- Негізгі бет
- Көкжиек
- Егер ересек адам...
Егер ересек адам болсам...
Авторы: Виктор Драгунский
Үстелдің қасында аңырып отырып, қалай екенін білмеймін, басыма мынадай ой сап ете қалды. Алда-жалда мына дүниедегінің бәрі керісінше болса ғой, қандай тамаша болар еді! Айталық, барлық шаруаға балалар иелік етіп, үлкендер не іс болса да балалардың сөзін тыңдайтын болса. Тоқ етерін айтқанда, балалар үлкендер секілді, ал үлкендер балалар сияқты болса, онда тіпті қызық болар еді.
Мен шешемнің, әкемнің және нағашы апамның сазайын қайтып беруді ойлап отырмын. Бұрын олар менің сазайымды қалай тартқызғаны әлі жадымда.
Алдымен шешеме келейік. Шешем үстелдің алдына келіп отырған соң, оған былай деп ұрсамын: «Мода қууды сен де үйреніп алғансың ба? Тамақ ішкенде бөлке жемейсің бе? Күн сайын бір заң шығарасың, айнаға қарашы, мын түріңді көрші, кішкентай шайтаннан аумайсың! Тамағыңды тез іш! Саған сөйлеп тұрмын, ұқтың ба?» деп ойладым.
Сонан соң шешем еңкейіп тамағын іше бастайды. Мен жалғастырып: «Тезірек же, жағыңды таянба! Тағы нелерді ойлап кеттің, мемлекеттің ірі шаруаларын ойлап отырсың ба? Көбірек ішіп ал! Орындықты арлы-берлі қозғалтып, ырғақтамай отыр!» деймін бұйыра сөйлеп.
Осы кезде әкем де қызметтен түсіп қайтып келеді. Ол сыртқы киімдерін шешіп болмай жатып: «Жарайды, ақыры келдің-ау! Күн сайын сені сарыла күтеміз де отырамыз! Тез барып қолыңды жу. Сабынды кетіріп, тазалап жу. Қолыңды жумай тұрып орамалмен сүртуші болма, әр рет сен сүрткен соң, орамал лас боп қалады! Болды, тырнағыңды көрсетші, құдай-ау, мынау тырнақ па? Тырнақ алғыш қайда? Қолыңды түзу ұста, қолыңды кеспеймін. Неменеңе жылайсың, қыз бала емессің ғой... Болды! Тез барып тамағыңды іш!» деймін айғай салып.
Әкем үстелдің қасына отырып: «Бүгін қалайсың?» деп ақырын ғана шешеме амандасады, шешем: «Тәуірмін, рақмет!» дейді.
«Не деген бос сөздерің көп? Тамақ ішкенде сөйлемеңдер деп сендерге мың рет айттым ғой! Әке газетті қойып қой! Сендей әкенің болғаны біздің сазайымызды тартқызу емес пе?!» деймін дереу оларды жазғырып. Әкем мен шешем сөйлеуге бата алмай отыра береді.
Осы кезде нағашы апам кіріп келеді. Мен көзімді сығырайтып, алақанымды ұрып қалып: «Әке! Шеше! Қараңдаршы нағашы апамыз. Қарашы неге ұқсап қалған?! Екі шалғайы ашық, бас киімін де шүйдесіне киіп алыпты. Екі беті нарттай қызыл, мойнын тер басып кетіпті. Неткен әдемі, ә? Айтшы тез, тағы да таяқ доп ойнауға бардың ба? Мына кір-қожалақ таяқты не қыласың? Мұны үйге әкеліп не істемекшісің? Дереу апарып лақтыра сал!» деймін.
Онан соң үйдің ішін бір айналып шығамын да, әлгі үшеуіне қарап: «Тамақты ішіп болғаннан кейін, тезірек тапсырмаларыңды орындаңдар, мен кино көруге барамын!» деймін.
Олар әрине маған күбір-күбір етіп: «Біз сенімен бірге барайықшы, біздің де кино көргіміз келеді» дейді. Мен дереу олардан бас тартамын. «Болмайды, мүлде болмайды. Кеше сендерді туған күнді тойлауға ертіп бардым, жексенбі күні цирк ойынын тамашалауға апардым, тағы серуен құрмақсыңдар, ә! Үйде тыныш отырыңдар! Сендерге азырақ ақша беріп кетейін, балмұздақ алып жесеңдер, сол да жетеді!» деп айтамын. Бірақ, нағашы апам: «Мені ғана ертіп барсаң болды ғой, баланың бір ересек кісіні ақысыз ертіп кіруіне болады емес пе?!» дейді жалынып.
Мен бұған титтей де ділім жібіместен: «Бұл кино 70 жастан асқандардың көруіне үйлеспейді!» деймін.
Олардың қасынан өтіп бара жатып, еденді әдейі өкшеммен шиық еткізіп басып қоямын. Олардың көз жанарларының жасқа толғанын көрмегендей-ақ. Мен киімдерімді кие бастап, айна алдында арлы-берлі қоқилана жүріп, олардың көңіл-күйлерінің қалай екенін кәперіме де алмаймын. Соңында үйдің есігін ашып тұрып, үйден шығардан бұрын тағы нелерді айтып қою, нелерді ұмытқаным жайлы аз-кем ойланамын.
Бірақ, мен әлі ойланып болмай жатып, шешем кіріп келді, иә, менің сол нағыз, кәдімгі шешем. Ол кісі есіктен кіре сала: «Неге әлі мұндай мелшиіп отырсың, а?! Қарашы мына түріңе, құдды кішкентай шайтаннан аумайсың!» деп айғайлады.
Аударған: Әкімжан Сабырбек
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: pic.com
M. Auelkhan