- Негізгі бет
- Көкжиек
- Азамат, қаламгер, қайраткер...
Азамат, қаламгер, қайраткер
Әлі есімде, 1954 жыл еді. Мәскеудегі оқу орны мені Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына практикаға жіберді. Баспа директоры Б.Балтағожин деген кісі еді. Партия функционері.
Бір күні директор бүкіл ұжымды шұғыл жиналысқа шақырды. «Не боп қалды?» деп бәріміз кабинетке үркектей кірдік.
Балтағожин жарықтық, шағын ғана домалақ, қара торы кісі еді. Басынан буы бұрқырап, түтігіп кетіпті.
— Масқара болдық! — деп алдында жатқан газетті жоғары көтеріп сілкіп-сілкіп қойды.
Ол «Лениншіл жас» екен. (қазіргі «Жас Алаш»).
Баспадағы проза бөлімінің бастығы сұлуша келген, аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол украинның Леьнков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесін жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен төл повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты. Мұндайды әдебиет ғылымында «плагиат» дейді.
Директор түтіндеп тұрып осыны айтты.
— Үлкен ЦК-дан звондап жатыр, масқара болдық! — деді.
— Авторы кім? Кім жазыпты? — деген дауыс шықты.
Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді.
— Ә – Әбіш Ке-Кекілбаев, Маңғыстау, Онды аулы. Сегізінші класс оқушысы.
— Ойбай-ау сегізінші класс оқушысы не біледі?
— Әбес айтылған шығар, — деп әр тұстан бірі елірген, бірі жуас үндер шықты.
Шамада он жылдан кейін тағдыр жолымызды тоғыстырды.
Әбіш Кекілбай баласы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына әдебиет-өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке келді. Мен бас редактор едім.
Бұл «Лениншіл жаста» руханият саласының дәуірлеген шағы. Қоғамдағы әрбір жаңалық қарсы күшке тап болатыны белгілі. Қатып қалған қасаң қағидалар қасарысады. Соны толқын, жаңа леп – демократия елесі қасаңдарға жат. Жаңалыққа жауыға қарайтын әдет.
Сол алпысыншы жылдардың ішінде осы жастар газетінің редакциясына жаңа жарық жұлдыздар жиналды. Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсын, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбекұлы, Оразбек Сәрсенбай, Қалдарбек Найманбай, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Қуанышбай Құрманғалиев… Сағат Әшімбаев…
Бәрі де бір анадан туғандай еді. Бірлік бар еді, береке бар еді. Әр атаның баласын ортақ мақсат, еншілес мүдде біріктірді. Біз қалың қазақ қауымға, ұлтқа қызмет етуге бекіндік. Оның санасын, арман-аңсарын арттырып, құлдық психологиядан арылтуға тырысып бақтық.
Сол ортада жампоздай болып, Әбіш Кекілбайұлының тұлғасы ерекше тұрды. «Бұдырайған екі шекелі», толқынды бұйра қара шашты, тұңғиық терең ойлы көз – осы жігіт тым-тым ерте есейген, жастайынан көсемдікке жаралғандай, қарттың даналығын бала бастан бойына жинағандай, бай қазыналы етіп, Тәңірім терезесінен биік жаратқандай әсер қалдырар еді.
Дардай-дардай, зор лауазымды сыншылар айта алмаған сөзді сегізінші кластың оқушысы айтқанына қарап-ақ, Әбіш Кекілбайұлының, құдай қойса, болашағын болжап қоюға жарағандай еді.
Анасы Айсәуленің бірер жиында сөйлегенін естідім. Той-томалақта. Басқалардың үйреншікті, жаттау-таптаурынды, ноқталы сөздерінен бөтен екен. Сонау Қазтуған заманынан әлдеқалай аман қалған көненің көсем сөздеріндей естілді.
Соған қарап іштей толқып қойдым: «Әбіштің айбыны асқақ, құдіретті, айтқан лебізін «ала өгіздей мөңіреткен» қызыл тілдің шешені болуы – анасының құрсақ мектебінен екен-ау», — деп.
Әрине, оған әлемдік энциклопедиялық білімді бесік мектебі оқытпаған шығар. Анадан асыл туғандар оны өсе келе, әкесіз жетімдікпен жағаласа жүріп, жетіле келе меңгереді. Асылы, Ананың сүтімен бітпеген ақыл қара тананың сүтімен бітпейді.
Біреулер бар кітапты көп оқиды. Кітапты көп оқу әрине, байлық, әрине, қазына. Бірақ ол басқаның басынан туған байлық пен қазына ғой. Өз басынан, өз ақыл-ойынан, сол оқығанына қосары бар ма? Көбінде жоқ қой!
Ал Әбіш те көп оқитын шығар-ау. Сол оқыған-тоқығанына оның өз қазынасы қосылғанда, көгілдір аспанның бояуына шұғыланың (кемпірқосақ) сантүрлі бояулары қосылғандай құлпырып кетеді.
Айталық, ол Ақсақ Темір туралы аңызды бір жерден оқыды, яки естіді. Бұл – қаңқа. Сол қаңқаға ет бітіріп, жан бітіру Әбіштің әрекеті. Жансызға жан бітіру – құдіретті жазушының ғана қолынан келеді.
Ол Әбілқайырды да, оның заманын да көрген жоқ. Тарихта Әбілқайыр туралы, оның дәуірі туралы сараң деректер ғана бар.
Бұл – руда. Жабайы темір. Сол жабайы рудадан таза болат, құрыш шығару үшін бірнеше зауыттары, мыңдаған жұмысшылары, инженерлері бар алып комбинат жұмыс істейді.
Ал тарихтың жалаң да, сараң деректерінен нағыз шынайы көркем шығарма тудыру үшін бір-ақ жазушы тер төгеді. Ондай орасан істі Құдайдың оң көзі түскен, қаламын періштелер тербеткен, мыңнан а бәлкім, миллионнан біреу ғана атқара алады.
Әбішке тағдыр сондай мол үлес бұйыртқан.
1999 жыл
Шерхан Мұртаза
Н. Айдархан