"Досан батыр" тарихи жыры

"Досан батыр" тарихи жыры
Фото: e-history.kz

"Досан батыр" жырын 1939 жылы халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов шығарған. Сол шығарма 1942 жылы және 1952 жылдары қайта өңделді. 

Тәжіұлы Досан батыр мен Тіленбайұлы Иса бастаған халық қозғалысы Сәттіғұл Жанғабылов туып өскен жерде – Маңғыстау өлкесінде өтеді. Оның әкесі Жанғабыл Досан туралы да, көтеріліс жайында жақсы білген. Осы жерде мына бір естелік әңгімені де айта кеткен жөн ғой дейміз: 

"Досан батыр жерленгеннен кейін Жанғабыл құрдасы Ожырды үйіне ертіп барады. Барса, бұлар жолда жүргенде Жанғабылдың әйелі босаныпты. Жайланып отырғаннан кейін Жанғабыл Ожырға : 

– Бұл екеумізге де бірдей бала. Баланың атын қойып кет! – дейді. Сонда Ожыр:
– Досекең бастаған біздің ісіміз сәтсіз аяқталды ғой. Енді осы балалардың ісі сәтті бола ма екен, атын Сәттіғұл деп қояйық! – депті". Бұл оқиға жөнінде көзі тірісінде Сәттіғұл ақынның өзі де айтыпты. Демек, Сәттіғұл Жанғабылов Досан батыр жырын өзі жақсы білетін көтеріліске қатысқан адамдардың әңгімелеріне сүйеніп жазған. Ақын Иса Досан қозғалысының ұзын-ырғасын тарихи шындыққа сай бейнелейді.

Маңғыстау түбегіндегі Адай елінің биі Бәймәмбет әкелген патша жарлығы Досан бастаған халықтың отарлаушылар саясатына деген наразылығын тудырған. Орыс үкіметінің тағайындаған адамы Бәймәмбет те, патшалық әкімдері де қарапайым жұрттың тағдырын ойламайды, бұл жайт 1870-73 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің тууына түрткі болады.

Астана жұрттың данасы –
Бәймәмбет биді ақ патша
Шақырып алып кеңескен:
Жабайы жүрген елеңдеп
Бас ұрмай маған көнің деп.
Түсіндір барып халқыңды
Тежемей салық берің деп...
Бәймәмбет келіп патшаның
Хабарын айтты Адайға.
Амалың жоқ ететін,
Жерің жоқ қашып кететін
Көнесің деп қалайда.
Хабар естіп осыдай
Жүген-құрық тимеген
Асаудай халық шошынды-ай.

Осында халықтың орыс отаушыларына наразы болып, қолына қару алып, көтерілуінің басты себебі де анық айтылған. Әлеуметтік, ұлттық қанауға қатар тап болған Адай руы әділетсіздіктің ауыр зардаптарын тартқан, сондықтан қаруланып қарсылық көрсетуге мәжбүр болған. Осы жағдай мына өлең жолдарында өрнектелген:

Хиуаққа қарай бет түзіп,
Ойлаған халық босуды-ай.
Полковник уезд Рукин
Әскерін ертіп бұл шықты,
Жібермей алдын тосуға-ай.
Сайланып құрал-қарумен
Елге шықты аралап,
Сексен солдат составы.

Атап өтер бір мәселе – жырда қарапайым халықтың өкілі саналатын Досан Тәжиевтің ерлігі айрықша аталады. Әсіресе оның Үшауыздағы соғыста сіңірген еңбегі ерекше көрінеді. Бораған оққа қарамай жауына жалғыз шапқан Досан Рукинді найзасымен шаншып өлтіреді. Майдан даласында Бәймәмбет би мен сексен солдат, бір ояз қаза табады. Найзасын қанға суарып, ерліктің неше үлгісін көрсеткен Досан халық арманын орындауға туған батыр болып танылады. Сөйтіп оның бейнесі эпикалық дәріптеу жолымен жасалған. Нақты деректерге құрылып, негізінде тарихи эпос үлгісінде сомдалған Досан батыр тұлғасы әсерлі шыққан. Ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы оның тәуелсіздік жолындағы күресінде атқарған қызметінің жалпы бітімін жинақтай алған.

Досан батыр бастаған жігіттер жеңіліс тауып, артынан Ламакиннің жазалаушы әскері түскенде көтерілісшілерге Хиуа ханы да пана бола алмайды. Қаша соғысып, жауына тұтқиылдан шабуылдап әртүрлі амал-әдіс қолданған Досан сарбаздары жанкештілікпен соғысады. Осы шайқасты көзімен көрген Граф Кутаисов былай деп жазады: "...Өлке түгелімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ... Көп шығынға ұшырағандарына қарамастан олардың тіпті еңсесі де түскен емес. Олар төтенше күшті, үлкен шешімге келген. Бірақ тек, құдайға шүкір, нашар қаруланған.

Олармен алғаш кездескенде тіпті шошып кеттік. Олардың бірде біреуі қанша атсақ та құламайды. Шауып келеді, шауып келеді. Өлісі қайсы, тірісі қайсы – айырып болар емес. Сөйтсек, олар ердің үстіне өздерін таңып алады екен, адам шошырлық аласапыран. Мұндай қиянкескі ұрыста әскерлердің бас-аяғын жинап ұстау да қиын болды".

Қиын-қыстау кездерде, елінен ауып шыққан күндерде Досан батырдың жанынан табылған жауынгер досы Иса екеуінің диалогы нәзік толғаныстарымен шығарманың реалистік бояуын қалыңдата түскен. Бұл тәсіл екі басқаһарманның тұлғасын жаңа қырынан ашуға септігін тигізеді.

Бірге жүрген Иса жолдасы,
Досанға бір күн толғады:
–Ел қайда, батыр, ел қайда?
Туып өскен жер қайда?
Ойнап-күліп бір жүрген,
Қатар құрбы тең қайда?
Сонда Досан сөйледі:
Уайым айтпа маған деп,
Рұқсат барсаң саған деп.
Сүйегім тұтам қалғанша
Қайыспаймын бас ұрып.
Патшаға өзім барам деп,
Қауіп етпеймін дұшпаннан
Ажалдан бұрын өлем деп.

Сонымен Иса Тіленбайұлы 1873 жылдың соңында Маңғыстауға жетіп, жанына бірнеше биді ертіп, губернатордан кешірім сұрайды. Әкімдер оған Досанды ұстап алуға көмектес деп тапсырма береді. Оның басқан ізін аңдып, астыртын бақылауға алады. Патша чиновниктері оны халыққа сыйлы, қазақ пен Хиуа түрікмендерінің арасында зор ықпалды адам болғандықтан 1874 жылы болыс етіп сайлайды. Иса Тіленбайұлы тура жолды ұстанған әділ басшы болыпты. Ол айтты дейтін шешендік нақылдар, шағын шумақтар ел арасына кең тараған.

Досанның қыр соңына түсіп, патша әкімдерінің көңілдерінен шығуды, мансапқа қол жеткізуді мақсат еткендер ол заманда аз болмаған. Батырды кең байтақ туған жеріне сыйғызбаған тек қана орыс отаршылдары ғана емес, оған тұзақ құрғандар қатарында сол өлкенің белгілі адамдары да болды. Олар күші азайған, күйі қайтқан Досандарға қол көмегін көрсетудің орнына, орға құлатуға атсалысты. Патша жандайшаптарының өз ойларын қалай жүзеге асырғандығын деректер былай көрсетеді: "Досанның хабарын білген Қабақ Ермәмбетов жеделдете Аничкинге хабарлайды. Дереу Досанды ұстау жөнінде астыртын жоспар құрылады. Ғафурдың туыстары оны отряд келгенше кідіртудің амалын жасайды. Еш қауіп қылмай алаңсыз ұйықтап жатқан кезінде, бейуақта патша әскері Досанға сол қара жігіттің баласы Мұраттың үйінде бас салған". Аничкиннің мәлімдемесінде: "Досан күшті қарсылық көрсетті, бірнеше жерден жараланғанына қарамай арпалысты. Оның ұйықтап жатқан киіз үйі аударылып тасталды. Оның үстінде жай киіммен басқа сауыты бар екен. Солдаттардың: "Сіз осындай кішкентай ма едіңіз?" деп таңданған сұрақтарына: "Алтын үлкен болатын ба еді?" деп жауап бергені көрсетілген.

Ел әңгімесіне қарағанда, Досан батырлығына қоса, соңында үлгілі сөз қалдырған, қисынын тауып сөйлейтін шешен адам болған. Бір деректе қамауда жатқан бала-шағасы мен ағайын-туыстарын азат ету үшін қылған әрекеті әңгімеленеді. Абақтыда жатқан Досан түрме бастығына жолығуға рұқсат алады. 

– Әкімбісің? – дейді оған Досан. 
– Иә, әкіммін, – деп жауап береді ол. 
– Қатын, балаң да әкім бе? 
– Жоқ, әкім емес. 
– Е, олай болса, мен тентек болсам, өзім тентек, қатын балам да тентек пе? 
– Жоқ, тентек емес. 
– Онда оларды неге түрмеге жабасыз? Жазықсыз әйел, бала-шағамен жауласу ақ патшаға лайық па? Ауылымның адамдарын түгел елге қайтаруыңды сұраймын, – депті Досан батыр.

Жүктеу үшін

Дереккөз: "ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар: оқу құралы
Талғат Мекебаев, Пазыл Бисенбаев.

Massaget.kz