- Азамат, сұрағым сұлу болсын деп жоқ-бардан мысал келтіріп, өтірік пәлсапа соғып, “ақылды” көрінбей-ақ қояйын. Әңгімеміздің әлқиссасын мынадан бастайық. Қазір Өскемендесің. Ақындардың бәрі арман қылған Алматыда жұмысың жоқ. Не істеп жатырсың?
- «Бәрі» болудан сақтасын. Алматы менің армандарымның маңында да жоқ. «Алматыға барып мықты ақын болып кетті» дегенді естісем, күлкім келеді. Мен Өскеменіме, Ертісіме, Алтайыма ғашық адаммын. Екіншіден, провинция деген өлеңге оқшау, еркін бір тыныс сыйлайды. Жұмыс, қызмет деген ұғымдардан аулақпын. Өлең жазып, өмір сүруім үшін стипендия алып тұрамын. Ол қандай стипендия екені ешкімге қызық емес шығар...
- Сен жайлы «Ұлт.кз» порталына өмірде бар жоғы қайдам, әлдебіреудің псевдонимі ме, Әбіл Серік деген біреу “Азамат Тасқара – алаш абсурдизмінің ақжолтайы” деп жазды. Рас па сол?
- Әбіл Серік мырза өмірде бар адам. Аталмыш мақала шыққанда әжептәуір шу болды. «Заказной материал» деп ойлағандар бар. Ойлағандардың дені өзімнің замандастарым. Бүркеншек атпен порталға, мақаланың астына неше түрлі мантықмән пікірлер жазды. Қазір, заман өзге, дамыған. Пікірдің авторын табу аса қиын шаруа емес. Бір телефон қоңырауының мәселесі. Солардың есімдерін айтайын ба? Ұят болар. Бақытты болсын өздері. Менің Әбіл Серік мырзамен «ішек-қарыным араласып» кетпеген. Жазса өз ойы. Сосын, мен туралы ғана емес, тағы бірлі-екілі жазушы туралы мақала жазыпты. Тіпті, портал иесі Ақмылтық туралы (Ақберен Елгезек) да жазыпты. Белгілі себептермен қойылмады ол. Мен өзімнің өмірбаянымды, өзім туралы пікірлерді және үлесімді білем де білмеймін.
- Сен әдебиетке ерте келдің. Екі кітап шығарып үлгердің. Халықаралық “Шабыт” фестивалінің бас жүлдесін, ҚР Үкіметінің “Дарын” сыйлығын алдың. Жазушылар одағының қазіргі ең жас мүшесі де сенсің. Мұның бәрін неге тізіп отырмын? Осының бәрі саған не үшін керек? Сыйлық пен жүлденің бәрін жиып жатырсың. Қайда асығасың?
- Алғаш өлең жаза бастағанда, сіздер арман деңгейіне көтеріп жүрген Алматыға бардым. Есенғали Раушановқа жолықтым. Кабинетіне кірсем, ағам газет оқып отыр екен. Атақты жазушы Серік Байхонов ертіп апарды. Әңгімеміз екі-үш минутқа созылған шығар. «Сен түбі жалғыз қаласың. Өлең қалады, сен қаласың. Бетпе-бет...» дегені ғана есімде. Сол кезде он бестемін бе, он алтыдамын ба?..
Кітап туралы. Менің әлі кітабым шыққан жоқ. «Сенің кітабыңды оқыдық» деп жүрген адамдарға аңтарыла бір қарайтыным бар. Тұңғыш кітабым қазір баспада жатыр. Астанадағы «Фолиант» баспасынан шығады жақында.
Енді сыйлық туралы. Рас, елдің отыздан асып барып қол жеткізетін сыйлықтарын тым ерте алып қойдым. Бәріне түсінікті болу үшін, рет-ретімен тарқатып берейін. «Шабыт» фестивалінде Фариза апамыз төрағалық етті. Одан өзге жюриде өзім қатты қадірлейтін Серік Ақсұңқарұлы ағам отырды. Замандасым Бауыржан Қарағызұлы болды. Тағы бір ақындар отырды, ұмытып қалдым. 90 ақынмен бірге мен де «заявка» жіберіп қатыстым. Гран-приге лайықты деп тапқан болу керек. Артынша ол туралы Серік ағамыз «Қазақ әдебиетіне» мақаласын берді. Сонда ғой «бұрын-соңды болмаған құбылыс» деп жүргені. Аталмыш пікір туралы да айта кетейін. Бұл Серік Ақсұңқарұлының жеке пікірі. Мен ақын ағама солай әсер еткенім шығар. Әріден соң, поэзия – пікір емес қой. Айдарынан жел есіп жүрсін деген болуы керек деп ойлаймын өз басым. Қазақ сендірмей қоя ма?!
Енді «Дарын» туралы. Менің «Дарынға» түсуімді ешкім болжамады да, білмеді де. Мен сауатсыздау адаммын. Конкурсқа жіберетін құжаттар бар ғой, солардың бірі де жоқ. Бір топтама өлеңдерімді салып жібердім. Министрліктен Аслан деген жігіт хабарласты. Мені танитын жігіт екен, өлеңдерімді оқитынын айтты. Құжаттарымның дұрыс еместігін сөз етті де, оларды ретке өзі келтіріп алғанын айтып марқайтып тастады. Өлеңіме деген құрметі болар. Кейін «лауреат» болғанымды естідім. Мен түсер алдында Фариза апама хабарластым. О кісі қатты ауырып жатыр екен, «Біраз ақындар түсіпті. Әрқайсысының «крышасы» бар. Сенің ешкімің жоқ қой. Несін түстің?» деді. Біраз әңгімеден соң «Көзім тірі болса саған қамқор боламын!» деді. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газетіне де жазды апамыз. Менің топтама өлеңдерімді басқызып, батасын берді. «Дарын» сыйлығын тапсыру рәсімі Астанада өтті. Мен Өскеменнен Астанаға бара жатып, жол апатына ұшырадым. Көлігіміз түнде қатты боранның салдарынан жолдан ұшпасы бар ма? Өлімнен аман қалдық, аяғым сәл жараланды. Астанада Дәулеткерей ағам күтіп алды. Фариза апамыз шетелден емделіп келген, ауырып тұрса да, сыйлықты өзі тапсырды. Бұның тарихы осы.
Одаққа мүше болу туралы. Мен одаққа құжаттарымды өткізбегем. Менің құжаттарымды кім өткізгенін де білмеймін. Ұлықбек аға хабарласты. «Одаққа қабылдадық, құтты болсын!» деді. Менің мүшелік билетім әлі сол одақта жатыр. Алуға қол жетпей жатыр, жол түспей жатыр.
Міне, қысқасы.
Енді, Асығыстық туралы. Кеше Есенқұл Жақыпбеков қайтыс болды. Өлгесін Мемлекеттік стипендия берілді. Бұл анығы қуанатын дүние емес. Тірісінде берсе қайда қалды? Өлген адамға сыйлығың, марапаттың, ескерткіштің не қажеті бар? Әріден соң, өлген адамға иманыңыз да бес тиын. Тәңірі сақтасын, өлуге асығыс емеспіз. Бірақ, өз басым «Отызға дейін» деген принципті ұстанамын. Жазылатын дүниелер де, алынатын қамалдар да отызға дейін болуы қажет қой. Одан кейін не проза, не пәлсапа басталады.
- Сенің “Дарын” сыйлығын алуыңа байланысты ағалар жағы біраз әңгіменің басын қайтарды. Дау-дамаймен келген дүние деседі. Әдебиетіміздің жазылмаған заңы бойынша сенің жолың емес көрінеді. Несіне жағаластың? Сол сыйлықтың қандай маңызы бар өзі?
- Жағаласып, салғаласып жүретін мен емес. Мен өзің айтпақшы «бір қиырда» үнсіз жатып, өлең жазудан басқа уайымды білмейтін жанмын. Әдебиеттің жазылмаған заңы деген қандай заң? «Дарын» сыйлығын отыздан асқандар ғана алу керек деген теорема бар ма? Дәл осы сөзді Ақберен Елгезек те айтты. «Сенің жолың емес. Ерлан алу керек. Кішкене отыра тұрсашы» деп. Бейбіт Сарыбай айтты «Ерлан алған жерінен неге ала алмай қалды? Сен не істедің? Қалқаман не істеді? Фариза не істеді?» деп. Мен Ерланның аузынан асын тартып алғаным жоқ, мықты болса алмады ма? Ерланға Мемлекеттік стипендияны алып берген адамдардың «Дарынға» шамалары жетпеді дегенге сенбеймін. Әріден соң, Ерланның поэзиясы туралы біраз дүниені айтар едім. Бірақ... Оның мен туралы әдемі пікірлерін білем, қадірлеймін. Жақсы жазып жүр. Дегенмен, оның қолын мен байладым ба? Маған десе «Алашты» алсын. Мен тек қуанамын. Мен «Дарынды» алғанда бір де бір замандасым хабарласып құттықтамады. Сол жаныма батты. Мені құттықтағандар кім? Фариза апам, Ұлықбек Едәулет, Тыныштықбек ағамыз, Роллан Сейсенбаев. Дәулеткерей ағам куә. Сол кісінің үйінде жаттым. Өткендегі сөзі есіме түсті ме, әйтеуір, түнде Ақберенге хабарластым. «Алдың ба? Разысың ба?» деп кіжінді. «Аға, мен Мем.сыйлықты да отызға дейін аламын!» дегенімде, «Онда мен асылып өлетін шығармын» демесі бар ма?
Тағы бір айтатын гәп бар. «Дарын» сыйлығынан кейін Танакөздің мақаласы шықты. Мен Танашты сыйлаймын, Танаш деп ат қойып алғаным бар. Бірақ, сол кісіге салса сыйлық алғандар, мүшәйраларда жеңімпаз болғандардың бәрі де лас адамдар. Бәрі де арын сатып алады екен. Ең тазасы өзі, бәлкім. Кешірім сұраймын, әрине. Бірақ, бұл не сөз? Сонда Мем. сыйлықты алған анау Есенғали ағалар, Ұлаш ағалар, кейінгі жастар, бәрі арын сатқан бір антұрғандар болып кеткені ме? Осыны Танаштың өзіне айтқанымда «Қалқаманмен бірге алдың ғой. Сонда екеуің бір деңгейлес болғандарың ба?» деп қағытты. Ал керек болса. Ол неғылған деңгей? «Мен өлемін өзімнің биігімде» деген Төлегеннің жалынды жыры бар емес пе? Әр ақының деңгейі өзінде. Мен деңгейімді білетін адаммын.
Осымен бұл әңгіменің де басын қайырайық.
Айтпақшы, биыл «Серпер» сыйлығына да түспекші болғам. Ұлықбек Есдәулет «Дарынды алғандар Серперді менсінбейді» деп тоқтатты.
- Ақын деген кім? Ақын неге сенеді? Ақынның миссиясы қандай? Ақын әлемді өгерте ала ма? Ақын неден қорқады? Ақынның жалғыздығы деген не? Бүгінгі заманның ақыны қандай болу керек?
Мен бір тарихымды айтайын сізге. Мен қараша айының белуарында туғанмын. Шешемнің әңгімесі бұл. Роддом аудан орталығында орналасқан. Біздің ауыл одан 40 шақырымдай жерде еді. Далада ақ боран, түтек. Әкем алып қайтты. Әкемнің «Ақ танау» есімді құтпан айғыры болатын. Соны жегіп келген. Бітеу арба. Боранның қаттылығы сонша, ауылға он шақырымдай қалғанда жылқы омақасып, жүрістен қалыпты. Мұндайда жалпы жүргіншілер кеп қалады деп үміт арту басым болады ғой. Аязға үсіп өледі-ау деген қауіп болды ма екен, әкем «Ақ танауды» тізеге басып, шаппа пышағымен қарынын жарған. Ішегін сыртқа сылып беріп, жылқының құрсағына мені тыққан. Жарты сағаттай жатыппын. Тәңірі жарылқады-ау, жолай жеткен жүргіншілер шешем екеумізді арбаларына мінгестіріп ауылға жеткізіпті. Әкем болса, жануарды құшақтап қала берді. Ауылдан ағайындар келіп, әкемді, қарны жарылған айғырмен бірге алып кеткен деседі.
Өлең деген сол, жылқының қанындай таза да киелі ұғым болар.
Қан демекші. Туғасын сол көзім жұмулы қала берген. 40 күн күтіпті. Ақыры үлкен шешем босаға күзеткен итті өлтіртіп, оның денесіне мені аунатып алыпты. Иттің қаны жұққан ақ орамалды басынан үш айналдырып, отқа тастаған. Үш күн өте сол көзімді ашыппын. Көзім қанға бөккен деседі.
Ақынның миссиясы сол иттің қанындай дүние болса керек.
Тағы бір жайт. Әкем атбегі ғана емес, қамшыгер. Бала күнімде сегіз таспалы қамшы өргізіп қоятын. Қамшының өрімі бос болса, қисықтау, ебедейсіз болып шығады. Қатты тарту үшін күш керек. Балада не күш бар дейсіз? Қинала-қинала тартамын. Қолым ойылып қалады. Ойылған сәби қолдан қанның ізі көрінеді сәл. Әкем жайлаудан келіп, қамшымды тексереді. Жүрісі босаң болса, сол қамшымен арқадан тартып жібереді. Тарқаттырып, қайта өргізеді. Тағы да қан.
Ақынның тағдыры деген осындай-ау шамсы.
Мен туған шақтан, бүгінге дейін әкемнің ең нәзік сәтін бір-ақ рет көрдім. 7 жасқа толғанымда әкем таң бозымен тағы да жайлауға тартты. Үйден шығып бара жатып, пешке қи тастап, сырмақта тізерлеп отырған менің шүйдемнен сыйпап кете берді. Өмірімдегі ең нәзік сәт осы еді.
Ақынның жалғыздығы деген осындай дүние деп білемін.
- Сонау Шығыста жатсаң да бүгінгі әдеби процесті қадағалап отырасың деп ойлаймын. Ең болмаса «Қазақ әдебиетін» оқитын шығарсың. Сырт көз ретінде бүгінгі әдебиеттің жай-күйі жөнінде сенің де бір айтарың болар... Бүгінгі жастар поэзиясына сыни пікірлер жиі айтылады. «Күңгірт, түсініксіз өлеңдер өріп жүрген көрінеді». Қалай ойлайсың, мүмкін осының ақ-қарасын ажыратып, кімнің кім екенін айтатын біздің буынға да бір Темірхан керек шығар.
Темірхан аға дегенде бір қызық әңгіме еске түсіп кетті. Темірхан Медетбек деген бізге жезде болып келеді. «Әкенің жақсылығы жездедей» дейді қазақ. Бір күні ағаға өлеңдерімді жібердім. Қолы бос болмайды ғой. Ылғи менің өлеңдерімді столдың шетіне қойып, кейінге қалдырса керек. «Бір күні жатсам, жастығымның астында бірдеңе бар секілді. Қарасам сенің өлеңдерің. Апаң оқысын деп жастығымның астына салып қойыпты» деп бір марқайтқаны бар. Темірхандай ақын тумаса қазақ қазақ болар ма? Темірхан, Ұлықбек, Ғалым Жайлыбай секілді ұлы ақындар келеді әлі деп сенемін.
Бүгінде әдебиеттегі жастар үшін керек көмектің барлығы жасалып жүр. Жанарбек Әшімжан деген ақынды білесіз ғой? Менің аға-досым. Мысалы, сол ғана бір өзі қаншама жас ақынға көмек көрсетіп жүр. Үлкен-үлкен еңбек атқарып жүр одақта. Өткенде ғана Астанада «Бірлік» саяси партиясының гранттарын табыс етті. Ірі фестиваль өтті.
Жазу, жазу және жазу керек тек қана.
Күңгірттік деген не бәле? Францияның аты шулы «қарғыс атқандарын» оқыңыздаршы. Бұл күңгірттік әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алған бағыт. Үлкен әдебиетке бәрі де экперимент арқылы келеді. Өзін іздейді. Еліктейді. Бізге дейінгі ақындар еліктемеді дейсіз бе? Мысалы, Есенғали Раушановтың «Жұмекенше» жазған өлеңі де бар. Жұмекенмен сарындас келетін өлеңдері де кездеседі. Ұлықбек аға өзі айтады, жас кезінде Төлеген Айбергеновке қатты еліктепті. Бірақ, қазір екеуі де классик. Еліктеген жас шеңберде қалып қоймаса игі.
- Қазір қаптаған «измдерден» аяқ алып жүре алмайтын болдық. Эксперимент жасағыш жастар көп. Ал сол эксперименттің ақтар, ақтамасын уақыт көрсетер. Бәлкім, эксперименттің формалық жағынан да, мазмұндық жағынан жасалуы уақыт талабы шығар. Өз экспериментіңді қаншалықты сәтті аласың?
- Мен жоғарыда айттым ғой, өзімнің өмірбаянымды, мен туралы пікірлерді, үлесімді білем де білмеймін деп. Басқалар айтсын. Қазақ айтқыштарға бай ғой. Мен жалпы ақындықты арман еткен де адам емеспін. Мен бала күннен сазгер болуды, атақты композитор болуды армандадым. 13 жасымда біз қалаға көшіп келдік. Шешем музыка мектебіне, фортепиано сыныбына жаздырып қойды. Әкем қарсы болды. Нота дәптерін сатып алып бергені есімде шешемнің. Сыртында Бас кілттің суреті, ноталық станның сүгіреттері. Әдемі безендірілген. Түсімде ылғи әдемі бір әуен естіп жатамын. Сол әуенді таңертең есіме түсіре алмай әлек боламын. Фортепиано сыныбына екі жылдай қатыстым. Оқу ақылы болғасын, тұрмыс жағдайына байланысты жалғастыра алмадым. Ақыры, сол дәптерге нота түспеді, өлең түсті. Содан бері өлеңді нота дәптеріне жазамын. Бірақ, поэзия да – музыка емес пе?!.
Сіз жоғарыда «кімнің-кім екенін айту» туралы қозғап кеттіңіз. Қазір сыншы көп. Сын деген ұғымды шатастырып алды қазақ. Сын деген шығарманың көркемдік жағын бағалау, әділ бағалау. Ал, қазіргі сыншылар жерден алып жерге салуды сын деп ұғады. Әлгі Аманхан мен Мырзан секілді аузы қисық шалдар жастарға у мен боғын төгіп бітті. Әттең, аға деген аттары бар. Жасым солардай болғанда сабап алар ме едім. Бірде Есенғали поштама әдемі бір қалжың жазып жіберіпті «Әлгі Серік Байхонов ағаң қайда? Сен соны дұрыстап бір саба, оған шамаң келмесе боқтап ал. Сонда тіпті де мықты ақын боласың» деп. Бір күлгенім сол шығар.
Мен қара өлеңге қазығымды қақтым деп айта аламын. Экперименттің астында жүргендер Ақберен мен Ерлан ғой. Бірінікі «Кофе және темекі» деп шығып жатыр, екіншісі «гүл мен көбелекті» сөз ғып жүр. Түбі қара өлеңге келеді екеуі де. Мен оларға дастархан жайып, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып» иықтарына іліп, інілік көрсетіп қарсы алармын сонда...
Әңгімелескен: Шерхан Талап
Сурет: Азамат Тасқараның жеке мұрағатынан