Әзілхан Нұршайықовтың Бауыржан Момышұлымен алғаш танысуы

Бүгін – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні. Батыр Бауыржан Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет жау қоршауынан шыға алған, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог болған. Соғыстан кейін де қаруын қаламға айырбастап, әдебиет майданында атой салып, соғыс тақырыбындағы бірнеше шығармалар жазды. Туған күніне орай жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Бауыржан Момышұлымен қалай танысқанын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***

... 1943 жылдың жазында біздің құрамамыз – 100-Дербес атқыштар бригадасы 2-Балтық майданының бір шетінен екінші шетіне ауыстырылды. Атап айтқанда Великие Луки қаласының түбінен Ловать өзенінің жағасына барып жайғастық. Жорықпен жолда кетіп бара жатқанымда менің қолыма "Знамя" журналының сол жылғы 5-номері тиді. Сол журналда Александр Бек деген автордың "Панфиловшылар алғы шепте" атты повесінің басы жарияланған екен. Мен онда Бек дегеннің кім екенін білмейтінмін, ондай жазушы барын да естімеген болатынмын. Бірақ Панфилов дивизиясын, одан шыққан 28 батыр есімдерін, Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров сол дивизияның түлектері екенін жақсы білетінмін.

Сондықтан болар, мен бұл повестен бас алмадым. Күндіз тоқтай қалғанда күннің жарығымен, түнде қонған жерде ай сәулесімен оқыдым. Оқыған тарауларды жол-жөнекей жауынгер серіктеріме баяндап та отырдым. Содан соң, алғы шепке сол журналдың 6-номері және келді. Панфиловшылар туралы повестің жалғасын түнде, ай қараңғы болғандықтан ,зеңбірек қасына келіп отырып, аккумулятордың жарығымен оқыдым. Повесть те бітті, аккумулятордың да жарығы таусылды. Әрине, менің мұным тәртіп бұзғандық, тіпті қылмыс еді.

Менің зеңбірегімнің жарығы таусылғанын взвод командирі лейтенант Полянцев ертеңінде-ақ білді. Ол білген жоқ еді, мен өзім айттым. Зеңбірегімнің жарығын түнде кітап оқимын деп тауысып алдым дедім.

Полянцев өте ашуланшақ кісі еді. Бірден айғайды салып, сыбап алды. Мен сені қазір атып тастаймын деді. Бірақ атқан жоқ. Погонымды, мылтығымды, белбеуімді сыпырып алып, үш тәулікке гауптвахтыға айдатты. Қылша мойным талша деп, қару кезенген солдаттың алдына түсіп, желбегей шинелім салпаңдап, дивизион штабының қасындағы гауптвахтыға қарай сапар шектік. Бұл бір көрмеген құқайым еді, оны да көретін болдым деп ойладым ішімнен.

Позициядан шыға бере алдымыздан біздің батареяға қарай салт атпен келе жатқан дивизион командирі майор Сахонь кездесті.

Майор Сахоньды біз генерал Панфиловтан кем көрмеуші едік. Тілі сақаулау болғанымен, өте байсалды, ақылды кісі еді. Қарамағындағы артиллеристерді офицерден бастап, әрбір солдатына дейін білетін. Мен, айдауда келе жатсам да, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, аяғымды көтере сермеп, дік-дік басып, мойнымды командир жаққа бұрып, салт атты Сахоньнің қасынан сәлем беріп өттім. Майор мені таныды да, атының тізгінін тартты.

— Қане, тоқтаңдар, - деді артымда маған мылтық кезеп келе жатқан айдаушы солдатқа.

Майор атының басын бұрып, қасыма өзі келді де:

— Аға сержант, қайда жол тартып барасың? — деді.
— Гауптвахтыға, жолдас майор.
— Не үшін?
— Зеңбірек аккумуляторын шығындап түнде кітап оқығаным үшін.
— Ол дұрыс болмаған екен.
— Кінәлымын, жолдас майор.
— Қандай кітап еді?
— Панфиловшылар туралы.
— Ұнады ма?
— Өте ұнады, жолдас майор.
— Момышұлының, оның басқа да жерлестерінің ерлігіне сүйсіндің бе?
— Сүйсінгенде қандай, жолдас майор!
— Мен де сүйсіндім. Ал сен ол кітаптың мазмұнын жолдастарыңа айтып бердің бе?
— Дәл солай, жолдас майор. Бүкіл батареяға баяндап бердім.
— Онда жігіт екенсің, аға сержант, — деді майор маған ат үстінен сығырая қарап.
— Сені гауптвахтыға кім жіберді?
— Взвод командирі лейтенант Полянцев,  жолдас майор.
— Ендеше мен сенен ол жазаны алып тастадым. Қазір қайт та, взводыңа барып, өз міндетіңе кіріс. Лейтенант Полянцевқа менің осы бұйрығымды айт.

Біз батареядан қырық-елу метр ғана алыстаған едік. Айдаушы солдат өз бетімен кетті де, мен старшинаға барып погонымды, белбеуімді, наганымды алдым. Пилоткамның қызыл жұлдызын қайта қадап басыма кидім де, асықпай аяңдап, орман шетінде жауынгерлермен сабақ өткізіп жатқан взвод командиріне қарай беттедім. Лейтенант мені көре сала орнынан ұшып тұрып, бақырып қоя берді.

— Сен неге сенделіп жүрсің әлі күнге дейін? — деп ақырды.
— Сенделгенім жоқ, түп-түзу келе жатырмын, жолдас лейтенант.
Оның аузы жыбыр-жыбыр ете түсті. Бұл оның мені әке-шешемнен сықпыртқаны.
— Менің саған гауптвахтыға бар дегенім қайда?
— Орта жолдан қайтып келдім, жолдас лейтенант.
— Кім право берді саған гауптвахтыға бармай қайтып келуге? Бұл үшін мен сенің көзіңе көк шыбынды үймелетермін әлі.

Осылай деп ол қасында тұрған сержантқа бұйрық берді:

— Омарбаев, қазір мынаның белбеуін шешіп, погонын сыпыр да, дивизиондағы гауптвахтыға айдап бар.
Мұқан Омарбаев амалсыз орнынан тұрып, аяғын сылбыр басып маған қарай аяңдады. Мен оған «асықпа» дегендей белгі бердім де:

— Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас лейтенант, — дедім Полянцевқа қарап тік тұра қалып.
— Үніңді өшір. Рұқсат етпеймін, — деді ол.
— Рұқсат етпесеңіз, онда мен рұқсатсыз баяндауға мәжбүр боламын...
— Өшір үніңді...
— Қазір, жолдас лейтенант. Сіздің бұйрығыңызды дивизион командирі майор Сахонь жолдас бұзды, — дедім мен.
— Майор осыны сізге айт және Полянцев жолдас дереу маған келсін деді.
— Қайда майор? Сен бағанадан бері неге айтпай тұрсың ол кісінің шақырғанын?
— Айтайын деп едім, сіз маған сөйлеуге рұқсат бермедіңіз ғой, жолдас лейтенант.

Лейтенант пилоткасын түзеп киіп, қос бармағын белбеуіне сұқты. Гимнастеркасының бырысқанын артына қарай жиырды.

— Қайда жолдас майор?
— Позицияда.
Лейтенант орман шетіндегі зеңбіректер тұрған жерге қарай тұра кеп жүгірді. Барды да майорға өзінің шақырту бойынша келгенін айтып рапорт берді. Майор мен лейтенанттың барлық сөздері бізге анық естіліп тұрды.
— Зеңбірек командирін не үшін тұтқындадыңыз, жолдас лейтенант? — деп сұрады майор.
— Түнде кітап оқимын деп зеңбірек шамын тауысқаны үшін, жолдас майор.
— Неге сүйеніп тұтқындадыңыз?
— Уставқа сүйеніп, жолдас майор. Устав бойынша тәртіп бұзған жауынгерді үш тәулікке дейін гауптвахтыға отырғызуға правом бар ғой.
— Әрине бар. Бірақ Уставтағы правоны дұрыстап пайдалана білу керек, жолдас лейтенант. Ол сержант бір зеңбіректің отын өшіргенімен, сол оқыған кітабы арқылы батареяның бар жауынгерінің жүрегіне от жақты. Уставта осы да есептелген. Сіз оны ескермегенсіз. Өзіңіз батальон командирі Момышұлы туралы кітапты оқыдыңыз ба?
— Жоқ, жолдас майор.
— Ендеше, оны оқымағаныңыз үшін, мен сізді үш тәулікке үй тұтқыны етіп қамасам қалай болар еді? Бұл да менің уставтық правом ғой. Сонда сіз ол кітапты оқып шығарсыз деп ойлаймын.
— Құп, жолдас майор, үш тәулікке үй тұтқыны болуға. Бірақ ана кітапты қайдан аламын?
— Оны өзіңіз тұтқындаған сержанттан сұраңыз... Мен сізге арест жарияламаймын, лейтенант. Бірақ бұл есіңізде болсын.

Осыдан кейін — "Знамя" журналының мендегі екі номері қолдан-қолға көшті. Қаршадайынан батырлар жырын жаттап өскен қазақ балалары бұл повесті өлеңдей жаттап алдық. "Фамилиясы жоқ адаммен" — батальон командирі Бауыржан Момышұлымен біз майданда осылай танысқан едік.

"Ақиқат пен аңыз" кітабынан үзінді