Біз, жазушылар, кәніккен өтірікшіміз

Біз, жазушылар, кәніккен өтірікшіміз

(Жапонның атақты жазушысы Харуки Муракамидың әл-Құдыс (Иерусалим) әдебиет сыйлығын алған кезде сөйлеген сөзі)

Мен бүгін бір жазушы ретінде Иерусалимге ат басын тіредім, ал біз, жазушылар, кәніккен өтірікшілерміз. Әрине, мұнда жазушы ғана өтірік айтады дегендік емес, жамағатқа белгілі болғандай, саясаткерлер де, сыртқы істер шенеуніктері де, мүйізі қарағайдай генералдар да, тіпті, үй алып-сатар мен жендеттер де мұның сыртында емес. Бірақ, ешкім жазушы пақырды жазғырып жатқан жоқ. Керісінше, өтірікті қаншалық шеберлікпен қиюластырса, қауымның пікірі соншалық жақсы болады. Неге дейсіз ғой? Ал тыңдаңыз, себебі жазушы болған адам тігісі жатқан шебер тілме өтірікті құрастырып, қарамаққа шын болғандай туынды жаратады. Міне, осылай шын болмысты қазып алып, оны белгілі мәнге жүкті етеді. Әрине, шындықты қаз-қалпында жайып салу шығарманың шығар жолы емес, сондықтан біз шындықты болмыстағы бекіністен алып шығып сосын оны қиял көгімізде самғатамыз, дей тұрғанмен жазушы пақырдың жүрек түкпірінде ащы ақиқат қайнап жатады. Міне, мұның өзі жазушы шығармашылығына ауадай қажет алғышарт еді.

Бірақ, мен бүгін өтірікке ерік бергім келмейді, тап шынымды айтуға тас-түйін келдім. Жыл бойы бірнеше мәрте шын сөйлеймін, ал бүгін сол күннің кезегі келіп отыр. Елдегі кезімде бір адамдар менің бұл жерге келіп Иерусалим әдебиет сыйлығын алуыма тіс-тырнағымен қарсы болды, тіпті көзден шұқып ескерту беріп, егер айтқанын істемесем елдегі кітаптарымның жарық көруіне шектеу салмақ та болды, әрине басты себебі Газа мәселесі, БҰҰ сынды құзыретті органдардың санағына негізделсек осындағы бүлік салдарынан мыңнан аса қала халқы жанынан жұда болған. Олардың басым көпшілігі қолында көк темірдің сынығы жоқ, бейкүнә қарттар мен балалар екен.

Марапатталған шақыруды алған соң, көп ойландым, толғандым, осындай ерекше мезгілде Иерусалимге баруым жөн бе? Үйлесер ме? Барсам қақтығыстың қайсы бір жағын қолдағандық болар ма? Не құқай көрсетіп құрал көтерген күшті елдің шашбауын көтергендік болып қалар ма деп сан түрлі ойға кеттім. Әрине, мен де кітабымның басылмай шектеуге ұшырауын қаламаймын, «Сап-сап көңілім, сап көңілім» деп ақыры келуге бекідім, осындағы көпшілікке өз ойымды айтқым келді, үнсіз қалуды жөн көрмедім, келуді таңдадым, тосырқамадым, жалтармадым.

Ең әуелі осында өздеріңізге жеке құпиялығым, яғни, жазудағы басты ұстанымымды айтқым келіп тұр. «Мылқау дуалға соғылған нәзік жұмыртқа мен дуал арасында мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын». Иә, мейлі қабырға дуалдың қылшықтай қателігі болмасын, жұмыртқанікі қаншалық жолсыз болсын, мен мәңгі жұмыртқаны жақтаймын. Басқалар ақ пен қараны айырамыз деп дал болар, бәлкім таразы уақыт пен тарих өз тезіне сала жатар, бірақ әлдебір жазушы қабырға дуалдың қалқасына өтіп, оның сойылын соқса, шығармасында не құн болмақ?.. Бұл мысалмен нені айтпақшы болып отырғанымызды түсінген боларсыздар?..

Бомбалаушы ұшақ, танкі, зымырандар – бұлар әне сол биік дуалдың символы. Ал, жұмыртқа ше? Ол қолында көк темірдің сынығы жоқ, сол құралдардан қырғын көрген қара халық. Бұл мысалымыздың алғашқы айтар мәні, ал әрі жағына үңілсек, біз барлығымыз нәзік жұмыртқамыз, қағаздай қабыршыққа бөленген уыз рухтың иесіміз. Сосын өмір сапарымызда биік қорғанмен бетпе-бет келетін кездеріміз бар. Ал ол қорған – құрылым. Менің шығарма жазардағы табан тірер тиянағым ол әр тіршілікке деген өскелең құрметім, және барша тірлікті тіршіліктің шүлен шұғыласына шомылдыру. Туындыларымның айтары да сол рухты тонатпай, жұртты құрылымның құрсауынан құтылдыру. Мен білгенде жазушының діттегені пенделік ғұмырдағы өлім мен өмір, махаббат, толықсыған сезім, үрей, ерен күлкіні әңгімелеп, жан иесінің сыршыл жүрегін қытықтап, ғажап өмірдің ең аяулы екенін сезіндіру.

Міне, бұл менің қызықты өмірге қырғидай тиіп, тоқтаусыз туынды жаратуымның себебі.

Былтыр әкем тоқсан жасында өмірден озды. Оқытушылықтан зейнеткерлікке шыққасын, бұтханада мінәжатын жалғастырды. Жас шағында Токиодағы зертханада оқып жүргенде зорлықпен әскерге алынып Қытайға соғысқа жіберілген. Соғыс көрмеген мен оның әр күні таңғы шайдан бұрын үйдегі бұддың алдында іждағатпен мінәжат етіп отырғанын көріп таңдана қарайтынмын. Бір жолы кезегі келіп әкемнен себебін сұрап едім, ол кісі: «Мінәжаттің бәрін соғыста құрбан болғандардың рухына арнаймын, мейлі ол жауынгер жолдасым не жауым болсын» деп жауап берді.

Сонда мінәжат еткен әкемнің ту сыртынан қарап отырып айналаны өлімнің елесі қаптағандай сезінуші едім. Әкем өмірден озды, ол өзінің мен мәңгі сезіне алмайтын естеліктерін өзімен бірге ала кетіп, маған айналаны қаптаған өлім елесін ғана қалдырып кетті. Мен үшін осы дүние ол кісіден қалған аз ғана дүниенің ішіндегі ең маңыздысы.

Ал бүгін көпшілікке айтайын дегенім біз ең әуелі шекара, сенім, ұлт айырылмаған дара тұлға ретінде жұмыртқамыз, бетпе-бет келіп тұрған «құрылым» деп аталатын мылқау дуал ол қанша зәулім, құрыштай берік болып, қарамаққа бет қаратпайтындай болғанымен, оған қарсы келу үшін біз өзіміздегі рухтың мүлде қайталанбас рух екеніне, осы рухтардың толағай тоғысуынан туған ғаламат күштің оны жеңетініне сенуіміз керек.

Бір сәт болса да, уақыт шығарып мынаны ойлауымыз керек, біз барлығымыз ерен тірі рухтың иесіміз. Бұл құрылым да мәңгі жойылмайды. Біз құрылымның қанауында қалмай, қайта еркімен кеткен құрылымды тектеуіміз керек, өйткені құрылым бізді емес, біз құрылымды жараттық қой. Міне, бұл менің бүгін сіздерге айтайын дегенім.

Өмірбаян
Харуки Мураками – атақты жапон жазушысы және аудармашы. Постмодернизм бағытында жазады. Мураками ағылшын тілінен жапон тіліне Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Труман Капот, Джон Ирвинг, Джером Сэлинджер және тағы басқа XX ғасырдағы американ прозашыларының шығармаларын, сондай-ақ Ван Альсбург пен Урсула ле Гуиннің ертегілерін аударған. Атақты «Егеуқұйрықтар» атты трилогиясы бар.

 

 

 

Аударған: Қастер Бауыржан

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: studen-online.ru 

M. Auelkhan