- Негізгі бет
- Көкжиек
- Болашақты дұрыс болжаған...
Болашақты дұрыс болжаған кітаптар #2
1. Жалғандық детекторы
1924 жылы пайда болған жалғандық детекторы көркем әдебиетте әлдеқашан іске қосылып қойылған еді. Э.Балмер мен В.Макхаген бірлесіп жазған «Лютер Трент» («The Achievements of Luther Trant», 1910 ж.) шығармасында алғаш рет айтылған детектор 14 жылдан кейін басқа салаға қызмет жасай бастайды.
2. Күн энергиясы
Хьюго Гернсбек 1911 жылы «біртүрлі» аталатын «Ральф 124C 41+» романын «Modern Electrics» журналында жариялай бастайды. Адамзаттың игілігін ойлаған жазушы өзі жасап шығара алмаса да, Күн сәулесінен энергия алуды армандаған екен. Жазушының арманы тек 67 жылдан кейін ғана орындалады. 1978 жылы тұңғыш рет калькуляторлар Күн энергиясы арқылы қуатталады.
3. Атом бомбасы
Герберт Уэллс адам баласын ғана емес, Жер ғаламшарының күлін көкке ұшырып жіберетін атом бомбасы мен ядролық соғыс туралы 1914 жылы «Құтқарылған әлем» (Освобожденный мир) кітабында жазады. Жапонияның қалаларын қиратқан атом бомбалары жазушының күдігінің шынайы өмірдегі мысалына айналады.
4. Дыбыстық пошта
«Адамдар құдай сияқты» (Люди как боги). Уэлстің бұл романында айтылған дыбыстық пошта туралы идеяны жүзеге асыру үшін 57 жыл керек болды. Жаңа техника жер бетіне 1980 жылдан бастап қана тарала бастады.
5. Жасанды ұрықтандыру
Ғылымды дәріптеуші және көреген ғалым Дж. Б.С. Холдейн «Дедал, немесе ғылым және болашақ» (Дедал, или наука и будущее) (1924 ж.) кітабында жасанды ұрықтандыру идеясын ортаға салады. 1973 жылы алғаш рет процесс сәтті өтіп, адамзатқа қызмет еткен идеяға айналады.
6. Гендік инженерия
Олдос Хакслидің атақты «Ғажайып жаңа әлем» (О дивный новый мир) антиутопиясын оқымаған жан жоқ шығар... Келешектің кемшіліктерің кекесінмен ерте болжаған жазушының шығармасында айтылған гендік инженерияға алғашқы қадамдар 1972 жылы жасалды.
7. Толықтай бақылау
Джордж Оруэллдің 1948 жылы «1984» романын жазып шығады. Сананы тұсаулап, қиялды шектеп, роботқа айналдырғысы келетін «билік» туралы шындықты шығармасына арқау еткен Оруэллдің айтқаны айдай келеді. Демократия деген аты болмаса, әлі де бұл шындық өзектілігін жойған жоқ.
8. «Тамшылар» құлаққаптары
1950 жылы Гай Монтэг досы Фабермен «Фаренгейт бойынша 451 градус» (451 градус по Фаренгейту) кітабында шағын құлаққаптармен тілдеседі. Екі кейіпкердің қолданған затына басқалар тек жарты ғасырдан соң ғана «Apple» компаниясының туындысы арқылы қол жеткізеді.
А. Оралқызы