- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әсемдік құпиясы ...
Әсемдік құпиясы
Рожер Дин (АҚШ)
Емханаға қайта жұмысқа келгеніме бір апта болған еді. «Маси ханым не деп жатыр?» деп сұрадым мен алдыңғы текшеде тұрған медбикеден.
«Білмедім, расында да, білмеймін! – деді медбике, - Шипаханаға кіргеніне екі апта болды. Үйіндегілер оның дәм-тұзының келер айға жетпесін біліп, осы жерге алып келіпті. Десе де, әйтеуір бір ақ түсті қобдишаны қайта-қайта айта береді.
«Ақ қобдиша?» дедім байыбына бара алмай.
«Жаға-жеңін дұрыстап жатқызып қойсаңыз да, сол ақ қобдишаны айтып сарнап қоймайды» деді тағы да ол.
«Иә» дедім жай ғана.
Қай күні болмасын жұмысқа келсем болды, Маси ханымға бас сұқпай кетпеймін. Ол кісі қашан болмасын, сол баяғы ақ қобдишасын сұрай береді. Ол күні бойы қос қолымен бетін басып, төсекте бүк түсіп жататын да қоятын. Әр рет бетін жумақшы болып, қолын көтергенімде жас моншақтарының тарамдалып жатқанын көретін едім.
«Мен өлерден бұрын... Менің ақ қобдишамды...»
«Маси ханым, не айтып жатқаныңызды түсіне алмадым,- дедім мен оған шынайы түрде. Осыған ұқсас диалогтар қалыпқа түсіп қалғандай, күнде қайталаймыз. Өкінерлігі, қаншалықты сөйлесіп тұрсам да, оның не айтқанын түсіне алмай-ақ қойдым.
Осыдан кейінгі бір аптада Маси ханымды емдеу үшін бас дәрігерді бірнеше рет шақырдық. Мен аурухана сыртында тұрып, оған дәрігердің емінің дарып, қатерден тезірек құтылуын үміт еттім, әрі шипагер кеткен соң бөлмеге кіріп, оның бөлмесін сүртіп, тазаладым.
«Менің үйім, менің ақ қобдишам...» деп ол тағы әңгімесін бастады. Қызметтен шығарда, Маси ханымның емханаға түсердегі тіркеу құжаттарын ақтардым. Уитмарк көшесі 1333-ші нөмірлі үй. Міне, бұл Маси ханымның тұрағы. Бұл мәліметтерді қойын дәптеріме көшіріп алдым да, көлігіммен мөлшермен бес ағылшын миллі аралықтан үйді таптым. Мен келгенде, бұл қоражай баға таластырып сатылу үстінде екен. Төңіректің бәрінде көліктер иін тіресіп қалыпты. Мен үйге жақындағанда бір ер адам: «Сіз де баға таластыруға қатысасыз ба, онда нөмір алып тіркеуге тұрыңыз» деді.
Мен «Қатыспаймын» деп басымды шайқадым.
Әрлі-берлі 10 минуттай жүріп, баға жапсырылып сатуға әзірленген заттарды көрдім. Ас үйде бір адам көп жәшіктерді реттеп, заттарды салып жатыр екен. Ас үстелінің бұрышында ақ түсті кішкентай қобдиша тұр екен.
«Әурелейтін болдым, мына кішкентай қалбырды сатып алдыңыз ба?» деп сұрадым мен үй ішіндегі әлгі кісіден.
«Мен осы үйдегі барлық заттарды сатып алдым» деді ол.
«Мына кішкентай қобдиды көрсем бола ма?» деп сұрадым.
«Әрине, болады. Оның мен үшін ешқандай құны жоқ».
Мен оны абайлап аштым. О, Тәңірім, қатты таңырқадым.
«Мына қобдишаны маған сыйға тартсаңыз бола ма?»
«Мен үшін ол дүниенің соқыр тиын құны жоқ, ішінде тек жалған тіс қана бар екен».
Мен шыға сала, тізгін ұшымен шипаханаға тарттым. Келе сала, Маси ханымның бөлмесіне кірдім.
«Ханым, мен Рожермін, сізге не әкелгенімді көріңізші!» дедім әсерлене. Ол ақырын көзін ашты, әп-сәтте өне бойы дірілдей, қолын созып, кішкентай ақ қобдиды алып: «Рақмет, рақмет саған, Рожер!» деп қырылдай тіл қатты.
«Оқасы жоқ!» дедім сөйлей жүріп. Қолын сипалап, әрі оны түсінетіндігімді, оның жақсы адам екенін, өзіне тән жеке әлемі болуын қалайтын адам екенімді білетіндігімді білдірдім.
Бөлмеден шығарда, ықыласпен иіліп, құрмет білдірдім. Ертесі жұмысқа келгенде Маси ханымның дүниеден озғаны жайлы хабар естідім.
Емханада жұмыс атқарған неше жылдан бері көптеген адамдар өмірден озды. Бірақ мен екі адамның ғана жаназасына қатысыппын, біреуі осы Маси ханым еді.
Оның табыт сандығының қасында бір сағаттан артық тұрдым. Көптеген адамдар қатарласа қоштасып жатыр. Мен оның достарының: «Маси ханым жалған тісін тағып алған соң, жиырма жас жасарып кеткендей болды...» деген сөздерін қанша рет, қанша адамның аузынан естігенімді ұмытып қалыппын.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: deirdreclune.ie
M. Auelkhan