Сіздердің назарларыңызға белгілі ақын-жазушылардың тосын ойлары мен тапқыр жауаптарын ұсынамыз:
*** *** ***
Шотландия ақыны Роберт Бернс бірде Лондонда Темза өзенінің жағасында серуендеп жүріп, жақсы киінген бір етжеңді адамның суға құлап кеткенінің куәсі болады. Сол сәтте бір бала суға қарғып түсіп, әлгі адамды құтқарып қалады да, жаңағы адам балаға ұсақ тиындар ұсынады. Бұны көргендер қатты ашуланып, жаңағы жуаннан өш алмақшы болады. Бірақ Бернс оларға кедергі жасап: - Тимеңдер! – дейді, – ол өзінің құнының қанша екенін біліп тұр...
*** *** ***
Француз философы Монтень бірде:
- Шамасы, дүниеде ең әділетті бөлінген нәрсе – ақыл болса керек, - депті.
- Бұны неге сүйеніп айтып отырсыз?
- Себебі, ақылым жетіспейді деп шағым айтқан адамды әлі кездестірген жоқпын.
*** *** ***
Бірде Флоберден бір белгісіздеу жазушының шығармашылығы туралы сұрағанда, ол:
- Мен оны әркез сыйлап, қадірлеумен келемін, сондықтан да оның ештеңесін де оқыған жоқпын, - депті.
*** *** ***
Марк Твен газет редакторы болып тұрғанда кабинетіне қарулы қарақшы кіріп:
- Қолыңызды көтеріңіз де барыңызды алдыңызға тастаңыз, - деп ақырғанда, ұлы жазушы жымиып: - Ойпыр-ай, сіздер ме едіңіздер, мен тағы да біреу өлеңдерін әкелді ме деп шошып кеткенім, - деген екен.
*** *** ***
Онере де Бальзактың артында қалған мол мұрасы – оның таланттылығымен бірге тез әрі көп жазатындығының белгісі болса керек. Бірде «Бальзак неден қайтыс болды?» деген сұраққа журналист Леон Гозлар: «Ол алпыс томдықтан!» деп жауап беріпті. Ал бұл сұрақ пен жауаптың бір кезде көлденең шығатынын білгендей Бальзак былай деп кетіпті:
- Мен әдебиетте ақымақтарға аз орын қалу үшін молынан қамтып, өндірте жазуға ұмтыламын...
*** *** ***
Бірде қолпаштаушыларының ортасында отырған Эдгар Поға бір жас жігіт келіп, өзінің Поға өте жақын адам екенін көрсетпекші ниетпен оны құшағына алып:
- Қымбатты, По, сізді көрмегелі қашан?! – деп айқайлап жібереді. Сонда Эдгар По:
- Жарық дүниеге келгеннен бері... – деп жауап береді.
*** *** ***
Бір дарынсыз ақын Жәмиге өзінің жазған өлеңдерін оқып беріп:
- Даңқымды шығару үшін мен мұны шаһардың қақпасына қағып қоймақпын, - дейді. Сонда Жәми:
- Ойбай-ау, бұл ғазалдың сенікі екенін жұрт білмеуі мүмкін, өзіңізді қасына дарға асып қойыңыз, - депті.
*** *** ***
Бірде неміс жазушысы Теодор Фонтане редактор болып қызмет істеп жүргенде, біреудің бір топ өлеңдерімен қоса қосарланған хатын алады. Онда былай деп жазылыпты: «Мен өлеңдерімдегі үтірді әдейі қоймай отырмын. Керек деп тапқан жеріңізге өзіңіз қоя беріңіз». Сонда Фонтане: «Келесі жолы кілең үтірлерді ғана қойып жіберіңіз, ал өлеңді мен өзім-ақ жазам» деп жауап жазып, қолжазбасын қайтарып жіберіпті.
*** *** ***
Бірде Жюль Верннен:
- Сіздің қай мезгілде қиялыңыз шарықтау шегінде қызмет атқарады? – деп сұрағанда, атақты фантаст бірден:
- Таңертеңгілік, ұйқым ашылмай – тағы да бірер минут жата түсу үшін себеп-салдар ойлап табарымда, - деп жауап беріпті.
*** *** ***
Ақын-жазушылардың басы қосылған той-томалақта Горький беріле тербеліп ән айтады. Сонда Чеховтан біреу:
- Горький неғып көзін тарс жұмып ән айтып тұр? – деп сұрайды. Сонда Чехов:
- Горький жаратылысынан нәзік жанды адам ғой. Мұндағы көпшіліктің өзінің әніне қиналғанын көргісі келмейді,- деген екен.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesmiruznaet.ru