- Негізгі бет
- Көкжиек
- Бөдененің құйрығы неге...
Бөдененің құйрығы неге қысқа? (ертегі)
Фото:
alashainasy.kz
Халқымыздың бай мұраларының бірі – ертегі. Бүгін біз сіздерге "Бөдененің құйрығы неге қысқа?" атты халық ертегісінің екі нұсқасын ұсынамыз.
І нұсқа
Бұл былай болған екен. Ертеде мынау, төмен жақта бір биік тау болыпты. Ол таудан ары қарай ешбір құс асып өте алмапты. Нелер ұшқыр, қыран құстар талаптанып көріпті. Бірақ шамалары келмепті. Бүркіттің ұшқыш қыраны келіпті, аса алмапты. Қырғидың атақтысы келіпті, ол да аса алмапты. Ең соңында «Енді кім қалды?» дегенде бөденеден басқа құстардың бәрі өз бақтарын сынап көріпті. Бөдененің атақтысы шақырылыпты.
«Тәуекел» деп, бөдене ұша жөнеледі. Шырқап көтеріліп барып, таудан олда аса алмапты. Содан соң ызыланған бөдене зымырап құйылғаннан құйылып келіп, тауды көкірегімен соққан екен дейді. Сонда ол таудың ар жағына бірақ өтіпті. Міне, содан бері қарай қонғанда, аяғымен қонбайды, көкірегін жерге соға қонады. Ал құйрығы неғып десек, әлгі тау тесігінің арасында жұлынып, қалып қойыпты... Әйтпесе, бұрын бөдененің құйрығы қырғауылдың құйрығындай ұзын болса керек. Сөйтіп, биік таудан аса алмаған құстар ары қарай бөдене тескен тесіктен өтіп барыпты.
ІІ нұсқа
Бар екен, жоқ екен, баяғыда бөдене мен түлкі дос болған екен. Бір күні түлкі бөденеге айтады:
– Досым, сен мені бір өлердей, күлдірші,– дейді. Бөдене:

– Жарайды, соңыма ер, — дейді. Сөйтеді де, бөдене бытбылдық, бытбылдық деп, ұшып кете береді, түлкі оның соңынан еріп отырады. Әлдене уақытта бөдене бір ауылдың сыртына келіп қонып, түлкіге:
– Досым сен осы жерде қарап отыр, мен сені қазір күлдірем,– дейді. Осылай деп, бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған бір әйелдің басына қонады. Мұны үйдің жанында ағаш жонып отырған оның күйеуі көріп:
– Қатын, басыңа бөдене қонды, қозғалма, оны мен ұрып алайын, – дейді. Дейді де, қолағашты алып, бөденеге жіберіп қалады. Бөдене ұшып кетеді. Әйел сулап қалады. Түлкі шек-сілесі қатып күледі. Түлкі әлдене уақытта күлкісін әрең тыйып:
– Досым, ризамын, өлердей күлдірдің. Енді сен мені өлердей бір қорқытшы, – дейді. Бөдене:
– Жарайды. Мен бытбылдық, бытбылдық деп ұшып отырам, сен көзіңді тарс жұмып, менің соңымнан еріп отыр. Қөзіңді мен аш дегенде ғана аш, – дейді. Осылай бөдене бытбылдықтап ұшып отырады, түлкі көзін жұмып, оның соңынан жортып отырады. Бір кезде бөдене түлкіге:
– Көзіңді аш, – дейді. Түлкі көзін ашып жіберсе, төңірегі тола ит жүгіртіп, құс салған аңшы екен. Түлкінің жүрегі тас төбесіне шығады.
– Өлді деген осы екен, — деп, ол бар пәрменімен қаша жөнеледі. Ит, құс соңына түсіп қуады.
Түлкі бір уақытта қашып құтылып, бір бұтаның түбіне келіп, демалып отырады. Әлденеуақытта бөдене келеді. Оған түлкі ашуланып:
– Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе, ем. Сен мені қорқытпақшы емес, өлтірмекші болған екенсің. Сен маған дос емес, қас екенсің. Мен сені жеймін деп, бөденеге дүрсе ұмтылады. Бөдене пыр етіп, ұшып кетеді. Түлкі оның құйрығың жулып алып қалады. Бөдененің құйрығы осыдан шолақ болған екен.
Ж. Жұмағұлов