ХІХ ғасырда барынша қанат жайып, өрістеген сал – серілік өнер екендігі баршамызға мәлім. Қазақтың сал-серілері қашаннан халық арасында құрмет тұтылып, ел ішіне сыйлы болған. Бір ауылға сал-серілер келді десе, сол ауыл ішкен асын жерге қойып, тайлы-таяғы қалмай сал-серілер түскен үйге келген. Әнін тыңдап, лебізін естуге құмар халық сал-серілерді төбелеріне көтеріп, барынша еркелеткен. Сондай сал-серілердің бірі де бірегейі, ел еркесі – Біржан сал. Өн бойына ақындық-әншілік, композиторлық-орындаушылық, ойыншылдық өнерді сәтті тоғыстырған Біржан салдың өнерпаздығы ерекше. Сегіз қырлы, бір сырлы сал Біржаннан қаншама өшпес мұра, ән қалды.
Сондай әндерінің бірі - «Айтбай» әні. Ендеше, «Айтбай» әнінің шығу тарихы мен мәтіндік жағын талдап, қарастырып көрейік. «Айтбайдың» шығу тарихы жөнінде әр түрлі деректер кездеседі. Айтбайға ата-анасы ер баланың ныспысын берген, себебі қазақ халқында қыздардың артынан ер бала туылмаса, ұлдың есімін қоятын болған. А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Біржан салдың «Айтбайы» Айтбайға ғашықтықтан туған ән деп көрсетіледі. Ғалым Қ.Жұмалиевтің айтуынша, Біржан ғашық болып қана қоймай, ән шығарып, осы қызға үйленген. Менің ойымша, А.Жұбановтың келтірген дәйегі шындыққа сәйкес келеді. Неліктен? Себебі, Е.Ысмайылов «Айтбай» әнінен кейін Біржан қосыла алмағасын «Ғашығым», «Ғашық жар» деген әндер шығарды» дейді. Осы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Біржанның тек Айтбайға ғашық болып, жеткенше асығып, «атының бауырына тепкі салып» келе жатқан жолда шығарған әні деп айта аламыз.
Ән тарихы жөнінде айтарымыз осы, ал ән мәтініне келер болсақ, әр жылдары шыққан жинақпен (1959, 1967, 1989, 2005) ән мәтінін салыстырғанда, кей сөздердің өзгеріске ұшырағанын байқаймыз.
"Қазақ біріккен мемлекеттік баспасынан" 1959 жылы шыққан «Б.Қожағұлұлының әндері» жинағындағы мәтінде:
Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейін деп,
Келемін Айтбай сұлу ауылына.
Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға ерінбейді, - деп берілсе, "Жазушы" баспасынан шыққан 1967 жылғы «Б.Қожағұлұлы» деген жинақта былай беріледі:
Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейін деп,
Келеміз Айтбай сұлу ауылына.
Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға мүдірмейді.
Ал, 1989 жылы жарық көрген «V ғасыр жырлайды» жинағындағы мәтін мынадай:
Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейік деп,
Келеміз Айтбай сұлу ауылына.
Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға мүдірмейді.
2005 жылы шыққан «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы» атты еңбектегі ән сөзі:
Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейін деп,
Келемін Айтбай сұлу ауылына.
Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға ерінбейді, - деп берілген.
Ән мәтініндегі «ішейін, келемін, ерінбейді» сөздер «ішейік, келеміз, мүдірмейді» болып өзгеріп отырады.
Қазіргі кездегі үлкен мәселе – ХІХ ғасырда шығарылған әндердің басқа адамдарға телінуі немесе мәтіндердегі ауытқушылықтар. Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Сегіз Серінің «Назқоңыры» бүгінде Иса Байзақовтікі деп аталып жүр. Сондай әндердің қатарына Біржанның «Айтбай» әнін де жатқызуымызға болады. Бірақ оның бір ерекшелігі – авторы нақты, бірақ ән сөзінен өзгешеліктер туындап, негізгі түп мәтіні қайсысы деген мәселеге назар аудартып отыр. Дәстүрлі әншілер мына мәтінмен орындап жүр:
«Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды ту көтерген думан жерім,
Қарқара, сұлу Көкше – жер шоқтығы,
Сарыарқа, алтын ана, асқар белім.
Қайырмасы:
Жер шоқтығы Көкшетау,
Тал, қарағай, бақша, бау.
Бауырында сексен көл,
Иісің жұпар аңқиды-ау».
«Айтбайдың» басқа мәтінде орындалуының негізгі себебі, М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазған кезде арияға осы «Айтбай» әнін алған. Бұл әнді Біржан сахнаға алғаш шыққанда айтып шығады. Әннің сөзін Қажым Жұмалиев Қоянды жәрмеңкесіне лайықтап жазған. Бүгінгі күні ән мәтіні ел арасына таралып кетіп, Біржанның «Айтбайына» телініп жүр.
2010 жылы шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына Ж.Елебековтің орындауында кейін жазылған ән мәтіні орындалады.
Әннің алғашқы жазылған мәтінін өзіне қайтарып, бұрмалауларға жол бермегеніміз жөн болар деп ойлаймын. «Әдебиет пен өнер егіз» екенін білеміз, сондықтан әдебиетшілер текстологияны жөндеп бергенде өнер адамдары дайын дүниеден қашқақтамайтын болар...
Арнайы Массагет.кз үшін Ақжүніс Оспанқызы
сурет:alashainasy.kz
Дайындаған: Фараби Бақыт