Бүгін – белгілі сатирик, ұстаз Үмбетбай Уайдиннің туған күні. Көзі тірі болса, ол кісі 84 жасқа толар еді. Көзкөргендердің әр күнін айналасына жақсылық жасаумен өткізіп, әр сәтін оймен өрген жазушы жайлы айтары көп. Олардың бәрі бірауыздан Үмбетбай Уайдннің көл-көсір пейілін, әппақ жүрегін, көркем мінезін, тынымсыз еңбекқорлығын сүйсіне еске алады.
Үмбетбай Уайдин артына 30 шақты кітаптың сыртында мол мұрағат қалдырған жазушы. Ол кісінің жазған сықақтарынан, ой орамдарынан айналасына асқан жанашырлықты, мейірім мен жауапкершілікті көруге болды.
Бүгін біз айтулы жазушының ойлы сөздері, афоризмдерінің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз:
1. Айтары жоқ бастық
Ақырып-бақырып сөйлейді.
Айтары бар бастық
Шабыт шақырып сөйлейді.
2. Асып-тасқан адам аспанға қарайды, сүрінгенде жерге қарайды.
3. Адамнан сөз жоғары шықса - қауіп, сөзден адам жоғары шықса - жақсылық.
4. Қайыру көрмеген мал
Қасқыр мен қасапшыға кез болады.
Қайыру көрмеген адам
Қасіретке тез барады.
5. Күліп жүріп істесең - іс өнеді,
Жылап жүріп істесең - іс өледі,
Жылауыңды қоймасаң - іс емес, кісі өледі.
6. Біреуді құртқың келсе, мақтай бер, мақтай бер.
Мақтай беретіндерден Алла, Құдай,
Мені де, оны да, оларды да сақтай гөр, сақтай гөр!
7. Әкіреңдеген әкімге де - бір зауал,
Әкіреңдеген әркімге де - бір зауал.
Қорыққанда олар неге құдайшыл?
- Барлығыңа ортақ бір сауал.
8. Тағдыр. Тағдыр ісі. Тағдыр таяғы... Кете береді, кете береді. Сонда баласының тағдырға тәуелді болғаны ма?
Тағдыр - тәңірден. Тәңірдің пешенеге жазғанына әр адам өз қолымен тағы қосады. Бұдан шығатын қорытынды: бақытсыздыққа біреулер тағдырдың таяғымен барады, біреулер өзінің аяғымен барады.
9. Әдемі адам әдемі емес, әдепті адам әдемі.
10. Махаббат жайлы мақалдап, мақамдап сөйлеме, махаббатпен сөйле.
11. Батпаққа басымен еңкейе құлаған сиыр құйрығымен жер сабалап жатыр. Тұсынан поезд зулап өтті. Велосипед тепкен балалар да өте шықты. Сиыр құйрығымен жер сабалап жатыр.
... Сиыр емес, шындық құйрығымен жер сабалап жатыр. Оны түсінетін, оны құтқаратын кім?
12. - Саяжайға жер алдық. Жүр, көр, - деп, бір күні балалардың шешесін ертіп барғанмын. Саяжайлық тере-е-ң сайды көріп, ол шошып кетті.
- Құрсын, мынауың не сұмдық. Қайтарып бер, басқа жазықтау жер сұра, - деді.
Осындай әңгіменің күні бұрын болатынын біліп, дайындап қойған жауаптарымды іске қосып жібердім.
- Не нәрсе де ұқсатуына, ұқсататын адамына қарай. Саяжайлық жер саған сайдан тисе, ақ ордадай үйің биікте, орталықта. Бес балаң бар. Біреуде бір де бала жоқ. Жаман шалың және бар. Біреуде жаман шал да жоқ. Сонда қалай, жақсы үй сенде, жақсы саяжайлық жер сенде, жақсы шал сенде - қысқасы, жақсы атаулының бәрі сенде болу керек пе?
- Сен сөйтесің ғой.
- Енді... сөйтпегенде... Бұл жерді өткізсек, оны алатын біз сияқты адам ғой. Игеретін қайратты шалы бар ма, жоқ па - қайдан білесің?
Сөйтіп, бір жеңіс менің жағыма шықты
13. Айналайын, адамдар,
Айналайын адамдар,
Кім жылап, кім күліп жүр, -
Айналаға қараңдар!
Кәмшат Әбілқызы