұл, тек замананы кернеген ойлардың алмасуы.
Шашылып жатқан тұз, етік
Адмирал атқан əйелді
Қарғалар отыр күзетіп…
Хамит ақынның осы картинасы сізді тебірентпей ме? Соғыстан кейінгі қайғы-қасіреттің шаң-тозаңына дейін көз алдыңда көлбетеді. Дəуір алмасып, сонымен бірге ой алмасқанымен, туған жұртыңның өткерген қай қасіреті бой шымырлатпасын. Шымырлатады. Біз осы картинадан өз заманымыздың шындығын таба алмаймыз ба? Табамыз. «Адмиралдың» орнына басқа сөз жымдастырыңыз да қайта оқыңыз. Еріксіз толқисыз. Яғни, поэзияда сезім де, ой да ескірмейді. Хамит Ерғалиевтің 100 жылдық мерейтойын əуелі Алматы бастап, туған топырағы Атырау өңірі жалғастырды. Атыраудағы торқалы тойға «Ақ желкен» журналы атынан біз де қатыстық. Үш күнге созылған жиынның бар ізгілігі мен мерейін бірге бөлістік. Ақынның артында қалған ұрпақтарымен, қаламдас іні-бауырларымен, шəкірттерімен сұхбаттас болдық. Ақынның ғұмырына қатысты талай-талай əңгімелерді, аяулы сырларды көкейімізге тұттық…
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, Халықаралық «Алаш», халықаралық «Мақтымқұлы» сыйлықтарының лауреаты:
– Хамит Ерғалиев – қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік, өр үнді өзгеше ақын. Оның өзгешелігі сол, ол өлеңге аса қуатты екпін берді, ұйқас дегеннің, мазмұн дегеннің, ырғақтың, жалпы, өлеңнің орындалуының қалай болу керектігін танытқан аса талантты адам болды. Бұрын ұйқасты əр жерінен бір басып өте беретін ақындар Хамаң шығармаларына қарап бой түзеді.
Хамаң сонау 1959 жылдардан бастап қызмет істемеген адам. Өзін еркіндікте ұстап, тек қана шынайы шығармашылықпен айналысты. Жылына 1-2 кітап шығарып тұрды. Бұл дегеніңіз қолына қалам алып, күндіз-түні үстел үстінде отыру ғой. Осы өлеңмен отбасын асырады, балаларын оқытты, қонағын күтті. Бұл да ақын еңбеккерлігін танытатын бір қасиет дер едім.Кешегі екінші дүниежүзілік соғысқа атты əскер қатарында қатысты, төрт қабырғасынан айырылды. Қазір бұл кісі қызмет еткен атты əскер дивизиясы сол соғыста түгелімен жоқ болып кетті дегенді оқып жүрміз. Содан аман қалған некен-саяқтардың бірі еді Хамаң. Хамаң орыстың Пушкин, Маяковский, Анна Ахматоваларын былай қойғанда, шетелдік Шекспир бастаған ғұлама ақындарын қазақша сайратты. Əсіресе, сонет жанрын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз еді. Хамаң туралы айтар сөз көп.
Хамаңның əкесі Ерғали бай болған адам. Кəмпеске кезінде əкесіналып кетуге келгендерге жап-жас бала атыла ұмтылып, жасауылдардың жағасына жармаса кетті дейді.
– Əкемді бермеймін, оның жазығы жоқ! – депті айқайлап. Əлгілер бұл тосын оқиғадан қатты шошып, баладан əрең құтылыпты. Сонда Хамаң бар болғаны 12-13-тегі бала екен. Сол батырлық Хамаңның бүкіл өлеңдерінде тұнып тұрды.
Сұрағыңыздың басында «Хамаң қалыптастырған мектеп» деп қалдыңыз. Қазақ поэзиясында Ілияс Жансүгіровтен кейін күй, күйші, домбыра туралы жетістіре жазған осы Хамаң. Ол тұста І.Жансүгіровтің аты аталмайтын. Осыдан кейін Жұмекен, Қадыр бастаған ақындар өнер, өлең, дом-быра туралы шығармаларды шыңына жеткізді. Хамаң мектебі деп осыны айтса болады. Хамаңның қазақ өлеңіндегі жаңашылдығы да – үлкен мектеп. Тек соның қасиетін биікке көтеріп, адуын, асау жырдың арынын бəсеңдетіп алмасақ болғаны.
Кейінгі ұрпақ Хамит Ерғалиевті өлеңдерін оқу арқылы тек кітаптан ғана танимыз. Ал өмірде, отбасы- ошақ қасында қандай адам еді?
Кісілік келбеті қандай болған? Балалық шағы, бозбала дəурені, соғыс жылдарындағы ғұмыры, кейінгі тіршілігі қалай жалғасын тапты десек мүдіреміз. Қазақта «білгеннен сұра» дейтін нақыл бар. Сол нақылға иек арта отырып артында қалған ұрпақтарын да əңгімеге тартып көріп едік…
Мұрат ЕРҒАЛИЕВ, ақынның ұлы:
Өлеңдерінің қаламақысымен-ақ бізді жеткізді…
– Əкем Хамит – эпик ақын.Мұны əдебиетшілер де, қалыңоқырман да айтады. Өз заманындағы ақындар түрлі тақырыптарды əр қырынан қаузады. Дегенмен, эпикалық шығармаларға Хамит ақын секілді бара алған жоқ. Ілияс Жансүгіровтен басталған үлкен дəстүрді, яғни эпикалық поэзияны жеріне жеткізіп жалғастырушы бірегей шайыр десек артық емес. Əкем дəп жырларындағыдай шыншыл адам болды. Адамдар арасындағы нəзік детальдарға мəн беріп жүретін. Бір сəттік өте шығатын сезімдерді жазбады, жазса тек ғұмыр бойына тербеген аяулы сезімдерді жазды. Балаларға арнап жазған кітаптарында да жалаң, жадағайлықтан қашты. Балаларға арнаған жырларын мейлінше ұғынықты əрі терең еткісі келді.
Себебі, ұрпақ алдындағы парызын ұқты. Ешкімді алдағысы келмеді. Өмірдің қадірін ұқтырғысы келді. Өйткені соғысты көрген адам. Адамның, елдің амандығының қасиетін түйсінген кісілер ғой. Бізді асты-үстімізге түсіп мəпелеп өсірген жоқ. Бірақ аш қалдырмады, ешкімнен кем қылмады. Əкемнің кіндігінен үш ұл, екі қыз бар. Бір інім қайтыс боп кетті. Ленинградта сүңгуір қайықта алты жыл жұмыс істеп еді. Содан радиацияға ұшырап, ерте дүние салды. Екі қыз – бір апам, бір қарындасым бар. Əкем газет-журналдарда істемей, толықтай шығармашылықпен айналысты. Соның арқасында өлеңдерінің қаламақысымен-ақ бізді жеткізді. «Менен шенеунік шықпайды. Бəрібір байдың баласы деп өсірмейсіңдер» дейтін. Мінезінен бе екен, еркін жүргісі келді. Ғұмыр бойы жинады ғой, əкемнің кітапханасы бай еді. Талдап оқитын. Ол кітаптар қазір Астанада. Баламыз үйленгенде əкемнің өзі тұрған үйді сатуға мəжбүр болдық. Сол үйді мұражай еткіміз келіп еді, оған рұқсат ала алмадық.
Шежіреден əңгіме сұрасаңыз, Хамиттің əкесі Ерғали, Ерғалидың əкесі Жармұхамбет, Жармұхамбеттің əкесі Қойыс деген кісілер екен. Қойыс төңірегіне беделді адам болыпты дейді. Біздің жақта «ойды орыс биледі, қырды Қойыс биледі» деген сөз бар. Ол кез Жəңгір ханның, Махамбеттің тұсы. «Қойыстың қоңыр əні» деген əн қалған артында. Əкем сол əнді домбырада орындап отырушы еді. Өзі тамаша əнші болған кісі. Ақындар «Хамаңды шақырып опера тыңдайық» деп отырады екен. Халық əндерін, отызыншы жылдары банды аталып ұсталып кеткендердің тыйым салынған əндерін көп шырқайтын. Аманғали банды, Ерғали Есжановтардың əндері бар болатын репертуарында.
Күйді ұзақ шертетін. Əсіресе, Құрманғазының «Серперін». Сол жолдықуса баяғыда халық əртісі болар еді. Жас демей, кəрі демей күйшілерді үйге алып келіп қонақ қылу əдеті еді. Əзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедьяров, Шəміл Əбілтаев сынды жаңа шығып келе жатқан жастарды үйге əкеліп, таң атқанша күй шерткізетін. Шəмілді Сəбит Мұқановқа өзі алып барып таныстырып, үш айдың ішінде үй алып берген. Сонда Шəміл əлі студент. Студентке үй алып беру деген үлкен кісілік емес пе?!
Алтын МҰХАМЕДИЯРОВА, келіні:
«Өтірікші бола алмаймын» деген
– Жетпісінші жылдардың аяғында біз Қарағандыдан Алматыға көшіп келгенде баламыз Айдар əлі бүлдіршін болатын. Келген соң Айдарды орыс балабақшасына бердік. Бір-екі аптаның ішінде қазақша сөйлейтін бала орысша сайрап кетті. Сонда атамыз: «Мыналар менің мұсылман баламды орыс қылатын болды», – деп Алматыдағы жалғыз қазақ балабақшасына алып кетті. Оған орналастыру қиямет-қайым. Соған қарамай, жанын салып кірісіп, немересін қазақ балабақшасына орналастырды. Айдар бала ғой, «Атам мені екі тілде сөйлейді дейді. Менің тілім біреу-ақ қой», – деп жүретін. Сол Айдар бірінші сыныпта оқып жүрген кезі, қалтасында ақша жүргенін байқап қалдық. «Саған мұндай ақшаны ешқайсымыз берген жоқпыз. Қайдан алдың?» – деп ұрыстық. Сөйтсек бұл сыныбындағы балаларға əр нəрсенің суретін салып береді екен.
Бір күні жалығып кетіп, сурет салмай қойыпты. Содан балалар буфетке кіретін ақшаларын бұған беріп сурет салғызып жүрген екен. Осы оқиғаны атасына айтып едік: «Сендер оған ұрсып қойыңдар. Бірақ менен кейін гонорар тапқан осы бала», – деп бəрімізді күлдіргені бар. Өзі бала мінез, неге болса да сеніп қалатын. Үкімет берген алғашқы үйінде жиырма бес жыл тұрды. Қазір ескерткіш тақта ілулі. Үй жанындағы троллейбустың ары-бері өткендегі дыбысы мен қаланың шуы жазуына кедергі жасап: «Осы үйімді өткізейін. Есесіне, қаланың тыныштау жерінен үй берсеңіз», – деп Қонаевқа хат жазған. Сол екі ортада біз Қарағандыдан көшіп келдік, сол үйге тіркеуге тұрдық. Атамыз: «Қонаевқа бұл үйді қайтарам деп айтып қойғанмын. Өтірікші бола алмаймын», – деп бой бермеді де, тағы көштік амалсыз. Барсақ құрылысы нашар деп бəрі ол жерден көшіп жатыр екен. Сөйтіп орталықтағы төрт бөлмелі үйді өткізіп тапқан құжырамыз сол болған. Қазір ойласам, обал мен сауапты, кісілік пен кішілікті, төзім мен жігерді сол абыз атамыздан үйренген екенбіз.
Хамаңның екі ерлігі
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ:
– Көп адам көңіліне сақтай бермейтін тарихи оқиғалар бар. Айталық, Астрахан жағында ел аралап, өнер көрсетіп жүрген, қартайған, қажыған Динаны Алматыға алып келген адамның белгілі композитор Смағұл Көшекбаев екенін біраз жұрт біледі. Алайда, осы Смағұл ағаның туған інісі Нəумет Көшекбаевтың Махамбеттің күйлерін тауып, насихаттап, ғылыми айналысқа енгізгенін көп адам білмейді. Ағайынды Көшекбаевтар қазақ өнеріне осындай ұлы еңбек сіңірді. Ал, Құрманғазының мəйітін кім тапты? Хамаңның өзі бір естелігінде: «Ол зиратты мен 1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын жаяу аралап жүріп əрең тапқам. Сол сапарда əйелінің, шешесінің аттарын анықтап, бұрын белгісіз бірсыпыра күйлерін біліп қайтқам. 1954 жылы Құрекең басына Ахметті ертіп апарғам.
Күмбез мəселесін сол жолы қозғап, Гурьев Облаткомына қаржы бөлгізгенбіз. Күмбез көтерілетін жылы Алматыдағы Артиллерия көшесі күйші атына көшірілді. Бұл да өзінше оңғарылған ара-қатынастың куəсіндей еді. Есімі ұлттық мақтанышымыздың бірі болған суретші-мүсінші марқұм Молдахмет Кенбаев Құрманғазы ескерткішіне жарияланған бəйгеде бірінші жүлдені баяғы бір жылдары алудай-ақ алып еді-ау!.. Автор он ойланып, тоқсан толғанып, Алматының тау беткейіндегі қай жеріне орнықтырарын табудай-ақ тауып еді-ау!.. Ахмет Жұбанов пен автор үшеуміз ол ескерткішті қиялымызда қызықтап, оған құшақ-құшақ гүл шоқтарын да қойғанбыз. Өз басым осы болашақ іс əлі-ақ шындыққа айналар деген сеніммен Молдахметті жетелеп талай жерге кіргенімді енді айтуға да ұяламын», – дейді.
Бірақ көзі тірісінде өзінің осы бір перзенттік парызын адалдықпен атқарғаны үшін ағайыннан алғыс та естімей кеткені өкінішті. Осы сапарлардан атақты «Құрманғазы» роман-дастаны дүниеге келді. Хамаң осы шығармасында өлең ырғақтарын күй сарынымен жазып, қазақ өнеріне жаңа бояу, жайсаң жүз алып келді. Мұндай өлеңмен жазылған роман-дастан Хамаңнан кейіндүниеге келген жоқ.
Мұрат ЕРҒАЛИЕВ, ақынның ұлы:
– Іссапармен тыңға кеткен ғой. Қасында Қайнекей Жармағамбетов бар. Бірнеше облысты аралаған сол сапарында жəй жүрмей, Көкшетауға арнайы соғып, Ақан серінің моласын тапқан. Алғашында Ақан серінің моласына белгі ағаштан қойылған екен. Ол жақта ағаш көп болғандықтан, қабірдің басына белгіні ағаштан қою дəстүрі болған. Кейіннен өрт түсіп, молалар өртеніп кетіпті. Бірен-саран білетін шалдар ғана ешкімді жуытпай қорғаштап жүргенмен, олар қайтқасын тапталатыны анық. Сол шалдар Хамитке: «Осында Ахаңның зираты жатыр. Сен басшылардың біреуіне айтып қорғамасаң, обал болғалы тұр», – деп тапсырыпты. Бос жерлерді жырта беретін кесапаттардың науқаны емес пе, шалдар тракторлардың алдына тұрып алып, техниканы өткізбей қорғайды екен сонда. Əкеміз Көкшетаудың бірінші хатшысы Клишовқа барып, ақша бөлгізіп, Ақан серінің мазарын қоршатып, белгі қойдырып сақтап қалған екен.
Үсен ТОРТАЙ,
«Ақ желкен» журналы