- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ғабит ғибраты...
Ғабит ғибраты
«Қойын дәптерлерге түскен жазбалар – жазушының өзімен-өзі сөйлесуі, өзімен-өзі сырласуы. Кейде, тіпті, ең жақын адамыңа айтылмайтын сыр қойындәптерге сеніп тапсырылады» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандайын, Ғабит Мүсіреповтің артында інжу-маржан ойлары түсірілген үш жүз елудей блокноты қалыпты. Қарап отырсаңыз, талғампаз қаламгер, негізінен, жұмысқа қажетті осынау қарапайым тіркестердің өзінде ғажайып ойшылдық үлгісін, керемет суреткерлік шеберлігін байқатады. Және бұл оймақтай ой түйіндерінің әрқайсысы ұлт мүддесіне, ел тағдырына, ұрпақ тәрбиесіне бағытталып жатады.
Мен кезінде Қазақ радиосы шаңырағында жүріп бірталай уақыт «Құсни хат» аталатын хабар жүргізгенім бар. Сонда Ұлт руханиятында баға жетпес мұра қалдырған сонау Шоқан мен Абай бастаған кейінгі де заңғар тұлғалардың әр жылдарда жазылған хаттарының сырына үңіліппін. Ең ғажабы, бір қарағанда, сол қарапайым ғана көрінетін жазбаларда, әлгінде айтқанымыздай, қастерлі ұлттық, мемлекеттік мүдде мәселелері қыз-қыз қайнап жатады екен.
Әрине, «Құсни хат» радиохабар болғандықтан, дәл қазір тақырыпқа орай түсініктеме берген ғалымдар мен түрлі сала мамандарының даусын пайдалану қиын. Сонда да, анда-санда қысқаша да босын, осынау хабарда айтылған ойларды көпшілік назарына ұсынып отырғаным жөн-ау ұйғардым. Бүгінгі кезек Ғабең… Әдебиет классигі Ғабит Мүсірепов жазбаларында:
Қазақтың білетіні аз емес, істей білетіні аз.
Шеше мінезінен сезік алса бала жүрегі суына береді, қатулана береді.
Әке-шешенің өтірігі бала жүрегін суындыра береді. Бір кезде сол өтірікті бала да айтады.
Әке-шеше ішкен арақ, мақтаныш – бәрі балаға жұғады. Бір кезде бала соны істеуге тырысады, ішеді, темекі тартады, бұзылады.
Қорқақтық, ездік, аяншақтық, көнбістік – құлдықтың ең жаман түрі. Адам арасындағы гармония теңбе-теңдіктен емес, келісім жарасымдылығынан.
Шығыста ескілік пен кәрілік өте ұзақ жасайды, ғасырлар бойы жасауға бар. Сор осында ғой.
Дүниеде ең қорлықта, зорлықта аяққа басылып келе жатқан нағыз қымбатымыз – ар-ұят, әділет, шындық, сұлулық.
Өзіне-өзі проблема, барлық проблемасы өзі ғана болған сорлы еркек, сорлы елдер, сорлы билеушілер бар. Тамақ, киім, қызық демалыс бәрінің қымбаты керек. Бірақ бірде бірі өз қолынан келмейді.
Әке масылы, ерінің масылы, жердің, дүниенің масылы.
Бір үй, не бір қоғам үнемі бақытты тұра берсе, бақыттылықтың өзі бақытсыздықтай ауыр, сондай қысыраған өмір болып кетпес пе еді?!
Бұл жерде қоғам сондай болар деп ойлау орынсыз, әрине. Үй тірліктің төңірегінде кездесіп қалуы мүмкін. Сонда Толстойдың:
Барлық бақытты үй іштері бір-біріне ұқсас келеді. Әрбір бақытсыз үй іштері бір-біріне ұқсас келеді. Әрбір бақытсыз үй іштері өздерінше бақытсыз, — дегені осы шеңберде ғана өріс болмақ.
Бірақ ешбір үй іші үнемі бір қалыпты бақытты тұра ала ма? Тұра алады, егер бақыт дегеннің түсінігін шама келгенше ұсақ-ұлаңға сая білсе.
Жақсы атағың алдыңда жүреді, жаман атағың артыңда жүреді. Кейде кереғар келетіні де болады. Оның себебі басқада.
Майдандағы солдат әрекеті де қызық, ә?! Екі жақтың солдаты біріне-бірі жау да, кекті де емес…. Соғыстан ол екеуінің ұтары да, олжалары да жоқ. Сонда да екеуі бірін- бірі тез өлтіруге, құртуға тырысады.
«Отан үшін» дегенде бұл қайшылық көзсіз жойылып жатыр. Ал «Америка үшін, Германия үшін, Франция үшін» дегенде, әділ көзбен қарағанда, сондай мағына шыға бере ме, жоқ па?!
Отаршылдықтың әкелер аурулары: темекі, арақ, мерез, оба, көксаулық, тағы-тағылар. Бұрынғы жағдайда мұндайды көрмейтін, аз кездесетін. Отар елдің кедейлері ең алдымен ауыр жағдайға кездеседі, шетін тұрады, оңай өледі.
Заң әрі тар, әрі тапал есік сияқты болса, амалсыз басыңды иіп өтесің. Заң даналығы мен ұлықтығына таң қаларлық болса, еркіңмен, құрметпен басыңды иесің.
Тар есік сияқты заңнан басын имей өтушілер болса, онда ол адам тапалдың да тапалы, қурайдың да қурайы болғаны. Ұлы заңға бас имеушілер болса, не соқыр, не ақымақ болғаны.
Ашу-қуаныш, кек сезімі сияқты халдерін жеңе алмай қалып, көрнеу көзге теріс басып алатын адам да болады. Бұл әсіресе балаң мінезі көп дала жағдайында жиі ұшырасады.
Үлкен бақытсыздықты, иә болмаса үлкен апатты көтеруден гөрі, ұсақ жәбір, күл-көрне, әділетсіздікті көтеру қиын.
Ғажап нәрсе – бүгінгі қазақтың әдет-ғұрпында әруаққа, отқа, суға табынатын әдет сақталған. Мысалы:
а) Жазғұтырым бие байлағанда желі қазықтарға айран құяды.
ә) Алғаш күн күрекірегенде ожаумен киіз үйді артынан, жабық тұсынан айнала сабалайды.
б) Қыз ұзатарда «Отқа құяр» деген кәде бар. Соған құрмандық ретінде мал сойылады.
в) Қазақтың әдет-ғұрпына өшпейтін әсер еткен Ислам діні. Әдеп, инабаттық, сыпайылық дәстүрыне Ислам көп нәзіктік қосқан).
Он екі айды шұбыртып ертіп тағы бір жыл өтіп кетті, ә?! Тағы бір он екі ай!… Тағы бір үш жүз алпыс бес күн!… Үйде едік, бос едік, ояу едік! Бәрі бір аңдамай, сезбей қалғандаймыз. Өмірден суырылып, жұлынып кеткен он екі ай оралмасқа кеткенін бүгін ғана ұғынғандаймыз. Сонымен келер жылы да осы өкінішке кездесеріңді біле-тұра баяғы бей-жай қала бергендейсің!…
* * *
Осылай толғап келе жатқан Ғабит қаламы енді бір кезде әдеттегідей Әдебиет жәйіне ауа түсетін секілденеді. Құлақ түріп көрейік:
Проза – қара сөз емес, ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар, негізгі ойыңды терең бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дәп тигізетін көркем сөз.
Ал өлең дейтін көркем сөз ұйқасқа емес, ырғаққа, лепке, ритмге құрылады. Оған ұйқастың себі де жоқ, зияны да жоқ.
Ойсыз сөзде көркемдік те жоқ. Дәл сөз теңеу – бейнелеуі, нысанаңа аумай тиетін сөз – көркем сөз дегенің сол.
Әрбір сөздің қыры бар, тұрағы бар, жадысы бар, тұрқы бар болуы керек.
Адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
Әр тақырыптың жазушыға беретін творчестволық әсері: тіл шешіледі, адам мінездері айқын елестейді, уақиға өзінің логикалық қисынын табады. Өзінен-өзі ілгешектеніп өрши береді, алдыңа сол заман келеді. Тақырып өзі де мылқау болса, сен де мылқаусың.
Айып, мақтау мөлшері барлық ақын-жазушыға бірдей бола алмайды… Ұлы жазушыға жақсы деген баға, орта жазушыға берілген «өте жақсы» деген бағамен бірдей. Шындық, ғашықтық, сұлулық, естілік дегендердің шегі жоқ. Адам арманы көкжиек сияқты, жақындаған сайын алыстай бермек.
Ақылды адамға ең ауыр жаза – мақтай беру, мақтай беру.
Меніңше, өнердің ең ауыры:
1. Әдебиетке қалжыңның шектен шығып кетпеуін сақтай білу;
2. Ойыңды, идеяңды, қорытындыңды күн бұрын білдіріп алмау;
3. Тойып отырып нәзік нәрселерге соқтығу.
Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.
Шиырлап шыққан биігім сол, олақ оймен көктің жүзін кезгенде аспан жерге, жер аспанға жау емес, адам үшін екеуі де бір бесік. Жердің бетін солқылдатса биік аспан гүрсілі тазармай ма дүние бір?! Жаңбырдан соң, гүрсілден соң көгерген жер бетіне қай тазалық, қай сұлулық теңесер! Адам мен адам ойы ұштасып домбыраның қос ішегіндей бірге шығып, үндері ертелі-кеш дүние еңбегін кеңесіп, еш нәрсені менікі деп өзімшілдік істемесе ешқайсысы! Жер бетінде бір сұлулық осы да! Біреу күліп, біреу жылап отырмаса бір сұлулық осы да!
Жұрттың бәріне бірдей ортақ, бәріне бірдей ұнайтын шындық болмайды, болған емес, сұлулық, әділет, мырзалық дегендер де сондай…
Ескі дәптерімнен
…Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қарабасы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса әлдеқашан адам болып кетер еді.
* * *
– «Ұлпан» не жайындағы повесть? – деп сұрады Снегин.
– «Ұлпан» менің монологым,- дедім оған.
– «Ұлпанның» идеялық тақырыбы неде? – деп сұрады менің зерттеушілерімнің бірі.
– Адамның жаны мен жүрегінің ізгілігінде, – дедім мен. Екеуі де түсіне алмады-ау деймін. Өйткені әлі ешнәрсе жазған жоқ.
* * *
Қазақ деген ел – бостандық, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық. Бұл кезінде ол бұзылмаған ел, бұзыла білмейтін ел емес, бір бұзылса, аяқ-қолын жинай алмай кетуі мүмкін.
Сонша кең дүниеде жүріп, сонша тазалық дүниесінде жүріп ол елдің жан-жүрегі таза болмаса, таңдануға болар еді. Жоқ, ол кезде ол асқан ақ көңіл, мырза, сенгіш ел.
Отаршыл төрелер үркіте келгенде қазақ қандай айла етерін біле алмай абыржып қалады да, барлық адамгершілік табиғатынан жаңылады.
* * *
Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды. Сол сенімнің аты – Дін. Ең арғысы саяси сенім дегеніміздің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін. Қадір-қасиет жағынан қарағанда діннен төменірек, сенімділігі блса, табанды-тұрақты емес нәрсе.
Менің атам Кежімбай Мүсіреп баласы бес уақыт намазды қалдырмай оқиды. Отырып-тұруын, оқитын дұғаларының бірін қалдырмай оқиды. Мен молдадан үш жыл оқығаннан кейін атамның оқитын дұғаларын тексерсем, бір дұға білмейді екен. Жығылып-тұрудың бес уақыт намазда қанша екенін біледі, неше рет қол жайып, иек сипағанды біледі. Бірақ, бір дұға түгіл, бір ауыз арабша сөз білмейді.
Дегенмен, атам намаз оқығанда мен атамның түсіне ылғи қарайтын әдетім болды. Намаз үстінде атам керемет ажарланып кетеді. Атамның мұндай ажарлы, мұндай мейірімді, мұндай таза кескінін мен күнделікті бір көрген емеспін. Ол Құдайға шын жалынып тұр. Күнделікті қандай күнә жасап алғанын мойнына алып, енді кешірім сұрайды. Соған бет алғанда-ақ ол тазаланып, ажарланып кетеді.
* * *
Абайдың философиялық ойларының ең тереңі, әрі философияға қосқан жаңалығы мынау екі жолда болу керек:
Кірленген көңіл өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай…
Саналы адам біреуге жәбір-жапа көрсектіп, өз көңіліне өзі дақ салған болса, ол сол дақты жақсылық істеу арқылы кешірмей тыншыға алмайды, көңілі дауаланбайды дейді.
Абай тұсындағы қазақ істеген жәбіріне арқаланбаса, қайғырған емес қой. Абайға дейінгі қазақ одан әрі есіре берген. Абайдан бергі қазақ олардан да әрі кетер ме екеен, қайтер екен?
Әрбір үлкенді-кішілі өзгеріс-құбылыстың сырт көрінісі бар, ішкі сыры бар.
Ешбір құбылысты көзіңмен түгел көре алмайсың! Оның мәні сырт көрінісінде емес, екінші оның өзі өзгеріс –құбылыс болғандықтан ол бір ғана хал емес, аз мерзімдегі көп өзгеріс. Оның басталуы мен аяқталуының арасында әлде неше түрлі хал бар.
Ойға алмақ түсетіні де осыдан. Көзің көргенді ойың ғана түгел таниды.
Жаны аласаны үлкейткенмен ол өспейді.
Міне, Ғабең қойын дәптерлерінен алынған ойлардың бір парасы осы…
Құлтөлеу Мұқаш, жазушы
Дереккөз: ult.kz
Ж. Жұмағұлов