Бүгін – Булгаков туған күн

Вот это я тебе, взамен могильных роз, 
Взамен кадильного куренья; 
Ты так сурово жил и до конца донес 
Великолепное презренье. 

Ты пил вино - ты как никто шутил 
И в душных стенах задыхался, 
И гостью страшную ты сам к себе впустил 
И с ней наедине остался…
Анна Ахматова «Памяти М. А. Булгакова» 

"... Булгаков – алдыңғы қатардағы интеллигенция өкілі. Ол бүкіл саналы ғұмырында болмысынан титтей болса да тоғышарлық, жабайылық пен жалғандық бар дүниенің бәріне жиіркенішпен қарайтын. Жазушы өмір бойы ақымақтық және зұлымдықпен арпалысумен өтті. Бұл арпалыстың себебі біреу ғана, Булгаков адам баласының тексіз әрі санасыз болуға құқығы жоқ деп білетін.
Жекпе-жекте жазушының теңдессіз қаруы болды, ол - сарказм, ашу, ирония һәм өткір тіл. Ол қаруын нақ сермеді". 

Константин Паустовский "Булгаков и театр"

Бүгін – өз ісінің хас шебері, жазушы, драматург, театр режиссёрі әрі актер Михаил Афанасьевич Булгаковтың туған күні. Орыс әдебиетінің ұлы өкілі жарық дүние есігін ашқанына биыл 126 жыл.

Болашақ жазушы Киев діни академиясының оқытушысы Афанасий Иванович Булгаков пен оның жұбайы Варвара Михайловнаның отбасында дүниеге келген. Ол отбасындағы 6 бауырының үлкені болды.

1901-1909 жылдары Бірінші Киев гимназиясында оқып, кейін Киев университетінің медицина факультетін бітірген.

1914 жылы Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталған шақта Киев әскери госпиталінде дәрігерлік қызмет атқарған. 1915 жылы бірінші жұбайы Татьяна Николаевна Лаппамен шаңырақ көтереді (Толық әрі қызықты ақпаратты төмендегі “Татьяна Лаппа-первая жена Булгакова” деректі фильмінен біле аласыздар). 

Булгаков 1916 жылдың 31 қазанында «үздік емші» дипломымен марапатталды.

1917 жылы ол дифтерияға қарсы екпеден туындаған ауырсынуды жеңілдету мақсатында алғаш рет морфий (мак өсімдігінің сүтті шырынынан алынатын, ауру басуға қолданылатын есірткі түрі) пайдаланады. Жазушы өмірінің осы тармағынан туындаған «Морфий» атты әңгімесі бар. Мазмұны жағынан автордың «Жас дәрігер жазбаларына» сай келсе де, морфинист туралы шығарма аталған жинаққа енбеген.

1919 жылы Азамат соғысы кезінде Михаил Булгаков әскери дәрігер ретінде бірінші Украина халық республикасына, кейін Қызыл Әскерге, одан соң Оңтүстік Ресей Қарулы Күштеріне, соңында Қызыл Крестке өтеді. Осы кезде ол корреспондент ретінде жұмыс жасай бастайды. 1919 жылдың 26 қарашасында «Грозный» газетінде «Грядущие перспективы» фельетоны жарыққа шықты. Михаил Афанасьевич 1920 жылы жұқпалы сүзек ауруына шалдығып Владикавказда қалады.

1921жылы Мәскеуге қоныс аударғаннан кейін, «Гудок», «Рабочий» газеттері мен «Красный журнал для всех», «Медицинский работник», «Россия» журналдарында Михаил Булл және  М.Б. лақап аттарымен шығармалары жарық көрді. Сондай-ақ, ол «Зеленая лампа», «Никитинские субботники» әдеби үйірмелерінің мүшесі болды.

1924 жылы Татьяна Николаевнамен ажырасып, бір жылдан соң Любовь Евгеньевна Белозерскаямен бас қосады. Сол жылы «Собачье сердце» повесі, «Зойкина квартира» және «Дни Турбиных» пьесалары жазылып, «Дьяволиада» сатиралық әңгімелері мен «Роковые яйца» повесі жарық көрді.

Кейін М.Булгаков Ленинградқаласына көшіп, онда Анна Ахматовамен кездеседі. 1929 жылы жазушы өзінің үшінші әйелі Елена Сергеевнамен танысып, 1932 жылы үйленеді.
 
1930–1936 жылдар аралығында Михаил Булгаков Мәскеу көркем акдемиялық театрында  режиссер-ассистент қызметін атқарды.

1934 Михаил Булгаков Кеңес жазушылары одағына кірді және «Шебер мен Маргарита» романының бірінші нұсқасын жазып бітірді.

Аты бүкіл дүниежүзіне мәлім Михаил Булгаков шығармасы жан-жақты әрі тылсым дүниеге толы. Осы қалыппен жазушы әлем алаңында үлкен мәртебеге ие болған. Оқырман қауым жазушы романын әлі күнге дейін сүйіп оқиды. Жазушының ең атақты романы – «Шебер мен Маргарита» кітабы. Михаил Булгаков бұл шығарманы жазу үшін он бір жылын сарп еткен. Ол өмірінің соңына дейін осы шығармасына әртүрлі өзгеріс пен толықтыруды енгізіп отырған. Алайда роман араға отыз жыл салып қана жарыққа шығады. "Шебер мен Маргарита" XX ғасырда жазылған ең үздік орыс шығармасы болып есептеледі.