Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4

Б.Кравченко(Ресей)

Кешқұрым тарта жолым түсіп досымның үйіне бардым. Екеуміз әңгіменің қызығында отырғанда, есік ашылып кетті де, оның кіші ұлы есіктен жылай кіріп: «Шеше, шеше...» деп айғайлай бастады.

«Шешең үйде жоқ, жұмысқа кетті. Саған не болды? Жығылып қалдың ба? Өзің сүрініп кеткен боларсың? Жігіт адам бұған жылай ма екен? – деп сөйлей жүріп, баласын уатқан болды, - бар, енді ойнай ғой!» деді.

Баласы шығып кеткен соң, досым қатты кейіген бейнеде: «Қашан көрсең шеше, шеше деп жүргені! Сен білесің бе, мен кейде, шынымен-ақ қорынып қаламын, ол мені шешесін жақсы көрген сияқты жақсы көрмейтіндей сезінеді, тіпті, осы әке болған біздер, баланың ойында тек оларды ұрып-соғуға ғана жаралғандай көрінеміз ғой деймін. Шындығында, мен оған ойыншық сатып әперемін, еркелетемін ғой. Ал, ол тағы да мені шешесі ғұрлы көрмейді. Өзің айтшы, бұл не үшін?»

Мен иығымды қиқаң еткіздім де: «Егер үйде шешесі жоқ болса, ұлың сөз жоқ әкелеп жүгірер еді» дедім мен.

«Солай, - деді досым мені қостай сөйлеп, - өзім жасымнан шеше көрмей өстім. Сондықтан, менің есімде тек әке деген атау бар».

Мен досыммен қоштасып, кетуге жиналып жатқанда, әйелі жұмыстан қайтып келді. Кіші шешесіне барып сап ете қалып, жіберер емес. Ол шешесіне жаңағы болған істерді, өзінің қалайдан-қалай жығылып қалғанын, қалай ауырғанын, өзінің қайтып жылағанын бір-бірлеп айтып шықты. Шешесі баласының басынан сипап, жығылғанда жер сүріп кеткен қолын үрлеп-үрлеп қойды және оны сүйді. Досым қабағын түйе оларға қарап тұрды да: «Қарашы, шешелі-балалы екеуінің жайы жараса қалды...» деп қомпылдады.

Біраз күннен кейін досым жұмыс үстінде сатыдан құлап жараланды. Біз оны көтеріп, демалыс бөлмесіне әкеліп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Досым сол сәттерде ауыз жаппай «Шеше, шеше!» деп зарлап жатты.

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3


Аударған: Шолпан Қазез

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: flickr.com

M. Auelkhan