- Негізгі бет
- Көкжиек
- Белгілі жазушылар жайлы...
Белгілі жазушылар жайлы белгісіз деректер
Әлем әдебиетінің алтын қорына керемет туынды сыйлаған авторлардың өмірдеректері кеңінен зерттелгенімен, жиі сөз етілмейтін тұстары да бар. Бұл биографтардың олқылығы ма? Әлде, оқырмандардың сұранысы ма?
Әрине оқырмандар өздерін таңдандырған тамаша туындының авторы жайлы тереңірек білгісі келетіні айқын. Олай болса танымал жазушылардың бізге беймәлім қырлары мен қағидаларын назарларыңызға ұсынамыз.
Танымал «Диканька хуторы маңындағы кештер» авторы туралы алуан аңыз айтылады. Замандастары жазушының көптеген «ерекшеліктері» жайлы жарыса сөз етіседі. Мәселен, Николай Васильевич Гоголь орындықта отырған күйі ұйқыға кететін болған, қолөнермен шұғылданған (орамалдар мен күртешелер тіккен), өзінің ең керемет туындыларының бәрін тікесінен тік тұрып жазып шыққан.
Ащы сарказм мен өткір тілді ирония, юмор! Әрине, Антон Чехов! Бұл автор почта маркаларын асқан ыждаһаттылықпен жинаған екен, тіпті маркалар саны бірнеше мыңдаған экземплярға жетіп жығылған. Ал күйбең тіршіліктен шаршап, уақытша күйзеліске түскенде кірпішті балтамен ұсақтап жанына тыныштық тапқан. Сағат бойы үзіліссіз, еш нәрсеге көңіл аудармай қиыршықтаған тастарын бақ ішіне әлдебір ынтызарлықпен төсейтін де болған.
Федор Достоевский қаламының ерекшелігі - шығармаларындағы кейіпкерлердің барлығының дерлік шынайы түптұлғалары бар. Ол жаңа таныстық бастауды өте ұнатқан, кейде таныс емес адамдармен де әңгімеге кірісіп кете берген. Жазушының замандастары естеліктерінде Достоевский жазуға кіріскен уақытта тамақтануды да ұмытып кететіндігін атап өткен. Ол күн ұзаққа бөлме ішінде сөйлемді дауыстап айтып жүрген, жазушының сырын білмеген кейбір атқосшылары бұл әдетін түсінбей, өзге жағдайға теліген кездері кездескен.
«Анна Каренина», «Соғыс және бейбітшілік» секілді тамаша туындылардың авторы, 82 жасында өзіне құлай берілген, шығармаларын бірнеше сағат бойы ерінбей көшіріп отыратын сүйкімді жарынан бас тартқан. Бұл жағдайды жазушы жұбайы екеуінің көзқарастарының келіспеушілігінен деп түсіндірген. Дегенмен бұл уақытта олар отбасылық 48 жылды бірге өткерген.
Лев Толстой туралы қызықты фактілер мұнымен түгесілмейді: жазушы ет өнімдерімен тамақтанбаған, отбасылық жер иелігін карта ойнап жүріп ұттырып алған, материалдық байлықты мойындамаған, үнемі шаруалармен, қарапайым адамдармен араласқан және қажырлы еңбекті бағалаған. Жазушы өзі күніне бір уақыт есік алдында қара жұмыспен шұғылданбаса, жазуға еркін кірісе алмайтынын айтқан. Сонымен бірге, туыстарына, достары мен таныстарына аяқ киімдер тіккенді жаны сүйген.
Владимир Набоковтың үлкен әуестігі – энтомология. Сағат бойы шалғында әдемі көбелек көрсе қуалап жүре берген. Дегенмен, жазушының ең сүйікті кәсібі – жазу. Автордың жазу қағидаты ерекше. Бүкіл шығармаларын үш те бес дюмдегі карточкаларға жазған және карточкалардың бұрышы сүйірленген болуы бұлжымас заңдылық саналған.
Ағылшын жазушысы, моденист Вирджиния Вулф: «Әрбір әйел жазуға кірісуі үшін өз бөлмесі мен қажетті құралдары болуы керек» дейді. Вулф үшін ең маңызды әрі керекті элемент – түс. Эрнст Ледерер секілді, жұмыс барысында түрлі түсті сияларды пайдаланған. Жасыл, көк, қызыл, ең сүйікті түсі – күлгін. Сонымен қатар, «Миссис Дэллоуэй» авторы шығарманы тік тұрып жазғанды жөн көрген. Бұл жағдайда өзіне ыңғайлы болуы үшін тапсырыспен жасалған шағын мольбертті қолданған.
Эдгар Аллан По өмір бойы қараңғылықтан қорыққан. Бұл жағдайдың себебін болашақ жазушы балалық шағында қабірде сабақ үйренгенінен іздеуге болады. Эдгар По барған мектептің әлеуметтік жағдайы тым төмендігі соншалық, балаларды кітаппен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған. Математика пәнінің мұғалімі балаларды қабірлер арасында оқыту тиімді деп тауып, әрбір құлпытастағы жан тапсырған адамның дүниеге келу-кету уақытын есептету арқылы өз пәнін үйреткен.
О. Сансызбай