Әйгілі жазушы, көркем сөздің қас шебері Ғабит Мүсіреповтың салмақты нақыл-сөздерінен ұсынамыз.
Әр ел өз ерлігін көтере айтқанда жеңген жауының осал еместігін қоса айтады. Тек ірілік қана аңызға айналады...
***
Біз даланың ессіз ерлеріміз ғой, көзге түрткенде ғана селк етеміз...
***
Қазақ халқы қазақ атанудан әлдеқашан бұрын мал баққан ел... Қазақ - ұйқысы қанған халық, ұйқысы қалған халық...
***
Судың тазалығын үйретейік, желдің еркелігін үйретейік, ағаштардың жайқалуын үйретейік, күннің жылылығын үйретейік, Ата-ананың достығын үйретейік... Балаларымызды әуелі ата-ананың мейіріміне, махаббатына бөлейік!
***
Азияның аязына, Африканың ыстығына шыдар ұрпақ керек...
***
Өкшелес буын, ойыныңа, ойыңа қараймын... Өзім ұшып кете алмаған биікті сендерге тілеймін. Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше өзің төменде, ойың аспанда жүрсін, жаным! Әке ызғары оларға қазір керек-ақ...
***
Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бірге кездессе, бірін-бірі жасырыңқырап тұрады, ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады.
***
Мен сақтанбай сөйлейтін адаммын!
***
Бар мен жоқтың, асыл мен жасықтың мөлшері салыстыру арқылы ғана танылмақ....
***
Дала қызының назданған еркелігінде мұң да бар, жігер де бар, жалынышы мен жалыны да бар. Жан тазалығы, саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар. Сондай қолтума өнерінен кіршіксіз ләззат ала аласың...
***
Отырған орныңнан ұшырып тұрғызатын сезім - поэзия, күй поэзиясы, ән биігі, поэзия биігі.
***
Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады, айтайын дегенің құлаққа қонбайды.
***
Елдің ертеңгі күнін ойлайтын да бір адам болу керек шығар. Солмын мен!
***
Ұрлық, қарлық, зұлымдық, зорлық, қиянат сияқты қылмыстар өше берудің орнына өсе берсе, сол қылмыстардың бәрі де басқарушылардың өз бастарында болғаны!
***
Кім бағынышты болса, сол кінәлі болады...
***
Ел деген жетім қозы емес, еміздікпен асырай алмайсың!
***
Халқымыздың өзін өзі басқаратын осы ұлы арманын орындап шығуға өз өміріміз жетпесе, үрім-бұтаққа аманат етеміз!
***
Асыл сөз атқан оқтай жәй кетпейді. Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді...
***
Адалдығына қарасаң, әулие ме дерсің, ерлігіне қарасаң, еркек пе деп қаларсың, Ұлпанды.
***
Сындырмай кек болатты ие білген... Ұлпандай адам қайда...
***
Таңдарлық қыз әрі есті, әрі сұлу болуы керек емес пе? Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды, естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретіндері де болады.
***
Үлкен адам кішірейген сайын үлкейе береді екен. Біз - сағат санап, күн санап өскен ел емес, замана таңбаларын санап өскен елміз...
***
Жүзге тұратын бірден айрылып, бірге тұрмайтын жүздерге қалған екенбіз ғой...
***
Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек...
***
Еркектің көркі ақылында...
***
Байдың малы қымбат, кедейдің жаны қымбат...
***
Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді...
***
Шала істеген іс жаман, шала піскен ас жаман...
***
Кедейге кепесінің төбесіне шығып тұруы да үлкен мақтаныш.
***
Дау қуған ел жауығар, қумаған сауығар...
***
Еліміздің ұйтқысы - әдет-ғұрпымыз, оны шайқалтпауды ойлайтын кезіміз осы...
***
Жазғытұры жайлауға бет алған бірінші көш - мал ұстаған елдің жыл сайынғы болып тұратын табиғи көрмесі.
***
Осы күнге дейін батырлық та, ерлік те, сұлулық та, ақылдылық та хан тұқымында деп келдік... Олар қара қазақтың бойына жараспайтын сияқтанып келді, сол ескі әдетпен кете беретініміз әлі бар...
***
Сыртынан қанша балағаттасаң да, кездесіп қалғанда мысы жеңе беретін адамдар болады.
***
Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз.
***
Біз сияқты қырсыққа ұшыраған елде қадірлі адамдар елеусіз қала береді...
***
Біздің патшалықтың барлық баспалдағында мәңгі өзгермейтін бір мінезі - өзінен өзгені өсірмейді.
***
Россия топырағында біздің демократияның тұқымы өсіп-өне қоймас..
***
Адам рухы айналасынан бөлек жасай алмайды...
***
Мен бүгін шешуге болатын мәселені ертеңге қалдырғанды ұнатпаймын...
***
Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам ол азамат емес. Ол халқының бірінші жауы!
***
Ұлы ақындар жәбір-жапа, қорлыққа толы қиянат жыл, замандарда бір айқай салмай қалған емес...
***
Сөйлесек... шындық, әділдік, дұрыстық, ақиқат дегендерді алға ұстай отырып сөйлейік...
***
Тойған қарын ойға бөгет бола береді...
***
Адамның барлық ішкі дүниесінің портреті жүзінен көрініп тұрады...
***
Мен қазақтың қазақ болғанына жетерлік еш нәрсе бар деп ойламаймын.
***
Қай халықтың болса да өсер жолында қандай қабілеті тиянақты болса, сонысына сүйене отырып тәрбиелеу ұтымды болу керек.
***
Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады...
***
Қалам - хат білмейтін елде кейбір тіршілік заңдарын афоризмдермен есте қалдырған...
***
Бізді жабайы, өзін ақылды көретін ақмақтығы сонша, арам ойларын дұрыстап бүркей де алмайды...
***
Соңғы алты ғасыр бойында нәсілі жат елден шыққан хандар билеп келген ел қайдан оңсын!
***
Қазақ халқының бір заманда өзінше бір шалқыған кезі де болған сияқты...
***
Әр елдің, әр халықтың есі кіріп, есейер кезі бар. Сол кезінде қай халық болса да өзінің елдік болашағын табан тірер тіршілік тиянақтарын ойланбай қойған емес...
***
Адамның парыз-қарызы сыйлауда...
***
Менің іздейтін байлығым малда емес, адамда болмақ...
***
Жас балалар есейіп жеткенше, үлкендердің не істегендеріне жете түсінбей де еліктей береді...
***
Бізге еркеліктің керегі жоқ...
***
Мен өз елімде, өз жерімде басы артық, керегі жоқ жандаймын. Жалғызсырау деген ауыр күйзеліс...
***
Ойланбай істеген қызмет өкініш тудырады...
***
Тіл салақ сөйлеуден бұзылады.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: nklibrary.kz