Жазушылардың өз ісінде жанкештілік пен алғырлық танытуы үшін баспашылар кейде көп ақы төлеп тұрады. Оқырман таласа-тармаса оқитын таңдаулы шығарма тудыру үшін бұл да бір жол болса керек.
Олай болса, көп қаламақы алатын әлемдегі авторлардың таңдаулы ондығын ұсынамыз.
Бір қызығы, ең көп ақша алатын авторлардың тізіміне 20-21 ғасырлардағы ең мықты саналған жазушылар енбей қалған: Габриэль Гарсиа Маркес, Харуки Мураками, Эдна О'брайен, Джон Ирвинг, Кормак Маккарти, Энни Пру, Филип Рот, Дон Делилло, Мартин Эмис, Салман Рушди, Дженнифер Иган, Марио Варгас Льос пен Орхан Памук.
10. ДИН КУНЦ - 19 миллион доллар
Триллер жанрына қалам тербеген автордың шығармалары көбіне-көп ғылыми фантастика мен сатираның, үрейлі қорқыныштың ауылына қоныс теуіп жатады. Оның он төртке жуық қалың және жұқа мұқабалы кітаптары New York Times газетінің бестселлерлер тізімінде тұрақты бой көрсетіп келеді.
Кунц Пенсильванияда туылып, балалық шағын сонда өткізген. 1967 жылы Шиппенбург университетін тәмамдап, біршама уақыт ағылшын тілінің оқутышысы қызметін атқарған.
"Франкенштейн" мен "Біртүрлі Томас" – еңбектерінің арасынан суырылып шығады.
9. СТИВЕН КИНГ - 20 миллион доллар
Стивен Кинг бірінші кезекте үрейге толы қорқынышты оқиғалар мен шытырманға толы триллерлердің жазушысы ретінде аты танылды. Оның шығармаларында ғылыми фантастика мен фэнтезидің соны элементтері жинақталғандықтан, көпшілік сүйіп оқиды.
Оның осы таңға дейін 350 миллионға жуық кітап көшірмесі сатылған, көпшілігі экранизацияланған.
Елуге жуық роман мен екі жүздей әңгіменің авторы көптеген халықаралық сыйлықтарға ие.
8. НОРА РОБЕРТС - 23 миллион доллар
New York Times газетінің бестселлерлер тізімінде 961 апта бойы тұрақтап, оның 176 аптасында көш басында келген Нора Робертс осы таңға дейін 209 кітап жазып үлгерген.
7. ДЖАНЕТ ИВАНОВИЧ - 24 миллион доллар
Колледжді аяқтап, жазушылық жолға түсуге бел байлаған көп авторлардың бірі - Джанет Иванович. Тағдыры қилы болған, алғашқы уақытта баспаға жол таба алмаған ол өзінің алғашқы махаббат жайлы романынан 2 мың доллар табыс табады.
Ғашықтық тақырыбында он екіге жуық кітап жазған соң, Иванович детективке ауысқан. Қылмыстық әлемнің жаргондары мен құпия сырларын арнайы меңгеріпті.
6. ДЖЕФФ КИННИ - 24 миллион доллар
Джефф Кинни - "Осалдың күнделігі" шығармасының авторы. Алғаш рет 2004 жылы электронды формада жарыққа шығып, 2007 жылы көрілім саны 20 миллионға жеткен соң, әйгілі туынды баспа бетін көрді.
Кинни осы уақытқа дейін тоғызға жуық еңбегін жарыққа шығарып үлгерді. Шығармашылықтан бөлек, кітапқа негізделген онлайн-ойындарды жасап шығаруға ат салысуда.
5. ДАНИЭЛА СТИЛ – 25 миллион доллар
Барлық уақыттың ең көп оқылатын авторларының төрттігіне енетін Даниэла Стил қазіргі уақыттағы кітабы ең көп сатылатын автор саналады. Бүгінгі таңға дейін сатылған кітаптарының жалпы саны 800 миллионды құраған.
New York Times газетінің бестселлерлер тізімінде көп тұрақтап тұра алған автор саналады.
Бір қызығы, Стил өз романдарының жалғасын жазбайды.
4. БИЛЛ О'РЕЙЛИ - 28 милллион доллар
Билл О'Рейли - өзінің консервативті көзқарастарымен аты танылған америкалық журналшы және саясат шолушысы. Оның "Фактор О'Рейли" бағдарламасы америкалық кабельдік телеарналар ішіндегі ең атақты, ең танымал бағдарлама саналып қала беруде.
АҚШ президенттері Авраам Линкольн мен Джон Кеннедидің өліміне арналған зерттеу еңбектерінің арқасында көпшілік оқырманның сүйікті жазушысына айнала алды.
3. СЬЮЗАН КОЛЛИНЗ – 55 миллион доллар
Америкалық жазушы Сьюзан Коллинздің әйгілі "Ессіз ойындар" (Голодные игры) 60 апта бойы New York Times бестселлерлерінің рейтингісінде көш бастап тұрған.
Сьюзан Коллинзге "Жер асты Хроникасын" (Хроника подземелья) жазуға "Алиса ғажайыптар елінде" кітабы мен балаларға арналған жобалар түрткі болған.
2. ДЖЕЙМС ПАТТЕРСОН - 94 миллион доллар
Триллер мен детектив жанрында еңбектенетін жазушы инспектор Алекс Кросс жайлы романдар сериясымен әлемге көп танылған авторлардың қатарына кіреді.
Оның "Қылмысты анықтайтын әйелдер клубы" мен детективтік Майкл Беннет жайлы романдары аса кең ауқымда таралған.
Оның осы уақытқа дейін кітаптарының 270 миллион көшірмесі сатылды. 19 романы New York Times бестселлерлер тізіміне жайғасты.
1. ЭРИКА ЛЕОНАРД ДЖЕЙМС – 95 миллион доллар
Эрика Леонард Джеймс 2013 жылы ең бай авторлардың рейтингісіне енді. Бірінші мүмкіндіктен-ақ бірінші орынға табан тіреді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: vestifinance.ru