Ғабит Мүсірепов – ана тақырыбына жиі қалам тартқан классик жазушы. Оның кітап боп басылып шыққан күнделігінде көбіне шығармаларының жоспары жазылған. Кейде күнделікті түйген ойларын да түртіп отырған.
– Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды.
– Жастар туралы «Жас орман» деген роман жазса дұрыс болар еді. Осы екеуінің арасында талай ұқсастық бар...
– Өлең өндірісін қойып, шын мағынасында поэзия жаз дер едім.
– Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.
Қара сөзді өрнектеп өрген проза шебері осындай кеңес жазып қалдырған. Әр сөйлемінде мың мағына жатыр. Тереңіне үңіліп, шын көңіл қойған кісіге де сан ой туғызары анық.