Байрон неге сергелдең өмір кешті?

«Туған жердің маңдайының қырсығын,

Арылуға керек болса бір шығын -

Жаным әке!

Құрбандыққа шал мені!

Қиналма сен қиылар деп қыршыным!» - деп, шарық ұра жырлайтын ақын Байрон ХІХ ғасырдағы Ұлыбританияның үздік ақыны. Оның мәртебесі бүгін де дүниеге әйгілі. Ол 1788 жылы Лондондағы қаусаған ақсүйек отбасында дүниеге келген. Байрон оқушы кезінен бастап өлең жазған. 1812 жылы жариялаған «Чайльд Гарольдтың сапар естелігі» оның атағын шығарған туындысы. 1816 жылы Байрон Ұлыбританиядан Италияға қоныс аударды. Осыдан кейін сергелдең күй кешкен ақын еркіндікті жырлаған көп өлең жазды, мұның ішіндегі аяқталмай қалған туындысы «Дон Жуан» ең әйгілі өкілдік шығармасы. 1823 жылдың басында Грецияның түріктерге қарсы ұлт азаттық қозғалысы басталды. Байрон жазып жүрген «Дон Жуанды» тастай салып, Грецияға жол алып, Греция халқының еркіндік, тәуелсіздік жолындағы әділетті күресіне қатынасты. Содан, 1824 жылы 19 сәуірде Греция жерінде қайтыс болды. Сол жылы ол 44 жаста ғана болатын. Ардагер ақын 1812 жылы Ұлыбританиядан кеткеннен кейін, қаза болғанға дейін туған топырағына оралған емес.

Кейбіреулер, Байронның жат ел, жат жерде сергелдең өмір кешуінің сыры, оның саяси сенімі Ұлыбританияның негізгі саяси идеялық ағымына қарсы келген, ол содан барып жат ел, жат жерді паналаған дейді. Байрон Ұлыбританияда тек ақын ғана емес, саяси қайраткер, баяндамашы еді. Ол сол кездегі АҚШ буржуазия республикасын армандап, адамдық құқықты ашық қорғап, зорекерлікке қарсы күрес жасаған. Жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін, жоғарғы палатада сөз сөйлеп, сол кездегі Тори партиясының билеушілерін қатаң айыптайды. Кезінде біреулердің Байронды іздеп келіп: «Егер, саяси майданыңнан шегінетін болсаң, сені айыптауды тоқтатамыз» дейді. «Лондон шолушысы» журналының редакторы Йохан Скотта кейінгі кезде, билік басындағылардың айтағымен ақынға әділетсіз шабуыл жасағандығын мойындайды. Алайда, Байрон өзіне қарсы топтағыларға мүлде бас имейді. Ол «Төзуге болатынына мүмкіндігінше төземін, ал, төзе алмасам батыл қарсы шығамын. Олар қиын қылғанда мені осы қоғамнан қуғындайтын шығар, мен бұл қоғамға әсте жағатсымаймын! Разы да емеспін» дейді.

Тағы біреулер, Байронның мінезі Ұлыбританияның жоғары жігіне мүлде үйлеспеген, сондықтан шеттеп алысқа кеткен дейді. 1811 жылғы Жерорта теңізіне жасалған саяхаттан кейін жазылған «Чайльд Гарольдтың» дастаны Байронның атағын аспанға бірақ шығарды. Жоғары жіктегілер арасында ең әйгілі шолпанға айналып, мәртебелі ханымдар мен ханшалар ақынның аяғына жығылып, мінәжат тұтатын адамына айналды. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Бай-манаптар Байронның еркіндікті аңсаған ерке мінезін ұнатпады да оған қарсы шабуылға өтті. Тіпті, сылтып басатын аяғына дейін оның міні болып бетіне басылды. Балағат сөздермен жәбір-жапа жаңбырша жауды. Осындай жағдайда ақын аса ашынған көңілмен: «Бұлайша болғанда менде Ұлыбританияда жасайтын бет қалмапты, мұның бәрі жалған болған күнде де мен бәрібір, мен Ұлыбританияға таңсық емеспін» дейді. Ақын осылайша туған топырағынан жылап қоштасып, мәңгі қайтып оралмайды.

Және біреулер, Байронның Ұлыбританиядан кетуі, махаббат соққысынан болған дейді. Тәкаппар ақын отбасының бұғауын қаламайтын. Еркін өскен жан еді. Ал оның әйелі Анна Миллибанке дағдыдан аумайтын қарапайым әйел болатын. Оның ақынның мінез-құлқын түсінетіндей халы болмады және ақын қателіктеріне кеңшілік етерліктей төзімі болмады. Ақыры әйелі ажырасу бекіміне келді. Ал әйелін жанындай жақсы көретін ақын Байрон бұған қосылмады. Шипагермен тіл табысқан әйелі Байрон жүйке ауыруына кіріптар болды деген дәлелдеме құжат жаздырды да, қызын ертіп кетіп қалды. Әйелінің қайтып келуін қанша күтсе де, ақыры үміті үзіліп, көңілі қабағат құлазыған ақын Ұлыбританияда қимайтындай ештеңесінің қалмағанын сезінеді. Жүрегі пара-пара болған ақын, жанына сергелдең өмірден дауа іздеп, туған жерімен қош айтысты.

Енді біреулер, ақынның туған жерінен кетуіне кейбір қауесеттер де себеп болды деп қарайды. Мұның ішіндегі ең бастысы Байронның жанындай жақсы көретін, өгей шешесінен туған әпкесімен болған байланысы. Жала жабушылар Байрон туған әпкесінен бала сүйді деп те соқты. Ақынның әпкесіне деген ыстық сүйіспеншілігінің алаулаған махаббат сезіміне дейін ұласқандығын зерттеушілер теріске шығармайды. Мұндай сүйіспеншіліктің ақынның мазасын алғаны соншалық, ақын еріксіз елден айрылуға мәжбүр болады. Ол Августаға былай деп толғайды:

...Таласар кім бар өзіңмен,

Ерекше жансың сымбатты.

Теңіздегі әндей үзілген,

Даусың да сенің тым тәтті -

немесе:

Айта алмай сенің атыңды,

Қайғы да мені қажытты.

Сол сөздің дерті айқын-ды,

Сөйлесем етер жазықты.

Жүзімді жуды сорғалап,

Көл болып аққан көз жасым.

Тұрар-ау үнсіз білдіріп,

Жанымның терең астарын.

Мейірге шөлдер әр күнім,

Жым-жырттық қанша тұншығар!

Сонау бір шаттық, қайғының,

Барма екен кезі тыншығар?

Бұғауды бұзсам жай табам,

Тәубеге келіп жылайық.

Бөліне ұшып қайтадан,

Құшаққа келіп құлайық...

Байронның мұндай мінезін сол кездегі қоғам көтере алмады. Сондықтан ол ата-қоныс, туған топырағына хош айтып, тұтас Еуропаны кезіп, сергелдең күй кешті. Тіпті сүйегі де жат елде қалды.

Ақынның туған топырағынан кетуі жайлы жинақталған мұндай пікірлерге, бүгінгі күндегі кейбір зерттеушілер толық қосыла да қоймайды. Ақынның мұншама қасіретті талғамдарға баруының сыры неде? Бұл бүгінгі күнге дейін талас-тартысқа толы тақырыптардың бірі болып келеді.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: ria.ru