АҚШ-та кітапты аз уақытта оқып шығуға мүмкіндік беретін бағдарлама қолға алынбақ. Бостондық "Spritz" орталығы компьютер қосымшасы арқылы кітап оқу тарихында төңкеріс жасамақ.
"New Yorker" басылымы Америка Құрама Штаттарында бұл істі шындап қолға ала бастағанын жазады. Кітап оқу кезінде оқырман мәтіннің мазмұнын қабылдауға 20 пайыз уақыт жұмсаса, қалған 80 пайыз уақыт көзбен әріптерді жүгіртіп оқып шығуға, оның мән-мағынасын аулауға жұмсалатын көрінеді.
Ғылыми зерттеулер кітапты жүгіртіп оқудың көзге үлкен қысым түсіретінін дәлелдеуде. Бір сәтте сегіз әріппен ғана шектеле алатындықтан, оқырман мәтінді қабылдауға көп уақытын шығындап, шығарманың мазмұнын жоғалтып жатады екен.
"Spritz" жобасы компьютер экранындағы тікбұрышты терезе арқылы оқырманға көмектеспек ниетте. Бағдарлама көз жүгіртуді мейлінше үнемдеуге, көз торына қолайлылық үшін бір сәтте 13 әріп сыйымдылығын қарастырмақ. Бұл ретте қара мен қызыл түстердің пайдаланылатынын айта кеткіміз келді.
Бұл жоба келешекте мәтінді тез оқып, көп күш жұмсамауға мүмкіндік бермек.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: inpress.ua