Бәйшешек - қыстың ызғарын қуып, ерте көктемде бүр жарып шығатын гүл. Бәйшешектің басқа гүлдерден ерекшелігі де сонда...
60-шы жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде бүр жарған "Бәйшешек" әдеби бірлестігі бүгінде кең даланың ауасында еркін тыныстап, жайқалып өсіп келеді. Мұндай іргелі рухани бірлестік техникалық жоғарғы оқу орындарында тұрмақ, педогогикалық университтерде де жоқ. Болса да, тек аты ғана, жастарды шығармашылыққа баулу ісінде бел шешіп, білек сыбанып жатқан ешбірі жоқ. Ұйым болғасын ондағы ұйымшылдық деген нәрсе де болуы міндетті. Мұндай ұйымшылдық осы ортаның жастарын бір шаңырақ астына жинап, шығармашылық шырынымен азықтандыруда. Әр оқу орынынан сейсенбі күні студент жастар осында асығып жетеді. Себебі оларды мұнда рухани шабыт пен жарқын жүзді достар күтеді. Олар бірі-бірімен жарысып отырып, сиясы кеппеген жырларын оқиды, кеше ғана дүниеге келген прозалық шығармаларымен таныстырады. Олар осындағы ақындар жазған өлеңдерге ән жазып, өздері орындайды. Күй тартылады, дәстүрлі әндер шырқалады. Сын айтылады. "Бәйшешектің" басқа ұйымдардан ерекшелігі де сонда...
Оларға әдебиет теориясының өлең жазудың қыры-сыры бойынша сабақ жүргізіп, жетекшілік етіп жүрген қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, жазушы Аспандияр Әденұлы Өмірбеков.
Ең алғаш бірлестікке бірінші жазылып, ақ батасын берген Ақжан Машани болды. Ал Бәйшешектің алғашқы әдеби кеші Ілияс Есенберлинмен кездесуден басталады.
Сол кездегі Политехникалық институттың студенті, бүгінгі ғалым-философ, университеттің оқу, тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ұлықпан Сыдықов ұйымдастырған бұл ұйымнан Иран Ғайып, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Қарабек, Бақтылы Өскенбаева, Бақытжан Тобаяқов секілді танымал ақындар өсіп шықты. Әйгілі Дос-Мұқасан ансамбілі мүшелері қалыптасты. Бұл ұйым Кеңес кезеңіндегі ұлттық рухтың ұлт мәдениетінің жандануына көп септігін тигізді. 1990-жылғы тоқыраудағы үзілістен кейін 2000-жылдардан бастап, «Бәйшешек» тағы да жанданып, бой көтере бастады.
Жақында әдеби бірлестіктің өз жыр жинағы шықпақ.
Ақындықтың аспанында қалықтап қанатын кеңге жайған ұйымның белді мүшелері:
Мұрат Сұлтанбай - ҚазҰТУ магистранты, күйші, жас композитор, үш әннің авторы
Қайсар Қауымбек - ҚазҰУ студенті, ақын
Жақсылық Қазымұрат - ҚазҰУ студенті, ақын, "Қара ала сырмақ" жыр жинағының авторы
Ретбек Мағаз - ҚазҰПУ студенті, айтыскер ақын, "Жастар жырлайды" сайысының бас жүлдегері
Алтыншапақ Хаутай - ҚазҰПУ магистранты, жас ақын
Қаламдарыңызға қарым тілейміз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: exclusiveflowers.ru, "Бәйшешек" әдеби бірлестігінің жеке сурет қоры