Еркани (Венгрия)
Бір күні түстен кейін, Будапешттегі қабірстанның 27-шы аумағындағы 14-ші нөмірлі қабірге қойылған 300 келілік тас ескерткіш салдыр-күлдір құлап түсті. Іле-шала қабір қақ айырылды, әсілі, осы қабірде жатқан Гайдушка Михай ханым, яғни Нобель Стефения қайта тірілген еді.
Талай жылғы жауын-шашынмен жер жеміріп, ескерткіштегі жазулар өшкін тартқанымен, бірақ, оның күйеуінің есімін анық көруге болатын еді. Күйеуі не себепті екені белгісі, қайта тірілмепті.
Бүгін ауарайы жақсы болмағандықтан, қабірстанға келген адам да аз болатын. Дегенмен дауысты естігендер түгел осында келді. Дәл осы сәтте, бұл келіншек үстіндегі шаң-топырақтарды қағып тастап, әлдекімнен тарақ сұрап алып, шашын тарап отырған.
Жүзіне қара перде тартып алған бір қартаң әйел оған: «Амансың ба?» деп есендік сұрасты.
«Рақмет, шүкіршілік» деді Гайдушка ханым.
Бір кірекеш одан: «Шөлдедің бе?» деп сұрады.
Жаңа ғана тірілген бұл адам қазірше ештеңе ішкісі кемейтінін айтты.
Шынын айтқанда, Будапешттің суының дәмін алған адам оны ішуді қаламас еді. Кірекеш те өзінің бұл суды ішкісі келмейтінін білдірді.
Гайдушка ханым кірекештен Будапешттің суына неге наразы екенін сұрады.
«Өйткені, бұл суды хлормен дизенфекциялайды».
«Бұл суды хлормен дизенфекциялайды, - бағбан Апостор Баронниковта бас шұлғыды(ол қабірстанның қақпасында гүл сататын), сондықтан да, мен бірнеше түрлі бағалы гүлдерімді тек жаңбыр суымен ғана суарамын».
Осы кезде біреу тұрып, қазір дүние жүзіндегі сулардың бәрін хлормен дизенфекциялайды деді.
Сөз осылай үзілді, ешкім үндемей қалды.
«Ендеше, не жаңалық бар?» деп сұрады келіншек.
«Түк те жаңалық жоқ» деді қарап тұрған адамдар.
Тағы да үнсіздік. Осы кезде жаңбыр құйып кетті.
«Сіз жаңбырға малшынғаннан қорықпайсыз ба?» деп сұрады қармақсап жасайтын жеке қолөнерші Деуч Джо одан.
«Оқасы жоқ, мен жаңбырлы күнді ұнатамын».
«Әрине, қандай жаңбыр екеніне де қарайсың ғой» деді манағы қартаң әйел.
Гайдушка ханым өзінің жаз күндеріндегі сіркіреп жауатын ақ жауынды ұнататынын айтты.
Алайда, Апостор Баронников:
«Мен қандай жаңбырды да жақсы көрмеймін, өйткені, жаңбырлы күні қабірстанға ешкім келмейді, менің гүлдерім де сатылмайды» деді.
Қармақсап жасайтын жеке қолөнерші мұны әбден құптайтынын білдірді.
Енді әңгіме ұзағырақ үзіліс жасады.
«Сендер бірдеңе айтсаңдаршы» деді қайта тірілген келіншек жан-жағына қарап.
«Не айтамыз, - деді қартаң әйел, - айта қоярлық та ештеңе жоқ.»
«Бейбітшілік соғысынан кейін ештеңе де туылған жоқ па?»
«Айт десеңіз, бір-екі істі айтуға болар еді, - деді қолөнерші қолдарын сермей сөйлеп, - бірақ, немістер айтқандай «айта қоятын ештеңе де жоқ» болып тұр.»
«Дұрыс, айтқаның жөн» деді кірекеш. Сосын кірелейтін жолаушы іздеді ме екен, ол өз көлігіне қарай кетті.
Адамдар үнсіз тұр. Қайта тірілген әйел әлгінде өзі шыққан, үңірейген қуысқа қарай берді. Ол біраз күтті, бірақ, расында да, ешкімнің сөйлегісі келмеді. Содан ол жабыла қарап тұрған жұртқа «Қош» деді де, өзі шыққан қуысқа кіріп кетті.
Қармақсап жасайтын жеке қолөнерші оны тайып жығылады деп алаңдаса керек, сүйеп кіргізді.
«Бар ісіңе сәт тілеймін!» деді қолөнерші.
«Не болды? – деп сұрады кірекеш қақпада көпшіліктен, - әлде ол қайтадан қабірға кіріп кетті ме?»
«Солай, - деді қартаң әйел басын шайқап, - шынында, біз шешіле әңгімелестік қой.»
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4
Аударған: Шолпан Қазез
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: oturizm.com