Биылғы жылы қазақ поэзиясының мерейін асқақтатын жыл. Көзі тірі болғанда қара өлеңнің марқасқалары
Қадыр, Тұманбай, Жұмекен 80-ге толар еді,
Есенбай Дүйсенбаев, Дүйсенбек Қанатбаев сияқты ақын ағаларымыз 75-ін тойлар еді. Амал нешік, ағып жатқан уақыт өз төрелігін айтады, аяулы ағаларды өз ұршығымен иіріп әкетіп жатыр. Кеше ғана арамызда жүрген
Сәкен Иманасовтың орны да бір бөлек көрінетін. Сол Сәкен ағаның екі томдық таңдамалысы «Алатау» баспасынан 2014 жылы жарық көріпті.
«Соғыстан соң туғандар» толқынының да қатары сирей бастады. Күні кеше өзінің таза ақындық болмысымен жан жадырататын
Ибрагим Исаев ағамыз да о дүниелік болып кете барды. Кейінгі үш жылда үш кітап шығарған ақын аға асыққан екен. Соңғы 2014 жылы жарық көрген
«Ой өлшемі» кітабында ақынның екінші бір тынысы ашылғандай әсерде боласың. Өлең тақырыптарының өзі сан алуан, әрі тың. Осы кітаптағы өлеңдері арқылы өмірмен қоштасқан ақын бейнесі көз алдыңа келе береді.
Ей, жазира, мен сенен биік тұрмын,
Биік тұрмын, самалын сүйіп қырдың,
Сенің төсің құлпырып кетсе екен деп,
Өлеңімді нөсер ғып құйып тұрмын, – деп қоштасады. Бір өзі 1200 ән тексін жазған, мөп-мөлдір, тұп-тұнық поэзия иесі Ибрагим ақын елімен бірге жасай береріне кәміл сенеміз.
Рафаэль Ниязбектің үш томдығы жарық көрді. Ол өз еңбектерінде қилы-қилы тағдыр кешкен қазақ халқының ерлігі мен елдігін, арғы-бергі тарихын, мемлекетіміздің мерейі, замана келбеті, ауыл тұрмысы, уақыт тынысы, адамдар арасындағы қарым-қатынас жайында шынайы суреттейді.
Жер-жерде, ел-елде облыстардың кітапханасы шығып жатыр. «Сарарқа кітапханасы бойынша шыққан ақын
Жүрсін Ерманның «Асыл ажар» атты кітабын ерекше атап өткіміз келеді. Ақын Жүрсін Ерман үнемі ізденіс үстінде екендігін жыл өткен сайын талғам ұстанымының биіктеген үстіне биіктей түскендігінің куәсі болып жүрміз.
Жүрсін ақын бір ғана ырғақпен, біркелкі бунақпен жазудан қашады. Әр өлеңін жаңа бір сырлы әуезбен әрлеп, жаңаша нұрлы әуенмен өрнектейді. Бұл – оның өлең техникасын еркін меңгерген басты ерекшеліктерінің бірі десек, қателеспейміз.
Ақын
Ғалым Жайлыбайдың үш томдығы және «Сарыарқа кітапханасы» бойынша
«Бір тал үкі», сондай-ақ
«Қара орамал» атты кітаптары жарық көрді. Өз жыр жолында ақын Абай баба бастауынан қанып ішеді, ұлы ақынның алдында тағзым етеді. Абай рухын қозғаған өлеңдері ерекше асқақ тыныспен ағады. Ал тағы бірде Құнанбай қажы есімін айтуға қорқақтап, тайсалып жүрген кездерде Алматының төрінен:
...Тобықтыда Құнанбай тумаса егер
Құнанбайдан Абайда тумас еді,–
деп саңқылдап жыр оқығанда, Ғалым ақын көзге көрінбес тағы бір биікті бағындырған еді. Ғалымның
«Қара орамал» поэмасы қазақ поэзиясында резонанс туғызды.
Бір ғана бөлігінен үзінді келтірейік.
...Бір қыстың таңында біз Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жаттық. Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті. Қастарында балалары бар. Үлкендер бізді көрген соң сәбилерге қарап бірдеңе айтқаны мұң екен, балалар бізге қарап тас лақтыра бастады. Айдауылдар: «Сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінін байқадыңдар ма?» – деп қарқылдап кеп күлсін. Тұтқын әйелдер: «Бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» – деп налыды. Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда жатқан тастан сүт пен ірімшіктің иісін сезгендей болдым. Шетінен тістеп көрсем, дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп тастарды теріп алып, баракқа алып келдім. Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді.
«Жалаңашкөл» маңында,
Сол АЛЖИР-дің жанында –
Құрт лақтыртқан Анасына қазақтың,
Құрт лақтырған Баласына қазақтың –
АЛТЫН КЕШЕН салып қойсақ қайтеді?
Жарасар ед, әй тегі...».
Өткен жылы
Серік Ақсұңқарұлының «Ұзан» атты кітабы жарық көрді. Ол алғаш Ақтоғайда, кейін Қарағандыда жүріп-ақ өз даусын қазақ сахарасына түгел жеткізген таланттың бірі. Жиырмаға жетер-жетпесінде. Кейінгі кездері де Серік поэзиясынан асқақ рух, өткір, өжет байламдар айта отырып, адамдардың жіберген кемшіліктері арқылы бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу идеясы бой көрсетеді. Оның
Пушкинді, Димитр Методиевті, Есенинді, Бунинді, А.Вознесенскийді, Е.Евтушенконы, Р.Рождественскийді мол оқығандығы өз өлеңдерінен де, тәржімаларынан да көрініп тұр. Соңғы жылдары жазғандарынан
«Қасқырдың монологы» мен «Қабіріңе қойдым бес шоқ қара гүл» жыр-хамсасын бөле жара атауға болады.
Алматыдан жырақта жүріп танылған тағы бір тегеурінді жырдың иесі
Тыныштықбек Әбдікәкімов есімін өлеңсүйер қауым жақсы біледі. Оның «Алтай-Ертіс» кітапханасы арқылы жарияланған бір томдағы оқырманмен қауышты. Кітап – сөз жоқ, біз шолу жасап отырған жылдағы жаңалық екендігін айтпау ақиқатқа қиянат болар еді.
Тыныштықбек жырларындағы көркемдік көзге ұрып тұр. Теңеу де, эпитет те, метафора да – бәрі-бәрі кездеседі. Бір қуанатыны – ақын соның бәрін әсемдеп, көркемдеп жазайыншы деп өзін-өзі күштемейді, табиғи көркемдік табиғи таланттың жүрегінен көктемгі жаңбыр тамшыларындай мөлдіреп төгіле береді.
Сөз реті келгенде айта кетуіміз керек, еліміз тәуелсіздік алған кейінгі жылдар бедерінде діни ағымдағы шығармалар жазыла бастады. Оған
Сәрсенбек Бек-мұратұлы, Гүлнәр Шамшиева, Светқали Нұржан, Керім Елемес туындыларын енгізуге болады. Қостанайлық
Ақылбек Шаяхмет «Иман жүрек айнасы» атты кітап шығарған екен. Өлеңдері бүкіл әлемдік ислам туралы түсініктерді жинақтаған.
Жалпы, діни поэзия бізге керек, біздің көп азаматтар осы бағытта өлең-жырлар жазып жүргенін білеміз.
Қызылордалық ақын
Қатира Жәленованың «Сырдан ұшқан қарлығаш» атты кітабы жарық көріпті. Ішінде қазақ поэзиясының абызы
Әбділда Тәжібаевтың хаттары да бар екен. Қатира
«Жаз өтті» деген өлеңін былай деп жазады:
Ақ таңдар булап,
Алтын нұр жалатқанында,
Жаз өтті зулап,
Құстардың қанаттарында.
2014 жылы біраз ақынымыз алпыс жасқа толды. Солардың ішінде айрықша айтатынымыз –
Ұлықбек Есдәулетов. Түрік тіліне, қытай тіліне, моңғол тіліне, орыс тіліне, қырғыз тіліне кітаптары аударылып басылды. Бұл қазақ поэзиясы үшін үлкен мәртебе.
Алпысқа толған ақындардың бірі
Әділғазы Қайырбеков он томдық шығармаларын жинақтап шығарды. Соның ішінде үш томы поэзия. Әділғазының:
Көз алдымда қар жауған күн,
Үшеуміз кездескен...
Сол әсерді суреттеуге жетер емес сөз дестем.
«Бақыт жайлы өлең оқып берші!» – дедің өтініп,
«Бақыт деген қар жауған күн!
Екендігін сезбестен... – деп жазған болатын. Осы өлеңнің өзінен-ақ Әділғазы Қайырбековтың қайталанбайтын ғажайып ақын екенін сезінуге болады.
Ақын
Төрегелді Тұяқбай «Бастау», «Өз көзіммен», «Қарлы құйын», «Орман аңызы», «Жан дауысы», «Сүймегендер сағынбайды» атты поэзия кітаптарымен жақсы таныс. Оның
«Төрт тоғыс» атты жаңа кітабында жаңалық бар. Ол сөзді билетеді, сөз өнерінен би табады, жүз қырық сөз биі соның дәлелі.
Ақын
Қасымхан Бегмановтың жыр сүйер қауымға танылғанына көп болды. Ол өзінің шын ақын екенін дәлелдеді. Оның
«Күреңбел» атты жаңа жыр жинағы ерекше әсер қалдырды. Өлеңдерінің көбі антологиялық өлеңдер.
Тағы бір талантты ақын
Әбубәкір Қайранның екі томдық жыр жинағы жарық көрді. Оның
«Жасыл жаңбыр» атты лирикалары ғажап. Ал
«Наркескен» кітабындағы
«Кенесары», «Ерасыл» поэмалары
Ілияс Жансүгіровтен кейінгі эпикалық поэзияның нағыз жауһарлары деп санауға толық негіз бар.
Өткен жылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі
Баянғали Әлімжанов алпыс жасқа толды. Оның
«Қорасан қарақшының қолмергені» атты жаңа поэмасында албырттықпен түрмеге түсіп, одан әрі адасып, бір жолы теріс жолға ат басын бұрған ауыл жігітінің трагедиясы суреттеледі.
Қызылордалық ақын
Бақытжан Абыздың «Уақыттың алуан түсі» атты кітабы шықты. Өзгеше ақын. Өзіндік әлемі бар. Өмір терезенің ар жақ, бер жағындағы ақын.
Бұрында
«Бастау», «Көкейкескен», «Өмірді сүю», «Ұлылықпен сырласу», «Ғашық жүрек», «Қимаймын сені», «Өмірмен сырласу» кітаптарымен жақсы таныс. Ақын
Нұртас Исабаевтың жаңа кітабы жарық көрді. Ол өз кітабында риясыз көңілмен өмір жайлы толғанады.
Бұрында кітаптары шығып жүрген
Мәркиза Базарбайқызының жаңа кітабы жарық көрді. Бұл кітап – ғасыр тоғысындағы қоғамдық формациялардың ауысып адамдық құндылықтардың орны алмасқан аласапыран алмағайып заманда өмір сүрген мүгедек анадан туған ұлдың әлемдік жарыстарда чемпион атануы, ержетуі, ел азаматы болып қалыптасуы туралы жыр кітабы.
Ұлы да, қызы да болған жалғыз перзентін балапан кезінен мәпелеп өсірген ана махабатын көріп, ерекше сезімге бөлендім. Әрине, өлең техникасына орай кейбір кемшіліктер болғанмен де, ана жүрегінен жарып шыққан жыр жолдары табиғилығымен баурап алады. Ол сонысымен де мағыналы, сонысымен де құнды.
Ақын
Дүкен Мәсімханұлы 50-ге толып, ел алдында есеп беріпті. Алтынмен аптап, күміспен күптеп «Фолиант» баспасынан кітабын шығарыпты. Бұрын да ақын ретінде көрініп жүретін Дүкен Мәсімханұлы өзінің ақындығын тағы бір дәлелдепті.
Ақын қыздардың ішінде соңғы кездері өзінің терең лирикалық толғаныстарымен жан-дүние тылсымдарын ашуға ұмтылған сәтті талпыныстарымен танылып жүргендердің бірі –
Жанат Әскербекқызы. Жанат есімі алғаш рет 1993 жылы «Аққұс» қауымдастығының жабық поэзия байқауында бас жүлдені иеленгенде естілген. Содан бері оның бірнеше кітаптары жарық көрді.
«Ай–тамғы» жаңа кітабында да Жанат жаңа қырынан көрінген.
Діни тақырыпқа терең ойланып жазып жүрген ақындардың бірі –
Дәулетбек Байтұрсынұлы. Ол өзінің
«Сенің арқаң» атты өлеңдер жинағында лирикалық кейіпкер «Меннің» тірліктен сырын түйген ой бастауларына батыл қалам тартып, шынайы сезінудің әсерлі сәттерін қағазға түсіргенін көреміз.
Әскери тақырыпта қалам тартып жүрген
Бақытбек Смағұлдың «Оқ пен Отан» атты жыр жинағы
Әбіш Кекілбаевтың алғы сөзімен жарық көрді. Бақытбек ақын өмірден түйген пайымдарын, ел бірлігі мен тірлігіне ұластыра өлеңдер өріп, «
Ауған тозақтарында» нақты өз басынан кешкен, куә болған ауған алапаты туралы жырлайды.
«Рух жырлары», «Туған елдің тұлғалары» қазақ халқының асқақ рухымен болмысы паш етіледі. Автор бейбіт күннің парқын, тәуелсіздіктің нарқын жан жүрегінен өткізе отырып терең шынайылықпен жырлайды.
Шекербек Садыханұлының «Тулайды жүрек», Исламғали Үркімбайұлының «Дала жыры», Бақытжан Тобаяқовтың «Жерұйығым», Баянғали Әлімжановтың «Өмірдің өзі», Шаяхмет Құсайынұлының «Жауһар сөздер», «Ғұмыр жүрек», Бөрібай Оразымбеттің «Өзіңе арнадым», Таңатар Дәрелұлының «Күз кеме», Ләйлә Жұмекеннің «Алтайдың кісікиігі», Ахмет Өмірзақовтың «Ақиқаттың рухы» атты кітаптары да атап өтуге тұрарлық.
Ғ.Мүсіреповтың 1969 жылғы жас ақын-жазушылардың республикалық мәжілісіне байланысты жазған мақаласындағы сөздері орала береді. «... Жас өмірдің балаң-балғын шағында аңызақ желден көлеңке, үскірік желден ығын керек. Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш біткен тұқымын ығына қарай төгеді. Адам баласы ананың құшағында, қоғамның шылауында өседі... жастарды ерте қартайтпауымыз керек. Балғын шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы, өз ұшқырлығы бар. Буыны қатқан, қызуы басылған аға буын аяғын қия басқан жасты дүрелей бастауымыз керек. Әсіресе, жас дарынды жалынға тұншықтыру қылмыс. Дарынды жас, жалынды жас көк шыбықты көрмей-ақ өссін!» – деген екен жастар туралы. Аллаға шүкір, жастар поэзиясы өрістеп келеді. Оған дәлел
Қойлыбай Асановтың,Бауыржан Бабажанұлы, Сәндібек Жұбаниязов, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Динара Мәлікова, Ерғазы Манапұлы, Әуелай Оспанова, Мақпал Мыса, Олжас Қасым, т.б. жастардың өлеңдері мен жинақтары куә. Жас өркен жағадағы жас құрақтай қаулап өсіп келеді. Оларға тек ақ жол тілейміз!
Мерзімді баспасөз бетінде өлеңдері жиі жарияланған
Оразақын Асқар, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Иран-Ғайып, Жұмаш Сомжүрек, Қорғанбек Аманжолұлы, Маралтай Ыбыраев, Қуандық Шолақ, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Бақытбек Бәмішұлы, Саян Есжан, Руслан Нұрбай, Роза Сейілхан, т.б. ақындар есімдерін ерекше атап өту ләзім.
Сөз соңында Қазақстан Жазушылар одағының басқармасына айтар тілегіміз бар. Біз қашанғы
Есенин, Шолохов, Бунин, Делвиг сияқты өзге ұлт өкілдерінің медалін ала береміз. Өзіміздің
Абай, Махамбет, Жамбыл, Ілияс, Мағжан, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Жарасқан, Жұматай атындағы өз сыйлықтарымыз, өз марапаттарымыз болуы керек. Бұл поэзия саласындағы ұсыныс. Өздеріңіз көріп отырғандай 2014 жыл – Қазақ поэзиясы үшін жемісті жыл болған екен. Сол жалғасын таба берсін!