Түстен кейін редакцияға Нығмет Ғабдуллин келді. Ол кісі бізге "Ғабит аға туралы" деген отыз беттік естелік ұсынған еді. Соның бірінші данасын сұраған едім, бүгін әкеліпті. Көп әңгімелестік. Бәрі де Ғабаң туралы. — Өте шыдамды адам, — дейді Ныхаң. — Бұл жөнінде 3 әңгіме айтып берейін...
50-жылдардың басында Ғабаң, Тәкең (Тайыр Жароков) және мен үшеуіміз Москваға пойызбен кетіп бара жаттық. Тәкең жолға шығар алдында: "Ғабиттің жанына орналаспа, өте көңілсіз болады" деген соң, мен Тәкеңнің купесінен орын алғам. Кешкілік вагон-ресторанда тамақ ішіп отыр едік, спортивный формамен Ғабаң да келді. "Кофе ішейін деп едім" деп ол қалтасынан 1 сом алып, бөлектеу үстелге барып отырды. Артынша сол үстелге бір мас орыс келіп қисайды да, Ғабаңды әй-шай жоқ боқтай бастады. Ұзақ боқтады. Мен шыдай алмай орнымнан тұра беріп едім, Тәкең отыра тұр дегендей тіземді басып қойды. Ғабаңды әлгі мас орыс әлі боқтап отыр. Ғабаң үнсіз. Орыс боқтай түседі. Ғабаң үндемейді. Ақыры кофесін ішіп болған соң, жұдырығын үшкірейте түйіп алып, әлгі орыстың кеудесінен ірей, алдынан өтіп жүре берді. Бар қарсылық осы болды.
Екінші рет бір жиналыс болып жатқанда (ол кезде Ғабаң Жазушылар одағының председателі) Төлеужан Ысмайылов кіріп келіп: "Әй, Ғабит, мен енді 1-2 айдан кейін өлем. Мына қағазыңды өзің ал" деп, пенсия тағайындау жөнінде қол қойып, жазып берген қатынас қағазын Ғабаңның бетіне лақтырып жіберді. Ғабаң үндеген жоқ. Қағазды ақырындап жыртты да, жанындағы урнаға тастай салды.
Үшінші оқиға мынау: Ғабаң тағы бірде жиналыс жүргізіп отырғанда, Сафуан есікті ашты да: "Әй, Ғабит, сен қашан шығасың? Мен күтіп қалдым ғой" деді өктем үнмен. Ғабиден, Сәбит, тағы басқа шалдар біртүрлі тіксініп қалды. Ғабит үндеген жоқ. Мен мұндай жүйкесі мықты адамды бұрын-соңды көрмеген шығармын.
Нығмет аға бұдан басқа да біраз жайдың басын қайырды. Өзі көңілді отырды. Өйткені, мен "естелігіне" өте жақсы пікір айтқанмын. Шындығында, естелік өте жақсы жазылған, тағылымды, қызықты дүние еді.
Жазушы Дидахмет Әшімханұлының күнделігінен
24 қыркүйек, 1991 жыл.