29 сәуір – ақын Ұлықбек Есдәулет, Маралтай Райымбекұлы және Қайсар Қауымбектің туған күні. Ұлықбек пен Маралтай қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, халыққа танылып үлгерген ақындар болса, Қайсар Қауымбек ағаларынан кейін әдебиетке өз ортасын ала келген талантты жастардың бірі.
Қазақ әдебиетінде бір күні дүниеге келген (әрине, туған жылдары бөлек) үш жазушы бар. Олар – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей. Үшеуінің әрбірі көкте күнмен тілдескен әдебиеттің ұшар биік шың-құздары. Қазақтың әр буын ұрпағының қиялын әуелетіп, көңілін тербетіп, ойын тереңдетіп, өрісін кеңейткен ұлы туындылардың авторлары. Бүгінгі туған күн иелері де солар бағындырған биікті бетке алып келе жатқан қазақ әдебиетінің майталмандары. Айырмашылығы - олар жазушы болса, бұлар - ақындар...
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген.
Ақынның «Көздеріңе ғашықпын» (1974), «Жұлдыз жарығы» (1977), «Алтайдың алтын тамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Перевалы Алтая» (1988), «Заман-ай» (1999), «Киіз кітап» (2001), «Ахиллесова пята» (2003), «Қара пима» (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбiлхаят» (естелiктер, эсселер, 2009) кiтаптары, Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы (2006), Шығармалар жинағының 6 томдығы (2006–2009) жарық көрген.
Ақынның өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. Бірқатар өлеңдері шет ел тілдеріне аударылған. Өзі де көркем аударма саласында М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Қазақия
Қазақиям – азат ұям,
Қоңыр жұртым, ұлы елім.
Қаңқылдаған қаз атынан
Сөз саптаған сүлейім.
– Қанға қан!– деп,
– Жанға жан!–деп,
Атам қазақ үйреткен.
Өтті ғасыр сандаған көп
Ақ сойылын сүйреткен.
Шыңбысың сен – Хан-тәңірім,
Әлде Бетпақ – шөлмісің,
Қаңсыса да қан тамыырың
Қыңқ етпейтін көнбісім.
Тасыдың да жуасыдың,
Түпсіз арнаң толсашы,
Дүниенің күнәсінің
Жуылатын моншасы.
Аялаған азаттығым
Бұбұл ұшса басымнан,
Кімге керек қазақтығым
Мақтан еткен жасымнан?
Төбеңдегі Айды мына
Тұмарыңдай көремін.
Қапалы да, қайғылы да,
Қоңыр елім, өр елім.
Топырақтың табын сездім,
Жүгірдім де жығылдым.
Отан деген назым сөздің,
Мәнін сенен ұғындым.
Аспандай кең атамекен,
Иі қанбас көн дала,
Сені сүю – қате ме екен,
Сүйіп өтем сонда да!
«Жетім бұрыш»
Қорлықты мына кiм көрген:
Алматы толы – үйсiздер.
Үйсiз де күйсiз жүргенмен
Ұрпақтың қамын үнсiз жер.
Кiргенi – кiсi есiгi,
Соңан да көңiл жайланар.
Сәбидiң сәмбi бесiгi
Тербелер бұрыш қайда бар?
Ол үшiн кiм бар қайғырған,
Алматы толы – жетiмдер.
Малдасын құрған маймылжан,
Торыңның маған шетiн бер!
Сағаттың тіліне қарсы
Медеуге күнiге баршы,
Айдынға үңiле қалшы:
Жұрт түгел сырғанайды онда,
Сағаттың тiлiне қарсы.
Байқашы жан сырын ұғып,
Көзiнде таң шығы күлiп,
Осы жұрт жынданған жоқ па
Уақытқа қарсы жүгiрiп?
Парызды ойланар күн кеп,
Бұл да бір қолға алар міндет:
Сағаттың тіліне қарсы
Кағбаны айналар үмбет.
Жұмбақ-ау,
Тегi, бұл жалған,
Бәрiнiң өңi нұрланған.
Тапты екен қандай қанағат,
Уақытты керi бұрғаннан?
Ағарған самайымды
Елге
Көрсетпей жабайын демде...
Сағаттың тiлiне қарсы
Жүгiрiп бағайын мен де!...
Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев 1969 жылы 29 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданында туған. Тұңғыш жыр жинағы 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Ай-Нұр» деген атпен жарық көрген. Бұдан соң оқырманға «Ай» атты жинақ ұсынды. «Қарлығаш», «Қос ішек», «Толқыннан толқын туады», «2000 жылдық Дала жыры», «Жас ақындар антологиясы» сияқты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген.
ҚР Президенті стипендиясының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 2008 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Кентавр» өлеңдер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған.
Күз. Аалматы.
Мен секілді сағына ма түсінде,
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны,
Түсінгеннің бірге кетер ішінде
Алматының бір мұңы бар, бір мұңы!
Күрең шашын, алтын сары кірпігін,
Бауырыма басып дел-сал реңін,
Бірге жамап жүрегінің жыртығын
Көшесінде мең-зең болып жүремін.
Алматының аспанында бір мұң бар,
Кімдікі ол, соны білмей далмын мен.
О дүние мен бұ дүниелік тұрғындар,
Сенікі ме әлде Аллам – алды кең?!
Алматының бір мұңы бар, бір мұңы,
Түсінгеннің бірге кетер ішінде.
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны
Мен секілді сағынар ма түсінде!?
Түсіндіре алмаса да өлеңім,
Күз де оған кінәлі емес тегінде.
Тек сол ғана біледі деп себебін,
Раушановтан сұрауым жөн менің де!
Алматының көшесінде арман жүр,
Күз келгенін ертең құстар сездірер.
Сонда айтылар, ал әзірге
қалған жыр –
Соры қалың жүрегіңді ездірер.
Тұма сезімнің тұнығын жырлап, құла жүйріктің бірі болып әдебиетке ат ізін салып кірген жас ақын – Қайсар Қауымбек. 1987 жылы 29 сәуірде ҚХР, Іле облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Аспаннан келе жатыр көктем көшіп (цикл)
Ақпанның соңы — ақ қардың соры,
Бақтардың бәрін жылатқан.
Сусиды көрпе жапқан күлтелі,
Сыңсиды сылқым бұлақтар.
Наурыздың басы — жалғыздың жасы,
Қар қыздың қош бол дегені.
Ағыл да тегіл тау – құздың басы,
А-ха-хай көктем келеді!
Керіліп шықты керім бел алдан,
Тебіндеп өскін – құлын жал.
Менің де қарғам көңілде жанған,
Сезімге малған жырым бар.
Жымия келді, қиыла келді,
Құйыла келді тұмаға.
Бізге де бір бақ бұйырады енді,
Булығып, сәулем, жылама.
Сол ескі жырдың жалғасы қалған,
Қысырдай қылпып түлеп ем.
Биылғы жылдың төл басы болған-
Бұлқынып туған бұл өлең.
***
Сені Алматы - ару дейді ел,
Сенем мен.
Көйлегіңнің етегіне ілесіп,
Көлбең қағып мен де артыңнан жөнелгем.
Қарсы алдымда жалаңаштап кіндігін,
Сол Алматы маған қарап тұр бүгін.
Алатаудың жас тоқалы секілді,
Жанарына жасырған бір сұмдығын.
Кездесу де, күю, сүю – түс бәрі,
Есімде жоқ қалай құлап, құшқаным.
Жүрегім деп айтты кейін сені ағам,
Мен жағамды ұстадым.
Ал сенің ше?!
Түрің де жоқ қымсынар,
Ақ төсіңе шайыр біткен ұмсынар.
Айдындықтай білегіңді жастанып,
Ақындардың өлетіні шын шығар.
Қайран, менің аппақ арлы далам-ай,
Қалай кеттім қайрылып бір қарамай.
Абайсызда арбалған бір бейбақпын,
Кешір мені, адал, аңғал ағам-ай!