Бағашар Тұрсынбайұлы: "Кекілбаевтың функциясын атқарғым келеді"

Бағашар Тұрсынбайұлы: "Кекілбаевтың функциясын атқарғым келеді"

Сіздердің назарларыңызға "Қазақ әдебиеті' газетінің тілшісі, жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.

Бағашар, "Ұлан", "Жас қазақ" газеттерінде қызмет еттіңіз. Бүгінде еліміздегі жалғыз әдеби басылым "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісісіз. Талай мықтылар қызмет еткен киелі жерде жұмыс жасаудың қиындығы қандай екен?

– Баяғыда бір көштің алдынан тоқал өгізге мінген бір кісі шығып, «Көшіп жатырсыңдар ма?» деп сұрапты. Сонда көш басындағы қырсықтау біреуі «Өзің тоқал өгізге мініп келе жатсың ба?» деп қайыра сұрақ қойған екен. Сол сияқты «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеудің қиындығын өзіңіз де жақсы білесіз-ау... Өте қиын. Неше түрлі көзқарастың ортасына топ ете түстік. Сол көзқарастардың арасынан өзіңді аман алып жүрудің өзі қиын. Ең бірінші қиындық – жазу. Сол қиындықты біле тұра, осы газетте жұмыс істеуді студент кезімнен армандадым. Себебі онда мектеп бар. Бәрін былай қойғанда, редакторымыздың мектебінен өтудің өзі мен үшін үлкен жетістік. Қанша қателік жіберемін. Ұлы Абайдың өлеңдерінен қате жібердім. «Қазақ әдебиетінде» істеп, Абайдан қате жіберу ұят. Сөзге жауапсыз қарайтын сондай кемшілігім бар. Ал сондай өрескел қате жібергеннен кейін, бастықтың бетіне қарау өте қиын. Ағалардың артқан азды-көпті сенімін ақтай алмай қалмасам екен деп қорқамын. Кейде ағаларымыздың көңілінен шықпай жатамыз, ренжітіп алып жатамыз, ол да бір қиындықтың түрі деп ойлаймын.

Қаншама тақырыпты игеруге шамам жетпей жатады. Соның бәріне жол көрсетіп, жөн сілтеп отырған сол кісілер. Жазушылардың ордасында отырғандықтан, көп ағаларды көресің. Әр қайсысынан жоқ деген де бір сөз үйренесің. Үйренуге болмайтын қырларын да көресің. Бүгінге дейінгі газет тарихын көнекөз адамдардың аузынан естисің. Былай айтқанда, «Қазақ әдебиетіндегі» әр күн мен үшін сабақ.

–  Жоғарыда журналистігіңізді айтып өттік. Баспасөз беттерінен сатираңызды, сайттардан, фейсбук парақшаңыздан өлеңдеріңізді оқып отырамыз. Осы біздің сайттан да бір-екі әңгімеңізді көзіміз шалып қалды. Соңғы кезде сынға шындап кіріскен сияқтысыз. Әдебиет айналасындағы жүрген ағалардан "Жас сыншылардан кімді білесіз?" деп сұраса, сізді нұсқары анық. Сонымен сұрайын дегенім: Бағашар Тұрсынбайұлы – ақын, жазушы, сыншы, журналист, сатирик. Осылардың ішінен қай Бағашарды дұрыс көресіз?  

– Менде бар-жоғы жиырма шақты өлең. Ол өлеңдерді бәлендей ақын болайын деп жазған жоқпын. Сондай бір кездер болады, өлең жазбауға мүмкіндік қалмаған. Сол кездері жаздым. Ішкі мұңыңды өлеңнен басқа жан пендесі түсінбейтін секілді. Үлкен өмірде кішкентай трагедияға ұрынып қалсақ та, өлең жазғың келеді екен. Бірақ мен ақын емеспін. «Абай ескерткішінің алдында өлең оқығанның, не «Қазақ әдебиетіне» өлеңі шыққаның бәрі ақын емес» деп Талғат Ешенұлы айтқандай, фейсбукке өлең жазған, сайтқа өлеңі шыққан мен «ақын» атқа лайық емеспін. Бұл өтірік «скромный» бола қалған түрім деп ойлап қалмаңыз. Үзеңгі жолдастарымның ішінде небір сұрапыл жігіттер бар, дауылпаз ағаларым бар. Солардың алдында ұяламын. Шынын айтсам, сендердің қағандарың Қайсардың 14 жасында жазған «Күйі» секілді өлең әлі жазған жоқпын. Мен өлең жаза берем, бірақ ақын деп айтпаңыздаршы.

Сатираға келсек, мен уытты сөзді жақсы көремін. Сатира жанрына қалам тартып жүрген жасты көргем жоқ. Олжас Қасым кішкене жазды да, қойды. Бәлкім, жазып жатқан шығар. Сол Олжекеңмен бірігіп, интермедиялар жазсақ деп ойлаймын. Әрине, шама келсе. Ал әңгіме жазған емеспін. Оны қайдан алғаныңызды білмей отырмын. Журналистика – істеп жүрген жұмысым, жеп отырған наным. Ал сыншылыққа бел шеше кіріскім келеді. Оған да білімімнің аздығы тұсау боп жүр. Өз қатарластарымның, ағаларымның, Алла ғұмыр берсе, інілерімнің шығармашылық портреттерін ашатын мақалалар жазсам деймін. Мәселен өткен ғасырдың ең мықты ақын-жазушыларын зерттейтін болсаңыз, Әбіш Кекілбаевтың сын мақалаларын аттап кете алмайсыз. Әбіш ақсақал көп қаламгердің зертханасын ашқан адам. Сол Әбекеңнің функциясын атқарғым келеді. Оған ешкім қарсы бола қоймас.

Бүгінде сын жанрының кенжелеп қалғаны жайында жиі айтылады. Айта-айта ауыр, жаза-жаза жауыр болды. Бұл сыншылардың санының кемдігінен, яғни жастардың сынға деген селқостығынан ба, әлде сын айтар шығармалардың жоқтығынан ба?

– Сын жазатын шығармалар жоқ деп айтуға болмайды. Біздің сынның кенжелеп тұрғаны рас. Біз баяғыша талдаймыз әлі. Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» ескіргелі қашан. Кеңес заманы жасап берген сын теориясы ендігі әдебиетке жарамайды. Бізге жаңа теориялық еңбек қажет. Тым болмаса, біз Зейнолла Серікқалиевша талдауымыз керек. Қазір әдеби мәтіндер өзгеріп жатыр. Шығармалардың құрылымы да өзге. Жастар селқостық танытып отырған жоқ. Тек білім аз. Егер оқығаны көп, талдай алсыншы, аты баяғыда шығар еді. Сын жазу деген біреуді тас-талқан ету емес. Соның шығармашылығын талдау. Тұрсынжан Шапай айтады: «Ендігі сын мақалаларды жазғанда шығармаға, жазарманға баға берудің қажеті жоқ. Тек талдау керек. Оның жақсы екенін де, жаман екенін де талдау арқылы ғана көрсету керек». Міне, осы сөз ұстанымым. Сонда сіздің басыңыз ең бірінші даудан аман болады. Екінші бағаны беретін біз емес. Уақыт. Біз тек мықты талдасақ болды. Ал ол үшін калибріңнің үлкен болғаны аса қажет.

Әдебиетке енді аяқ басқан жастардың шыққан кітаптарына алғашқылардың бірі болып пікіріңізді білдіріп жатасыз. Алайда сынды әркім әртүрлі қабылдайды. Қатарластарыңыздың сын қабылдауы қалай? Өнердегі майдан өмірдегі өшпенділікке ұласып кеткен кездері болған жоқ па? 

– Қатарластармен қатар, замандастар деген бар. Өз тұстастарыммен жаға жыртысып, бет тырнасқан кезім жоқ. Мен де пендемін. Қателесуге құқығым бар. Бірақ Жұмабай ағам айтпақшы, барынша әділ қателесуге тырысамын. Біреудің кітабы туралы, я шығармашылығы туралы жазбақ болсам, бір жылт еткен жақсылығын көрмей қалмасам екен деп тілеймін. Көрмей қалсам, менікі қиянат болар еді.

Ал замандастарымның ішінде өкпелегендері болды. «Қол шоқпар» болып  кетпе деді. Артынан аға болып, үнемі демеп, қолдап отырғандары да бар. Біреудің айтқанымен жазған дүние онсыз да көрініп тұрады ғой. Мен бір сын айту үшін, кем дегенде екі-үш жақсылығын айтамын. Екі тізгінде тең ұстасам деймін. «...Ардың ісімен» айналысып жүргеннен кейін арымды таза ұстағым келеді. Ол қаншалықты қолымнан келерін уақыт көрсетер.

Бүгінгі ақын-жазушы ағаларымыздан не байқадыңыз? Қандай қасиеттерін көрдіңіз?

– Ағалардың бәрі өзін мықтымын, мен әдебиет жасап жатырмын деп ойлайды. Кешегі Мағжан ардақтап жазған Жүсіпбек Аймауытовтай ағалар сирек. Тіпті жасы қырыққа кеп, өндіріп жазған дүниесі жоқ ағалар өзін әдебиетшімін деп ойлайды ғажабы. Біреуінен кімдер мықты десең, өзінің ағаларын, інілерін, бірге істеген достарын айтады. Егер әділетті болсақ, жігіттердің бәрін айтайық. Бәрі интернеттен кімнің не жазып жүргенін көріп отыр ғой. Бәрі қазақтың баласы, өзіміздің бауырымыз.

Әр қайсысы әдебиетші атала берсін, ақын болсын, Мемсыйлықты алсын бірақ, ол ештеңені шешпейді ғой. Мұқағалиға 2000 жылы Мемсыйлықты берді. Ойлаңызшы Мұқаң соған мұқтаж ба еді? Мұқаңның оған пысқырғаны бар. Ол сыйлықтың бәріннен, пенделік атаулыдан биік – ол ақын. Сонысымен қияметке дейін өмір сүреді. Ал бізде құр кеудемсоқтық.

Өз басым ағаларымның пікіріне мұқтажбын. Нашар болса, нашар деп айтсын. Қалай жазуды үйретсін керек десеңіз. Бірақ сыртымнан өсек сөз айтпасын. Өйткені олар ағалар.

– Қазіргі кезде түрлі әдеби орталар қалыптасып келеді. Ол орта Қарағандыда, Астанада бар. Бәрі жеке-жеке клубтар құрып, бастарын қосып отырады. Жастардың бұлай етуі дұрыс деп ойлайсыз ба? Арты жікшілдікке, жершілдікке апарып соқпай ма? Мысалы, Алматыдағы бір топ жастар өздерін «Қайсардың қағанатымыз» деп жүр. Осыған не айтасыз?

– Өте дұрыс. Несі бар. Осы бір достық ұлы достыққа ұлассын деп тілеймін. Әр аймақтағы жігіттермен пікірлес, ниеттес болу керек. Бәріміз бір пікірде болсақ, бір күш боламыз. Күш дегеніңіз – сес. Мейлі әркім әртүрлі жазсын. Әдебиет туралы айтысайық. Бірақ өмірде тату болайық. Шығыс пен батыстағы, оңтүстік пен солтүстіктегі, орталықтағы жігіттермен мүдделес болуымыз керек. Сонда бірігеміз. «Ол қағанат неге Қайсардыкі?!» деп қызғанатын адамдар жоқ шығар. Қайта бәріміз бір топ болайық. Баяғы «жас түркілер» секілді. Шығармашылық ұйым құрайық. Жазушылар Одағында жастар кеңесі бар. Үлкен-кіші, жеке, топтық шығармашылық кештер ұйымдастырайық. Жарнамасын алдын ала кем дегенде он күн бұрын жасайық. Ағалар бетімізден қаға қоймас. Қайта қолтығымыздан демейді.

- Әңгімеңізге рақмет! Ендеше қадірлі оқырман, Бағашар Тұрсынбайұлының соңғы жазған өлеңдерін қабыл алыңыздар...

***

Көңілдің көңілсіз әуені
Қалықтап барады мезгілсіз.
Жұбатпақ болған жанымды
Бейтаныс келбеттім, сіз кімсіз?
 
Мұң шалған жанарды бір аңдап,
Мүсіркеп, мені аяп жүрсің бе?
Сыңсытып ән салған тығылып,
Бақтағы сол ару сенсің бе?
 
Сенсің бе?
Сен жайлы сұрағам.
Көрікті, ибалы қыз деген.
Дауысым өзіңе жетпейді,
Мұратым, арманым сіңбеген.
 
Меңіңнен моншақтап жыр тамған,
Өрнектеп мен қалай үлгерем...
Мен қалай үлгерем, ойпырмай,
Өлеңнің не екенін білмеген...
 
Өмірдің не екенін білмеген,
Білмеген жардың да не екенін.
Мен қашан түсініп үлгерем,
Мен қашан мұратқа жетемін.
 
Тілімде Тәңірдің дұғасы,
Түріңде иманы Тәңірдің.
Мен жайлы не дейді тағдырым?
Сен жайлы не дейді әмірлім?
 
Жүректер сөйлейді біз үшін,
Болашақ бір ғайып, белгісіз.
Мен жауап берермін сіз үшін...
Кім білсін...
Жазулар белгісіз.
 
Өлеңім сөйлейді мен үшін,
Дидар да бір ғайып, белгісіз.
Мен жауап берермін біз үшін...
Кім білсін...
Ғайыптар белгісіз.
 
Сезім нотасы
 
Сезімнің ең биік нотасы –
Жүзіңде құбылған қара мең.
Ғажайып бір әсер береді
Толқимын. Толқиды бар әлем.
 
Қастерлі мұраттың жолында
Сазына илігем, көнемін.
Сен үшін тербелем ырғаққа,
Сен үшін жазылар өлеңім.
 
Ақ жарма таңдардың нұрына,
Ақжарқын жандардың жүзіне,
Қиянат қылмаймын. Түсемін
Талайы тағдырдың ізіне.
 
Пернеде жүгіріп саусақтар,
Дегбірді ұзаққа созады.
Жүгіріп өтеді елеспен
Көңілдің тарғылдау жолағы
 
Ойнайтын сегіз сан нотамен.
Дирижер кім екен білмедім.
Сазсырнай ұстатты қолыма
Амалдың жоғынан үрледім.
 
Оркестр ойнайды шарықтап,
Толқимын. Толқиды бар әлем.
Бұл күйдің ең биік нотасы –
Жүзіңде құбылған қара мең.
 
Дирижер таяғы нұсқайды...

 

Әңгімелескен: Шерхан Талапұлы

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан алынды

Ш. Талап