- Негізгі бет
- Көкжиек
- Демалыс күндері оқитын...
Демалыс күндері оқитын 5 кітап
Жұмысы бітпейтін қайнаған тіршілік титықтатып жіберді ме? Бір сәт үйіңізде жатып демалғыңыз келді ме? Ендеше, демалыс уақытын да құр жіберуге болмайды. Бұл кітаптар сіз үшін! Демалыс уақытында бір деммен оқып бітіруге болатын қызықты да әсерлі шығармаларды айтып көрмекпіз. Ендеше, іске сәт, құрметті оқырман!
1. Айн Рэнд "Қайнар" ("Источник")
Айн Рэнд тек жазушы ғана емес, Мәскеуден келген мигрант. Ол Америкада 50-60 жылдары жаңа философиялық ұғым қалыптастырған жазушы болды. Былай алып қарасаң, қарапайым ғана жазушы әйел - Америкада феменизмге жол берді. Ал, ол бұл шығармасы арқылы оқырманға әр адамда «өзіндік мені» болуы керек деген ой салады. Яғни, кез-келген адам әр нәрсені өзі үшін жасауы керек деп санайды. Тіпті, сүюді де, қайырымдылық жасауды да дәл солай қабылдады. Олай, болмаса сен ары қарай қозғала алмайсың, талпынбайсың деп жазады.
2. Бердібек Соқпақбаев - "Өлгендер қайтып келмейді"
Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Барлық оқиға шығарманың басты қаһарманы Еркіннің атынан баяндалады. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман. Әр қазақ оқуға тиісті 100 кітаптың бірі боп саналады. Еркіннің тартысты тағдырын білгіңіз келсе, шығарманы оқып көріңіз!
3. Джордж Оруэлл – "1984"
Бұл 1949 жылы басылып шыққан антиутопиялық роман. Белгілі Apple компаниясының вирусты жарнамасына негіз болған кітап адамзат өмірінен жеке адамның өміріне дейінгі құндылықтарды қозғайды. Кітапты мың адам оқыса мың түрлі сюжет, дәл сонша мағына мен мазмұнды байқайтыны анық. Әлемді тану, қоғамды тану, оған өзінше баға беру, адамзатты тану мәселесі жайында көбірек толғанатын адам үшін таптырмас қазына.
4. Джек Лондон – "Мартин Иден "
Мартин Иден – кедей отбасынан шыққан қарапайым теңізші, байдың баласын бұзақылардан аман алып қалып, ақсүйектердің әулетіне кешкі асқа шақырылады. Жоғарғы тап өкілдерінің арасында өзін қалай ұстарын білмей, киімінен де ұялып, әрі-сәрі күй кешеді. Қабырғадағы суреттерге, кітаптардың көптігіне қайран қалады, хор қызындай аппақ, аққудың көгілідіріндей сүйкімді сол үйдің бойжеткеніне ғашық боп қалғаны тағы бар. Олардың әңгімесі, бір-бірімен сөйлесуі, жүріс-тұрысына қарап, қатты қызығады. Сол сәтте Мартин алдына оқимын, білім аламын, интелигенттердің қатарына қосыламын деген мақсат қояды.
5. Марк Твен – "Том Сойердің басынан кешкендері"
Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі, қызықты тартыстарға толы. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVIII ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашықтар тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі көз алдыңа келеді. Кейбір тұстардағы суреттер мен оқиғалар қазақ ауылындағы өмірді көз алдыңа әкелгендей болады.
Ж. Жұмағұлов