Болат Мүрсәлім. Қазақ жастары оқуға міндетті 10 кітап

Болат Мүрсәлім. Қазақ жастары оқуға міндетті 10 кітап

Белгілі журналист, әдебиеттанушы Болат Мүрсәлім қазақ жастары оқуға міндетті 10 кітапты ұсынады.

 
1. "Көшпенділер. Қаһар". Есенберлин Ілияс
Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты "Көшпенділер" трилогиясы негізгі орын алады‚ ол эпикалық құлаш-қарымымен‚ оқиғалардың серпінділігімен‚ қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғалардың бейнесімен‚ тілінің шынайлығымен және айқындылығымен ерекшеленеді. Трилогиясы тарихта ешқандай "жоғалып кетулердің" болмағанын‚ осы ғасырлардың бәрінде де қазақ халқы өзінің ежелгі жерінде өмір сүріп‚ еңбек еткенін сенімді түрде көрсетеді.
 
 
2. "Соғыс және бейбітшілік". Толстой Лев
Наполеонға қарсы екі соғыстың (1805 және 1812 жылғы Отан соғысы) оқиғаларын сипаттайтын роман-эпопея үлкен табысқа ие болды. Романның "1805" атты үзіндісі "Русский вестникте" 1865 жылы жарияланады. 1868 жылы романның үш бөлімі жарық көреді. Шығарма тараулар мен бөлімдерге толы, олардың көбі сюжеттік тұрғыдан аяқталған, Толстойдың "Соғыс және бейбітшілігі" оқырманды уақыт пен кеңістікке саяхатқа шақырады. "Соғыс және бейбітшілік" 1863—1869 жылдары жазылып, 1865—1869 жарияланады.
 
 
3. "Қылмыс пен жаза". Достоевский Федор Михайлович
Достоевский шығармаларының ішіндегі ең көрнекті шығармасы – "Қылмыс пен жаза" романы. Романда Раскольников образы, Раскольников тағдыры арқылы озбырлық пен өктемдікке, адамның адамға үстемдік құруына күйрете соққы береді. Раскольниковтың кемпірді өлтіруі өзін өлтірумен тең боп шығады. Сол арқылы ол өз бойындағы адамгершілікті өлтіреді. Өзгелер үшін өзін құрбан етіп, басып қорлыққа байлаған Соня Мармеладованың идеологиясы жеңіп шығады. Әрине, Достоевский геройларының жеңісі шығарманың бетінде емес, тереңінде. Өйткені ол іс-харекет жеңісі емес, адамгершіліктің, гуманизмнің жеңісі.
 
 
4. "Абай жолы 1 кітап". Әуезов Мұхтар
М.Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. "Абай жолы" – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, шығармалық және қайраткерлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған. "Абай жолы" роман-эпопеясына шетелдік қаламгерлер Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип т.б.жоғары баға береді.
 
 
5. "Құм құрсауындағы әйел". Абэ Кобо
"Құм құрсауындағы әйел" адамның ойына келмейтін сюжеттермен өріледі. Ники Дзюмпэй атты 31 жастағы мұғалім, этномолог, бір жұмбақ жәндікті іздеп жүріп, теңіз жағалауындағы құм ішінде орналасқан ауылға кез болады. Түнеп шығуға үй сұраған соң, бір шал оны үлкен шұңқыр түбіндегі үйге арқан саты арқылы түсіреді. Жалғыз үйдің тұрғыны күйеуі мен қызы құм көшкінінен қайтыс болған жалғызбасты әйел екен. Роман соңын жазушы тамаша аяқтаған.
 
 
6. "Жүз жылдық жалғыздық". Маркес Габриэль Гарсиа
Габриэль Гарсия Маркестың "Жүз жылдық жалғыздық" романы ХХ ғасырдың ең оқылымды шығармаларының бірі. Роман желісінде Маркес Макондо деген қалашықтың тарихын баяндайды. Ал кейін осындай қаланың бар екені анықталады. Жазушының Отанына жақын маңда, Колумбияның тропикалық түкпірінде орналасқан жер расында да бар болып шыққан. Бірақ сонда да Маркестің суреттейтін қалашығы оқырман санасында географиялық обьектіден гөрі ертегі қалашығы немесе аңыз қалашығы болып қалатынына күмән жоқ.
 
 
7. "Батыс майданда өзгеріс жоқ". Ремарк Эрих Мария
Жазушы шығармашылық жолын "Батыс майданда өзгеріс жоқ" (1929) романынан бастады. Роман Боймер, Мюллер, Кропп, Леер, Кеммерих секілді соғыс құрбандарының жан тебірентерлік сезімдерін бейнеледі. Ресми хабар ақпараты "батыс майданда еш өзгеріс жоқ" деп жариялап жатқанда, 19 жасар бас кейіпкер оққа ұшады. Бұл қаза ақылға қонымсыз соғыс сұмдығынан, рухани дағдарыс қаупінен құтылу амалынан туындаған шара еді.
 
 
8. "Поэмалар". Құнанбайұлы Абай
Абайдан қалған үш поэма бар. Олар: "Масғұт", "Ескендір", "Әзім әңгімесі". Соңғысы аяқталмаған. Бұлардың бәрі де ақынның бұрынғы шығармаларындай қазақ өмірінің шындығын суреттеуге құрылмаған, Шығыс халықтарының аңыз, ертегілері сюжетіне дастан үлгесінде жазылған. Оқиғалары шағын, көлемдері аз келеді. Аңыздарды ақын, көбінесе, өзіне қажет ұстаздық, тәрбиелік ой-мақсаттарға бейімдеп, көпке үлгі етуде ойлаған.
 
 
9. "Поэмалар". Мақатаев Мұқағали
Ақиық ақын Мұқағалидың "Ильич", "Ақ қайың әні", "Ару-ана", "Мавр", "Аққулар ұйықтағанда", "Қырандастар, қош болыңдар", "Чили-шуағым менің", "Шекарада", "Большевиктер", "Өмірдастан", "Арман", "Шолпан", "Досыма хат", "Алтай-Атырау", "Отаным, саған айтам", "Райымбек! Райымбек!", "Қашқын", "Жер үстінен репортаж", "Моцарт. Жан азасы" атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған "Моцарт. Жан азасы" реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды.
 
 
10. "Қош бол, майдан". Хемингуэй Эрнест
Жазушының 1929 жылы шыққан "Қош бол, майдан" романы Э.Хе­мингуэйдi бүкiл әлемге танытты. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi Америкадағы экономикалық қаржылық дағдарысқа қарамастан, кiтапты дүкен сөрелерiнен табу мүмкiн емес едi.
 
Дереккөзі: Аdebiportal.kz
 
Сурет: Болат Мүрсәлім
Ш. Талап