Аягүл Мантай: Джек Лондонның шындығы

Аягүл Мантай: Джек Лондонның шындығы
Фото: vk.com

«Менің өмірге келгенімді әкем қалаған жоқ. Әкем анамның жүкті екенін білгесін «маған баланың керегі жоқ, алдырып таста» деп талап қояды.  Қандай қиын болса да, анам мені өмірге әкелді. Бала бақытты болуы үшін өмірге ата-ананың қалауымен, сүйіспеншілігімен келуі керек» деп жазған жазушы достарының ортасында өзі туралы айтқанды ұнатпайтын.

...Ол мына өмірге келмей жатып, анасының құрсағында жатқанда адамдардың мейрімсіздігін сезінді. Жігіті тастап кеткен бақытсыз, жүкті әйелге жаны ашығансып, басылымдар анасы екеуінің тағдырын талқылап жатты. «Далада қаңғырып қалған Флора өзіне екі рет қолжұмсамақ болды»... «Күйеуі баланы өмірге әкелуіне қарсы болып, үйінен қуып шықса да, сәбиін өмірге әкелгісі келеді»...

Әкесі өмірге келуін қаламаған, «балам» деп мойындамаған сәби – Джек Лондон еді. Ол өмір бойы әкесін іздеді. Сағынды, күтті. Бір күні іздеп келер деп күткен әкесі оны көргісі келмеді. Өжет, алған бетінен қайтпайтын Джек туған әкесіне «Мен сіздің балаңызбын ба? Балаңыз болсам, неге мені іздемейсіз?» деп хат та жазды. Әкесі «Жоқ, сен менің балам емессің» деп араласудан үзілді-кесілді бас тартты. «Ол менің туған әкем бе? Әлде туған әкемнің кім екенін жасырып, мені алдап жүрсіз бе?» деп анасына да талай рет сұрақ қойды. Шешесі «Сенің әкең ешқашан балалы болуды қалаған емес. Оны тек астрология ғылымы қызықтыратын. Ол сенің туған әкең. Тек сені мойындағысы келмейді. Ол әкелік сезімнен жұрдай. Мен әйелмін ғой, ана болғым келді, кешірші» деп көзіне жас алды.

Әйгілі  жазушы Джек Лондонның өмірі – тағдырдың шым-шытырық картинасы еді. Флора (жазушының анасы) Джекті өмірге әкелгеннен кейін Джон Лондон есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Флора некесіз туған Джекті өгей әкесінің фамилиясына жаздырады. Джон Джекті еркелетіп, оған мейіріммен қарайды. Кедей, намысшыл, еңбекқор өгей әкесін Джек те жақсы көрді.

Отбасының ауыр тұрмысын, жоқшылықты сезініп өскен зерек бала еңбекке ерте араласты. Оқушы кезінде газет таратып, сырахананың еденін жуды. Табиғатынан еркін, тәуелсіз, бірбеткей Джек он төрт жасында үйден біржола кетіп, өз бетімен өмір сүреді. Өзін-өзі асырау қызуқанды бозбалаға оңайға соққан жоқ. Табиғатынан шығармашылықтың адамы әр жұмыстың басын бір шалды. Бірде басшылықпен келіспесе, бірде жұмыстың ауырлығына шыдамады.  

Әкесі дүние салғаннан кейін ол өзі үшін емес, отбасын асырау үшін жұмыс істеді. «Заводта 12-14 сағат ауыр жұмыс істеген күндерім болды. Кедей болсам да, өзімді бақытты сезінетінмін. Жалақы алған күні қатты қуанатынмын» деп кейіннен есіне алады.

Ол кемеде матрас болып, әлемді шарлады. Теңізге түсіп тұрған ай сәулесі, жағаға ұрған толқын шабытын шалқытты. Ол табиғатты сүйді, туған әкесі секілді аспан әлемін зерттегенді ұнатты. Кейіннен осы кезеңдегі өмірі бірнеше романға арқау болды.

Джектің жазуға деген қабілетін ең бірінші анасы байқады. Өзі болған елдер, ондағы халықтың тұрмысы туралы қызықты әңгімелеген баласын тыңдап отырған Флора: «Джек, құдды жазушылар секілді әңгімелейсің. Маған айтқандарыңды қағазға түсіріп көрсең қайтеді?» деп идея тастайды. Анасының сөзінен қанаттанған Джек «Жапония жағалауларындағы тайфун» атты алғашқы әңгімесін жазады.

Флора баласының алдында өзін өмір бойы кінәлі сезінді. Әрине, Джек мұны сезді. Өмірден қатты шаршап, торыққан сәтте, сәтсіздіктеріне налығанда бәріне анасын кінәлаған сәттері аз емес. Өзі отбасын құрып, әке атанған сәтте анасының өзі үшін қандай құрбандыққа барғанын түсінеді. «Анамды ренжіткен сәттерім аз емес. Өмірде бір адамнан кешірім сұрау керек болсам, ол – анам» дейді.

Өзі армандаған университетке түскен Джек Лондон да Драйзер секілді ақшасы болмай, бірінші семестрден кейін оқудан шығып қалады. Капиталистік қоғамның заңдылығына бағынғысы келмей, аласұрған бозбала тағы да қара жұмыс істеуге мәжбүр болады. Белі қайысып заводта ауыр жұмыс істеді, от жақты.

Жоқшылықтан қажыған Джектің арманы – жақсы табыс тауып, ешкімге тәуелді болмау еді. Алтын іздеп, Аляскаға алтын іздеуге бара жатқандарға қосылып,  басын қатерге тігіп, айлар бойы сандалған Джектің үміті ақталмады. Ақша тауып, байымақ түгілі, аман қалғанына қуанды. Үйіне әзер жеткен Джек өгей әкесінің өлімін естігенде өмірден мүлдем түңіліп кетті. Ол енді отбасын асырауға міндетті еді.

Алтын іздеп, Аляскада сандалған сүреңсіз күндерінен бірнеше очерк жазады. Оқырман тарапынан очерктері үлкен сұранысқа ие болды. Отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінген әрі қанаттанған ол тоқтамай жаза берді. Күн сайын мың сөз жазды. 

«Күн сайын өзімнен жазуды, жақсы жазуды талап еттім. Өзіңе сенімсіз болмасаң, ештеңе жазудың қажеті жоқ. Менің шығармашылықта жетістікке жетуімнің бір сыры: өзіме сендім. Жақсы жазбасам ешқашан табысқа жетпейтінімді түсіндім. Маған танымал болудан бұрын ақша керек болды. Отбасымды, өзімді асырау бәрінен маңызды еді» деп жазады жазушы.

Кедейшіліктен қатты тарыққан кезінде Джек жазуға тиіс жаңа романының сюжетін тиын-тебенге сатты. Кедейшілігіне налып «Әдебиетпен айналысып, баю – бұл жай қиял» деді. Десе де, Джек Лондон әдебиетпен айналысып, аз ақша таппады. Саяхат жасағанды жақсы көретін әрі әйелдермен көңіл көтергенді ұнататын жазушы ақшаны оңды-солды шашып, тез тауысатын.

Жазушы қысқа ғұмырында көп адамға көмектесті. Қиналып тұрған адамды көрсе, жаны ашып, «айтыңызшы, сізге қандай  көмек керек?» деп сұрайтын. Джектің  қолы ашық екенін білетін достары да одан жиі қарыз сұрайтын.

Джек Лондон – өте еңбекқор жазушы болды, тіпті шабыты жоқ кезде де «жазу керек, ақша табу керек» деп өзін жазу үстеліне қинап отырғызатын. «Өмірде қандай жетістікке жетсем де, тек өз күшіммен жеттім. Көп жазсам, ақша үшін жаздым» деп жазады. Ол өмір бойы баюды армандады, жоқшылықтың зардабын тартқан ол кедейшіліктен қатты қорықты.  

«Мен өмірде тордағы құс секілді едім, мені құртқан бай болып, өзімді материалдық тұрғыда қамтамасыз ету туралы тілек» деп шынын айтады. 

Сері, өзін-өзі жақсы көретін жазушының өмірінде көп әйел болды.Өзі алғаш рет Мэйбл есімді бойжеткенді сүйгенін, оны ешқашан ұмыта алмағанын жиі есіне алады. Мэйбл бақуатты отбасынан шыққан еді. Қыздың анасы Джектің әлеуметтік статусын өздеріне сай емес деп, қызының Джекке тұрмысқа шығуына қарсы болады. Депрессияға түскен Джек біраз уақыт өзіне келе алмайды. Кейіннен үйленген кейін де Мэйблді ұмыта алмай, әйелінің бойынан Мэйблмен ұқсастық іздейді. Жазушының бірінші әйелі – дүниеден өткен  досының қалыңдығы болатын.  Отбасындағы ұрыс-жанжалдан шаршаған жазушы әйелімен ажырасып, екінші рет өзінен алты жас үлкен Чамриянға үйленеді.

Бірінші әйелінен екі қызы бар жазушы ұлды ерекше жақсы көреді, екінші әйелі жүкті кезінде «ұл туса екен» деп армандайды. Ол «мен ұл туатын әйелді жақсы көрем» деп жиі қалжыңдайтын. Екінші әйелінен көрген қызы шақалақ кезінде шетінеп кетеді. Чамриян күйеуін жазушы ретінде түсініп, оған барынша қолдау көрсетеді. Лондонның жаңа романдарын оқып, оқырман ретінде өзінің пікірін айтып, алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасайды. Ең жақсы шығармаларын Чамриянмен өмір сүргенде жазғанын жазушының өзі де мойындайды.

Жазушының қай басты кейіпкерін алсаңда өмірге құштар, өз қиялындағы бақыт үшін жанталасады, өмірден өз қалағандарын алғысы келіп, алға ұмтылады, бірақ ашкөздік, қанағатсыздық, тойымсыздық түптеріне жетеді. Көкейіңде «Неге оларды интеллектісі, таланты, білімі құтқара алмады, керісінше, ешкімге керексіз болып далада қалды, ажал құшты» деген өкініш қалады. Себебі, кейіпкерлерінің бойындағы материалдық байлыққа деген құштарлық  автордың өзіне де ешқашан маза бермеді. 

Өмірінің соңғы жылдарында қатты депрессияға түскен жазушы ішкілікке салынады. Наша шегіп, жазудан мүлдем қол үзеді. Жазушы қырық жасында морфийден уланып өледі. «Джек Лондон кейіпкері Мартин Иден секілді өзіне өзі қолжұмсады» дейтіндер көп.

Әлем әдебиетінен орын алуға емес, өмірден орнын табуға ұмтылған Джек Лондон өмірінің соңғы жылдарында «шығармашылық менің жеке өміріме уақыт қалдырған жоқ.  Өмірден мән таппадым» деп күрсінеді. Бәлкім, ақша үшін жазған өзге жазушылар шығармашылықта өзін таппаған шығар, ал Джек Лондон адамзаттың игілігі үшін рухани, құнды әдебиет жасады.

adebiportal.kz

А. Оралқызы