"Жазушы" баспасынан 1988 жылы Асқар Сүлейменовтің "Адасқақ" атты повестер мен әңгімелер жинағы шығады. Кітаптың қаламақысын төлеу үшін проза редакциясының кіші редакторы ұсыныс қағазды толтырып, қол қойдыру үшін баспаның бас редакторына кіреді. Бас редактор ұсыныс қағазға көз жүгіртіп отырып, автордың аты-жөні, тұрақ-мекені көрсетілген графадан "Нобель сыйлығының лауреаты" деген сөзді оқиды. Оқиды да, кіші редакторға дүрсе қоя береді:
– Асқар Сүлейменов қашаннан бері Нобель сыйлығының лауреаты болып жүр?!
– Жаздырған автордың өзі ғой, мен қайдан білейін... — деп баспа қызметкері төмен қарайды.
– Жаздырғаны қалай? Дәл солай, Нобель сыйлығының лауреатымын деді ме?
– Телефон арқылы звондап, үйінің адресін сұрап едім:
"Қарындасым, менің Нобель сыйлығының лауреаты екенімді қағазымның бір жеріне түртіп қой..." деді.
– Иә, сонсоң?
– Сонсоң, автордың өтініші бойынша, осылай жаздым...
Бұны естіген бас редактор дереу Асқарға телефон соғады.
– Сүлейменов, сен қашаннан бері Нобель сыйлығын құйысқаныңа қыстырып жүр едің? — деп сұрайды.
– Менің айтқанымды ол қарындасымыз шынымен жазып қойып па? — деп күледі Асқар.
– Жазғанда қандай!
– Ендеше, менің не жазығым бар, жолдас Сәрсенбаев? Ондай сауатсыз редакторды қызметтен шығарып жібермейсің бе?
– Қызметтен шығарғаны қалай? Редакторды шатастырған сен емеспісің?
– Мен ешкімді шатастырғам жоқ, – деп жауап береді сонда Асқар. – Бәрін шатастырып жүрген өздерің. Егер маған қазақтың кішкентай бір сыйлығын беріп тыныштандырып қойсаңдар, қайдағы бір неміс пе, швед пе, еврей ме... сондай еріккен біреудің артына атын қылдыру үшін тастап кеткен тастандысына жармасар ма едім? – депті.