- Негізгі бет
- Көкжиек
- Франц Кафканың жан...
Франц Кафканың жан тебірентерлік хаты
Франц Кафка – ХХ ғасыр әдебиетінің тарихын жасаған ең атақты қаламгерлердің бірі. Оның есімі әдебиет төркінінде ең бірінше аталады. Кафка туралы әңгімені кейінге ысырып, мына жан тебірентерлік оқиғаға назар салайық.
Франц Кафка Берлинде тұрған кезінде күн сайын саябақта серуендейді екен. Бір күні қуыршағын жоғалтып алғанына қатты қайғырып жылаған кішкентай қызды көріп қалады. Кафка қуыршағын табуға көмектесуге уәделесіп, келесі күні сол жерде жолығатын болып шешеді. Әрине, жазушы қуыршақты таба алмайды, бірақ оның орнына ойыншықтың атынан жазылған хатты алып келеді.
"Өтінемін, менің жоқтығыма көңіліңді түсірме – деп бастады Кафка хатты. – Мен әлем кереметтерін көру үшін саяхатқа шықтым. Енді күн сайын бастан өткерген барлық жағдайымды, алған әсерім мен түйген ойымды сенімен бөлісіп отырамын".
Жазушы мен бүлдіршін күн сайын сол саябақта кездесіп, қуыршақтың саяхатының керемет суреттерін оқып жүреді. Көп ұзамай Франц Кафканың өкпе ауруы асқынып, Венаға кетуге мәжбүр болады. Сапарға шықпас бұрын Кафка кішкентай қызға қуыршақ сыйлайды. Алайда жазушының берген қуыршағы қыздың ойыншығына мүлде ұқсамайды. Бірақ қуыршақта "Саяхат мені өзгертті" деген жазба бар еді...
Ж. Жұмағұлов