Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтың қазақ поэзиясында қайталанбас үні қалған, өзіндік стилі, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Қазақстанның әнұранының сөзін жазған автор өмірінің соңғы кезеңдерінде жүрек ауруына шалдығып, аурухананы жиі паналайды. Сондай қиын кезеңдерде жанына медет болған – күнделігі. Бүгін ақынның сол күнделігіне жазылған ойлары мен толғамдарын ұсынып отырмыз.
Шілде, 29
20-ы күні жан сақтау бөліміне түсіп едім. Содан бүгін, 29-ында балконға шығып, күннің көзін көргенімде көзіме жас келді: ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайра-ан, тіршілік.
Шілде, 31
40 – 42 градус. Балконға шалқытып тұрып су шашып ем, 20 минуттан кейін кеуіп кетті. Бу көтерілер деп күтіп ек – о да көрінбеді. Қызған тас та менің бір досым сықылды кепкіш-ау, сірә, қанша ақша алса да ол үш күннен соң ерні кезеріп, қурап шыға келеді ғой. Тым құрыса, буын байқатсайшы!
Тамыз, 1
Таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән-ақ қой, шіркін. Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері - ән өнерінің Колумбысы ғой.
Үйірі қысырақтың Мақпал қара,
Қара шашыңды күндіз жу да түнде тара.
Алыстан ат терлетіп келгенімде
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
Қалай, ә! Осындай құдіретті Ырымбайка сезіне ме? Ішіне қатсын! Ол әлгіндей әндерді ешкім түсінбейді, бағаламайды деп ойлайды. Әрине, орындай да алмас еді. Оған ән емес, қол-шапалақ керек. Қолды көп шапалақтайтын, әрі арзан дуылдайтын қоғамның ең тәжірибесіз, біліксіз, талғамсыз тобы – жастар, олар да есейер-ау, бірақ өнер адамының өз есі кірмей-ақ барады. Успех! Какой тебе успех? Самообман!
Тамыз, 6
Сағат 4 пен 5-тің арасында қарадан қарап отырып терледім. Қысылған, тынысым тарылған сықылдандым. Телевизор тұрған жерге барып ем, тезірек (жеделірек) жүріп кеттім бе – кім біледі. Ендігі қалған ғұмырдың бәрі осылай, үбектеумен өтетін болса – о ғұмыр ғұмыр болып көктетпес.
Өткен түнгі ұйқым нашар болды. Есесіне, бүгін күндіз ... әй, қатырдым - ау.
Исмаил-аға Юсуповты көрдім. Сыртынан. Жұрттың ол туралы айтқан әңгімелерін естідім. Меніңше, бұлардың бәрі түсіп қалса – осындай болады, адам (тұлға деген мағынада) ретінде түк құндары жоқ. Деятельдер емес, карьеристер ғана. ЦК-ның бірінші хатшысында әйтеуір бір қасиет болуы керек емес пе?
Тамыз, 7
Талай күннен бері әне жауады, міне жауады деп жүрген жаңбырлары – өткен түнде басталды. Ғажап салқындық, бір рахат самал еседі. Әй, бір ұйықтадық - ау.
Түскі астан кейін де ұйықтармын-ақ деп ем, болмады: екі қара шыбын емешемді құртып бітті. Тұмсығымнан бастап, кірпігіме шейін қонып шықты. Бірер газетті қатты шиыршықтап алып, ұрып та өлтірмек болдым. Дегенмен, өзіңнің адам болар–болмасыныз әлі белгісіз бола тұрып, шыбын да болса тірі мақұлыққа қазауаттық ойлаған ұят секілді көрінді. Әрі... Менің екі бірдей сыншым болып еді. Олар да осы екі шыбын сынды мазамды алған болатын. Ол екеуі де тірі жүр ғой, мына екеуі де тірі жүре берсін деген ой келді. Жалқау кісінің Гуманист келетіні рас. Кейде қорқақ кісі де Гуманист.
Тамыз, 8
Кітапханаға бардым. Кітаптардың қойылу, жиналу тәртібі қызық екен: Абай, Ахтанов, Ахметов т.б. тәрізді фамилия мен ат шатыс, бәлкім заңды да шығар. Өйткені, Абайды Құнанбаев деп, (баспадағылар, кітаптарының мұқабасы) болмаса ешкім айтпайды ғой. Сондықтан Сейтжан Омаровтың кітаптарының «С»-да да, «О» -да да жүргенін кешіресің. Бірақ көбіне-көп әріптердің бұзылғаны және «А» тобында «Қ»-ның, т.б. әріптерден басталатын фамилиялардың басқа бір әріп тобында жүргені көзі үйренбеген кісіге ерсі екен. Түк береке жоқ. Кафканы «Переводы с французского» деген жерден таптым: Кафканың аты Франц қой. Содан ол Австриясын тастап, Францияға көшіпті.
Тамыз, 10
200 м. жүруге рұқсат алдым. Мен бұл өлшемді қате түсініппін. Бір жүргенде 200 м. жүреді екем десем, күні бойына жүретін жолым (балконға шығу, асханаға, т-ке бару т.б.) осы болып шықты. Мен сықылды аяқ-қолы сау кісіге 200 м. не болсын! Әрі телевизор көруім керек.
Біздің редакцияның кісілері келіпті. Келгендеріне рақмет. Мен бастықпын ғой. Ал, егер қатардағы (өздері сықылды) біреу болсам ше? Сонда өстіп тобымен келер ме еді? Әрине, өзім редакцияның кез келген қызметкері ауырса – ұйымдастырып алып барам, алып барып жүрдім. Жо-оқ, бұл өзінен басқаның адамшылығына, адалдық, жолдастық т.б. сезімдеріне күмән келтіру емес. Мен өзімді көзқарасы ескі, түсінігі де әжептәуір көнерген адам санаймын. Ал, көзқарасы, түсінігі жаңа жұрт жолдастықтың өзін – керегіне қарай түсінеді, парызының өзін пайдасына шағады. Ауыр, бірақ шындық. Амал қанша. Солай, достарым!
Тамыз, 11
Кеше кешке қарай Әбіш пен Клара кіріп шықты. Тахауи, Хамит, Естөре, Әбу-шал, Қалтай... Бұлар да бір-бірден (ең азы) келіп кетісті. Жалпы, мен ауырсам ... Ауырғандағы беделім – мынадай, өлсем, тіпті, мықты болам-ау деймін. Әттең оны тек (өзімді, беделімді) өзім көре алмаймын ғой. Бұ да бір өкінішті жай. Қай қазақ не біліп жүр.
Түнде телевизордан ядролы қарудың қауіптілігі туралы дискуссия болды. Сөйлеушілердің бәрі шешен екен. Әттең, іс жүзінде – тіл емес, қол шешен болса ғой – сол айтылғандар іске асып жатса... Пайдасыз жиналыстың көптігі содан. Сөйлеп кетсе – бәрі дұрыс айта алады, бірақ сөз жүзінде. Біздің Жазушылар Одағының жиналыстары да сондай ғой: ақылды сөз көп, ақылды іс жоқ. Барлық қасірет – қоғамның көзіне түсу, болып көріну т.б. Абай айтады ғой: «...десін, десін деп жүріп, демесінді ұмытып кетеді».
Ат-шапаннан кем көрме
Біреу атын қойса қу дейді.
Мұны Абай айтады. Күні бүгін Абайдан актуальды ақынды көргем жоқ. Дәл түседі-ау, дәл түседі. Бір құрдасым (менің) терең, өте күрделі, ойшыл кісі боп көрінем деп отырып – ұйықтап қалды. Тентек, шадыр. Сотқар болып көріну – «қаламгерге» кірген көп қаламгердің алдарына қоятын мақсаты сықылды. Шын ақылы бар адамдар анау-мынау ақынды ақымақ етеді. Ерсілеу, есерлеу бірдеңе істесе ештеңе етпейді, ақынның мінезі ғой деп, өп-өтірік кешіре салады. Какая глупость! Ақынның мінезі ең алдымен өлеңіңде, сонсоң өміріңде (іс-әрекетінде) көрінер болар! Жүз грамм ішіп, біреуге жұдырық түю – ақындық емес, ақымақтық.
Тамыз, 15
Тағы да жүз метр жүріс қосты. ЭКГ-ге екі мәрте салды. Емшілердің қас-қабақтарына қарағанда, әзір өле қоятын түрім көрінбейді. Бұ жердегі дәрігерлердің мені қарап жүргендері (басқаларын қайдан білейін, бірі де солай шығар) өте аяулы халық: қан қысымы, ЭКГ қорытындысы т.б. қорытынды - көрсеткіштер жақсы болса – жүздері жадырап жүре береді. Мен кейде жүрегімнің ауырғанын (тым жанға батып жатпаса) жасыруға тырысам. Аяймын. Бір жерім ауырды десем – дәрігерімнің қабағына үш-төрт жерден әжім түседі. Қиналады. Әрі аяйсың, әрі сонысы жаныңа жағатын тәрізді. Өз ауруың арқылы біреуді аракідік қинап та қойғың келеді. Әрине әйел дәрігерді. Сұмдық эгоист жұртпыз ғой.
Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Қайдағы бір ойлар әлденендей ұсақ тісті мақұлық боп жанымды кеміріп бітті. Қайта-қайта балконға шығам: жел жоқ, ауа да тымырсық. Аулада әлдекім ыңырсып ән салған тәрізденді. Өзім емеспін бе?
Бала кезімде ән салған жұрттың бәрі қуаныштан, көңіл-күйінің шарықтауынан салатын тәрізді еді...
Күн шығыс жақ аспанының қабағы бозарғанда барып, төсегіме қисайдым. Таңертең 9 жиырмада әрең тұрғам, жұрттың бәрі мені аса көп ұйықтайтын сирек адам ретінде қабылдайтынын байқадым (бұрын да бірнеше мәрте осылай болған еді). Жұрт ылғи жаңсақ түсінеді. Жаңсақ түсінгеннен (немесе) шала түсінгеннен түк түсінбегеннің өзі артық. Бұның бәрі сөз емес сөздер, бірақ шындық. Амал қанша, жазушы да кейде шынын айтуы керек қой.
Тұңғыш рет лифтіге отырып төменге түстім. Лилия Альбиновнаға сәлем берейін деген оймен жан сақтау бөлімшесіне өтіп бара жатыр ем, не әйел, не еркек, не сары, не қара, не шал, не бала деуге болыңқырамайтын біреу тоқтатып алып:
- Вы к кому? – деп сұрады.
- Чаң пұң мең кардиал Алму-таң – дедім.
- Ол: Ымм, ага – деді.
Лифтімен түсіп, лифтімен шығуға ғана рұқсат етеді. Тәртіп жағы (әсіресе мен үшін қаталдау) бұрынғыша қадағалайды да жүреді. Бірақ қай тілде сөйлеймін десең - өзің еркің, әлгі айтылған құсатып «қытайша» сөйлеп жіберсең де, ылғи оқыған адамдарға не жетсін, түсіне салады. Чаң пұң, кардиал Алму-таң.
17 тамыз
500 метр жүрдім. Әуелі ЭКГ-де бір ауытқу болды. Үлкен доғдыр келгенше қалғандары шеше алмайтын бір мәселе болғанын түсіндім. Үлкен доғдыр, әрине, рұқсат етті. Чистое психологическое соображение: жібермей қойса /500 метрге/ ЭКГ-нің көрсеткені онша күйлі сурет болмағаны, демек, мотордың халі нашар деген сөз. Мен, әрине, мұны түсінем, уайымдаймын. Осыны болғызбас үшін үлкен доғдыр маған рұқсат етті. Менің мұны анық түсінгенімді түсінгенде өзі бір түрлі қысылып қалды. Мен: Ничего! Деп қойдым. Жүрек, әрине, менікі ғой.
Өте сезімтал, нәзік жандар бар, баршылық; бірақ күллі карьеристер мен кәсіпқойлар тасқынынан әлгіндейлерді тауып, танып алу оңай шаруа емес. Дегенмен, шын мәніндегі мамандар өз істерінін шеберлері барлық жерде, барлық салада бар екенін ешқашан ұмытпау жөн. Адалдық, білім, талант – лауазым емес.
Тамыз, 26
Біреу келіп (шамасы бастық болуы керек) медбике-қызға ал, кеп ұрысты, ал, кеп ұрысты. Қызда үн жоқ. Медбике-қыздың түк жазығы жоқ екенін ауру да, сау да біліп тұр. Ешқайсысы байғұс қыздың (шындықтың, әділеттің) пайдасына бір сөз айтса ше! Мен де аузымды ашқаным жоқ. Неткен сорлы едік. Мұндай қой-жұртты бағудан оңай не бар дейсіз! Түкке татымайтын адамдардың, бірдеңені бүлдіріп қоймаса (кейде бүлдірсе де) көсем боп ондаған жыл отыра беретіні содан ғой.
«Түссін деп мойынымнан ұлдық парыз,
Жоғарғы орындарға жазам арыз» -
Сәбит Мұқанов айтқандай, арыз жазуға батылы баратын адамдар да азайды. «Арызқой» атану кімге жайлы дейсіз!
11 қыркүйек
Түнде «Гонцы спешат» деген фильм көрдік. Тарихи шындық. Авторлар да (сценарист, режиссер) соған тарихи фактілерге сүйенген. Дәуір шындығын неғұрлым тереңірек, молырақ қамтуға, көп айтуға тырысқан екен. Негізгі екі тақырып, екі желі: а) үш жүздің қазағының басы бірікпейінше, қазақ, қанша қомпаңдағанмен, ел болмайсың! б) Қазақ сықылды жері кең, өзі бай, саны аз (салыстырмалы ұғым) халық әйтеуір бір мықтыға арқа сүйемесе – күн көру мүмкіндігі жоқ. Мұның бәрі дұрыс картинаны жалпы көруге, көрсетуге болады. Жаманқұлов Әбілхайыр-ханға (сәл мойны жіңішкелеу демесе) ұқсайды. Сөзі де тірі, қимылы да ширақ. Фильм лентасынан өте аз берілген орынның өзінен көрушілер әжептәуір әсер алып қалады. Тақырып өте ірі. Оқиға, ұрыс-соғыс, талас бар - бәрі ұсақ секілді. Қылыштардың сілтестерінің өзі – балалардың ойнап соғысқан соғыстары сияқты. Батырлардың жекпе-жектері, қоян-қолтық келгенде жұмсайтын күш-қуаттары осындай (сондай) болса Әнекең (Әнуар Шманов) екеуміз де біраз жауды «қыруға» жарап қалар едік. Ең ірі кемшілік осы: кісіні (көрушіні) сендіре алмаушылық. Жұрттың бәрін (опять-таки) ақымақ санаушылық. Так долго рассчитывать на неосведомленность – глупость людей – мы не можем. Мұндай жауапкершілікте артистер алдымен: 1. атқа отыруды, 2. қару ұстауды, 3. оқ тигенде дұрыстап құлауды үйренулері керек. Шауып келе жатқан жауынгердің қазір (оқ тиіп) құлайтыны алдын ала белгілі болып отырады. Әрине, әрбір артист әрбір «өлген» сайын шынымен өле берсе – киноны көретін де (артистер де көрермендер арасынан шығады ғой), түсіретін де кісі қалмас еді. Мұны түсінеміз. Дегенмен... Асанәлі Әшімов – түгелімен нанымсыз, жасанды, қыз бен екеуінің арасындағы қарым-қатынас күп-күрең өтірік. Сондықтан әлен-пәлен деудің өзі артық. Тағы бір артық кісі – орыс. Елшінің түрі. Әрі нақ осы фильм үшін бүтін жерге жамау жапсырғандай, керексіз. Саяси-әлеуметтік мәні бар нәрсеге бүйтіп «ойнап» қарауға болмайды. Хандардың «кабинетінде» өзіміз күнде көріп жүрген кеңселердің ауыз-үйлерінде жататын дорожкалар. Әрине, бұдан пәлен ғасыр бұрынғы төсенішті таппадың демейміз ғой. Дегенмен... Деталь. Ұсақ. Бірақ онысыз, оған дұрыстап көңіл аудармасаңыз – құрығанда күлкі боласыз! Иә! «Біткен іске мінші көп». Біздің мақал-мәтелдеріміздің ішіндегі ең оңбағандарының бірі – осы: әлгі айтылған «көп міншінің» ішінде шын мінші-сыншының ақ жарылып айтқан сөздері құнсыз боп қалады. Өнерге - өтірік нәр боп жүріп жатқан бір тірлік.
Шығып тұр ғой бүгінде
Қасым деген бір ақын.
Осы болар түбінде
Енелеріңді ұратын.
Қасым аға өтірік айта алмаған ғой. Бір кезде осы жолдар маған мақтаныш сықылды көрінетін! Ақымақтық қой. «Байқал», «Ақын өлімі туралы аңыз» т.б. шығармаларды Қасымның замандастарынан, әрине ешкім жаза алған жоқ, біз де жаза алмадық. Бізден кейінгілер де жаза алмайды. Жо-оқ, жақсы дүниелер болған, бар, болады. Бірақ бәрі басқаша. Там вкус поэтов Того времени, и еще уникальность аманжоловского стиля – все это раскрывается, особенно, в названных произведениях. Он встал в этих произведениях во весь рост. Вот, почему я считаю его самым крупным поэтом послеабаевкого периода. И, к нашему сожалению, эта оценка по сей день остается справедливой, единственной.
Жеке адам (тұлға) – Алматинка өзенінің ортасында жатқан дөңбек тас секілді: есуас көк-сулар сол тасты домалатып әкетем деп әлек. Ал, ақылды ағыстар – айналып өтеді.
Әрине, бір кезде сол дөңбек тасты да ағыс, су екпіні әкелген. Бірақ ол үшін уақыттың талай тоғандары толып, мейманасынан асуы шарт.
Сурет: writers.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина