- Негізгі бет
- Көкжиек
- Біздің Әуезов...
Біздің Әуезов
Бүгін халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың өмірге келген күні. Осыған орай біз артына өшпес мұр қалдырған тұлға жайлы танымал адамдардың айтқан жылы пікірлермен бөліспекпіз.
«Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын».
«Мұқаң - әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бірде-бірінде осалдық көрсетпеген, бәрінде де орасан күшті, бәрінде қатар және тең ұстаған адам. Абайша айтқанда, «Қас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің үлгісі болатын».
Зейнолла Қабдолов
«Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов».
«Бүгiнде Мұхтар Әуезов пен қазақ халқы – бiртұтас ұғым. Бүгiнде Мұхтар Әуезов есiмi қазiргi қазақ халқының мәдениетiн, ойы мен өрiсiн өрнектеп тұр. Бүгiнде «ХХ ғасыр классиктерi» деген ұғым өзiне Мұхтар Әуезов есiмiн қосады».
«Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқатата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек».
Шыңғыс Айтматов
«Біздің Әуезовтен үйренеріміз көп. Әуезов Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде алғаш рет лирикалық, психологиялық биік өрелі прозаны жазуды үйретті».
Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Эпикалық роман «Абай» менің ойымша ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. …Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын».
Луи Арагон
«Мұхтар Әуезовтің «Абайы» − бұл нағыз роман, басқаша айтқанда, өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы суреттерін жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап».
Леонид Соболев
«Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз… Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна-қатесіз танисыз. …Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы!».
Альфред Курелла
«Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!».
Бенжамен Матип
«Сіз Әуезовті әлі оқыған жоқсыз ба? Онда әлі ештеңе оқымаған екенсіз…».
Уәлихан Қалижанов
«Мұхтар Әуезов қазақ халқының да әлемдік өркениетте өзіне лайықты құрметті орны бар екенін “Абай жолы” роман-эпопеясын жазу арқылы дәлелдеп берді».
Дандай Ысқақ
«Адамның немесе халықтың жанын түсiнбей, бiлмей жатып жақсы көре алмайсың ғой. Ал, Мұхтар Әуезов өзiнiң халқы туралы, қазақтар жайлы әсерлi, терең, ғажайып ұлылықпен, ерекше нәзiк түйсікпен суреттегені соншалық әлемнiң кез келген оқырманы, менiң нағыз туған жерiм Қазақстанды, жер бетіндегi қазақ адамының әдемiлiкке және кемеңгерлiкке, еркiндiкке құштар рухын жақсы көріп қалары сөзсіз».
Анатолий КИМ
«Әуезов әлемi бiздi өмiр сүруге, күресуге, сүюге үйретедi».
Нұрлан Оразалин
«Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды. Әуезов бейнесi осыған куә. Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты».
Әбiш Кекiлбаев
«Мұхтар Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұхаңды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау».
Нұрсұлтан Назарбаев
«Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді».
Н.Погодин
«Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да – сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу – әр қазақтың абыройлы борышы».
Дінмұхамед Қонаев
«Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой».
Бержерон
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: azattyq.org
А. Әбілхан