- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ерлан Жүніс: Кітап...
Ерлан Жүніс: Кітап жеуге жарамайды, әйтпесе, оқырман көбейер еді
Халықтың сүйікті ақынына айналған Ерлан Жүністің өлеңдер топтамасын бірнеше рет ұсынған едік. Ақын өлеңмен бірге, философиялық ойлар, қанатты сөздер де жазады. Оның әрқайсысын түсіну үшін терең ой, ұзақ уақыт қажет.
Ой үсті:
*Қай сөйлемнің астына кімнің сүйегін (қай автордың) қалап жібергенін автордың өзі ғана біледі.
*Кей оқырман авторды сүйетіні сонша, оны өліп қалған екен деп ойлайды.
*Ағаш – Кітап – Ағаш!
*Кей оқырманды Нобельге ұсыну керек.
*Авторға ғашық болу – азап, оқырманға ғашық болу – тіптен сорақы!
*Біреулер өз тарихын жүрегімен жазады, біреулер жұдырығымен… Қалғандары өзгелерге жаздыртады.
*Балаларды өздеріңіз оқымаған кітаптан қорғаңыздар.
*Ол барлық кітаптың авторы Бенжамин Франклин деп ойлайды.
*Жазылмаған кітаптан қауіпті ешнәрсе жоқ!..
*Кітапты жыртқанда шығатын дауыс – автордың дауысы.
*Авторы өлгенде… неге ешкім кітапқа көңіл айтпайды?!
*Менің шешемнің батасы: «Абай бол, ұлым!»
Тағы да бірде: «Есен бол, құлыным!»
Жақында: «Алматыда Тыныш жүр!»
*Ең ұлтшыл халық – СӨЗ!
Жол үсті:
*Кей кітапты оқып отырып авторынан айырылып қаласыз…
*Көптеген авторлар жиналып тұр екен… Не деген ТРАГЕДИЯ!
*Түн ішінде бір автор «…Менің оқырмандарым!» деп күбірлеп жүрген көрінеді.
*Кей сөздер кекілді, кей сөздер сақалды. Есесіне, авторлардың көбі көсе. Немесе, керісінше.
*Оқырманның автордан артықшылығы: ол авторды балағаттай алады.
*Түнде кітапты жастанып ұйықтайтындардың бәрі авторды құшақтай бермейді.
*Абай Абай болу үшін Абайды оқыған жоқ. Абайды жазды.
Шай үсті:
*Кітап жеуге жарамайды, әйтпесе, оқырман көбейер еді.
*Біреу шайға қант қосады, біреулер тұз салады. Шығармаға да солай.
*Аш кезде жазылған шығармадан нанның иісі бұрқырап тұрады.
@. @assel_assanova