«Дарынсыз» деген дарындылар

«Кешіріңіз, бірақ сізде талант жоқ. Дұрысы, шығармашылық «шаруаңызды» қалдырып, қандай да бір қолданыстағы қарапайым мамандықты қолға алыңыз». «Дарынсыз», «үмітсіз», «келешегі жоқ» – өмірді өзінше көретін, өзгеше ойлайтын адамдарға қоғам осындай айдардың неше түрін тақты. Егер сіз өзіңізді һәм өміріңізді өзгерткіңіз келсе, оған түбегейлі қарсы болатын адам қай кезде де табылады. Әлем о баста солай құрылған. 

Владимир Набоков 

1916 жылы Тенишевский атындағы училищенің студенті Владимир Набоков өз күшімен өлеңдер жинағын шығарды. Училищеде сабақ беретін В.Гиппиус жинаққа енген 67 өлеңді талдап, қатты сынға алды. Набоков сынды жақсы қабылдап, әдебиеттен, жазушылықтан бас тарпады. Айтқандай, бұл жинақ Набоковтың өміріндегі Ресейде жарық көрген жалғыз кітабы.

Федор Шаляпин

Федор Шаляпин мен Алексей Пешковтың өміріндегі жағдай да қызық. Кедей студенттер өздерінің материалдық тұрмысын түземек боп жұмыс іздейді. Ән айтпақ болып хорды, журналист болу үшін газетті жағалайды. Жағдайдың қызықтығы да осында: Пешковты «жарамсыз» журналист деп, хорға алады, керісінше, Шаляпинды нағыз әдебиетші деп, әншілік қырын байқамайды. Уақыты келгенде өмір бәрін өз орнына қойды. Әлем ұлы жазушы Горький мен ұлы музыкант Шаляпинді мойындады.

Михаил Врубель  

Константин Коровин естелігінде мынадай қызық оқиға бар: 1884 жылы жазда Коровин мен Врубель Киев мейрамханасына түстенуге келеді. Ас ішіп болған соң, Врубель ресторан иесіне ақша емес, акварельмен салынған суретін ұсынады. Екі рубльдің орнына қайдағы бір шатпақты бергені үшін қожайыны ашуланып, айқай шығарады. Екі күннен кейін Врубель ақшасын әкеліп, «Шығыс ертегілерінің этюды» шығармасын алып кетеді. Міне, сол сурет ғасырдан атам уақыт бойы орыс мұражайының төрінде сақтаулы. 

Альфонс Муха 

«Түбегейлі таланттан жұрдай». Париждегі көркем өнер Академиясына түсуге тырысқан жас суретші Альфонс Мария Муханың профессор Льготтан алған шешімі осы болатын. Емтиханнан құлатқан студенттің бірнеше жылдан кейін арнуво стилінің негізін қалайтынын құрметті профессор сол кезде білді ме екен?! 

Фаина Раневская  

1992 жылы «Who is who» ағылшын энциклопедиясының редакция алқасы Фаина Раневскаяны XX ғасырдың «20 үздік актрисасының бірі» деп таныды. Мәскеудегі театрлардың біріне жұмықа орналасқалы жатқан әртіске режиссердің «дарынсыз» дегеніне сену қиын... 

Уолт Дисней 

Микки Маус пен Қарша қыздың «әкесіне» айналған, діни голливудтық киностудияның иесі, миллиардер, жүздеген әлемдік танымал анимациялық кейіпкерлердің авторы Уолт Диснейдің өмірі сәттілікке құрылған десек, өтірік болар. Өзінің мансабын қалыптастыру жолында Дисней бір баспаға карикатурашы болып қабылданады. Бірақ көп кешікпей оны «қиялдауға қабілеті жетпегендіктен һәм сурет салуға икемі жоқтығынан» жұмыстан шығарып жібереді. 

Стивен Спилберг  

Танымал режиссер өзінің «дарынсыздығынан» кинофакультетіне түсе алмаған. Десе де, онымен қоймай жас Спилберг 20 минуттық қысқаметражды «Amblin» көрсететін Universal-ға тікелей жол тартады. Бақытына орай, компания басшылығы жас дарынмен тез арада келісімшартқа отырады. 

Альберт Эйнштейн  

Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн 4 жасына дейін мүлде сөйлемеген. Ал колледжде ол үшін ең қиын пән физика болған. Ұстаздарының «бұл адам болмайды» дегеніне қарамастан, политехникумның емтихандарынан алған екіліктерін елеместен, Эйнштейн өзінің «физикалық» өзгешелігіне сенді. Айналадағы адамдардың түсінбеуі таңғаларлық нәрсе емес. Ғалымның пікірінше, салыстырмалылық теориясын әлемде бар-жоғы он шақты адам ғана ұғуға қабілетті. 

Джузеппе Верди  

1832 жылы Милан консерваториясына ешкімге елеуіз жас композитор келді. Оның шығармасын тыңдаған басшылық мынадай шешім шығарды: «Консерватория туралы ойламасаңыз да болады. Егер музыкаға аса қызықсаңыз, қалалық музыканттар арасынан өзіңізге жеке мұғалім іздестіріңіз». Он жыл өткен соң Милан консерваториясы кезінде теріс айналған ұлы композитор Джузеппе Вердидің құрметіне консерваторияға есімін беру үшін таласқан болатын. Қызық... 

**** 

Замандастарының естеліктеріне үңілсек, Исаак Ньютон нашар оқығаны соншалық, мұғалімдер оның үмітті ақтайтынына сенбеген. Дмитрий Менделеев Петербург университетінде химия пәнінен емтиханнан өте алмай, педагогикалық бағытқа тапсырған. Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капиц үлгерімі нашар болғандықтан, Кронштадт атындағы училищеден шығарылған. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра берсек, шексіз... Бастысы, сүйікті ісіңізбен шұғылдаңыз! Өзіңізге сеніңіз Һәм өзіңіздің таңдауыңызға ешқашан күмән келтірмеңіз! Сіздің қолыңыздан бәрі келеді!