- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әрбір қыз баласы...
Әрбір қыз баласы оқуы тиіс кітаптар
Ешкім де идеал әйел болып туылмайды, мінсіз адам жүре қалыптасады. Оған себеп болатын өмірлік тәжірибе мен даналық толы кітаптар. Солай, кітап – тәрбиелеуші... Осы орайда оқырмандарымыздың сұрауы бойынша, әрбір әйел баласы оқуға тиіс кітаптар тізімін ұсынбақпыз. Тізімге әлем мойындаған, миллиондаған әйелдің көңілінен шыққан бестселлерлер мен редакция ұсынған ана тіліміздегі кітаптар еніп отыр.
Сонымен, егер кітап оқуды жаныңыз сүйетін болса, әрдайым ақылыңызға азық іздеу мақсатында әдеби кітаптар іздеп жүретін болсаңыз, төмендегі кітаптарды тауып алыңыз. Ұсынылған шығармалар заманауи әйелге қатысты қарым-қатынас, әлеуметтік жетістік, өзін-өзі дамыту, өзін және ер азаматты түсіну, бақытқа жету, бала тәрбиесі, стиль, этикет мәселелерін қамтиды.
1. "Махаббат, қызық мол жылдар". Ә. Нұршайықов. Махаббаттың тұмарына айналған төл туынды әрқашан оқырман қауымның ыстық ықылас-ілтипатына ие болып келеді. Шынайы сезім мен зұлым күштің өмірдегі арпалысына негізделген. Басты кейіпкер Меңтайдың бойынан қазақ қызына тән қылық пен мінезді көресіз, үйренесіз. "Апамның айтқандарын" міндетті түрде жазып, жаттап алуыңыз керек. Сондай-ақ, автордың жарына арнап жазған "Мәңгілік махаббат жыры" кітабы да идеал әйелдің бейнесін көрсете алады.
2. "Махаббат жыры". Ә. Тарази. Жүректі ізгілікке бөлеп, тілекті егіз арнадан іздеуге қол ұшын беретін шығарманың жүрекке қосымша күш сыйлар қасиеті бар. Әйел баласының артық жүрісі мен қасиет-қадірін таразыға салып суреттейтін жазушының ой ұшқырлығы тәнті қылады. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ұмытпасаңыз болғаны.
3. Ф. Оңғарсынованың "Дауа", "Жүрек күнделігі", "Шашы ағарған қыз", К. Ахметованың "Күн шыққанда күліп оян", "Жапырақ – жаздың жүрегі" атты жыр жинақтары да әйел дүниесінің жан айқайын паш етеді. Ақынмен бірге сырласасыз, мұңдасасыз...
4. "Ана бақыты немесе жүкті әйелге арналған күнделік". Ж.Көбекбай. Ана болу – әйел баласына берілген үлкен бақыт. Жүктілік кезінде осы бақытты сезінумен қатар, болашақ ананың бойында үрей, көптеген сауал пайда болады. Міне, осы кезде қаншама келіншек кітап іздеп, ғаламторды шарлап кетеді. Және ылғи да қазақ тілінде қажетті кітаптардың жоқ екендігін айтып қынжылады. Мұның бәрі де артта қалды. Замандасымыз Ж. Көбекбай жүктілік пен босану туралы қазақ тіліндегі тұңғыш кітапты жазып шықты. Кітап әрбір адамға түсінікті, медициналық терминдер барынша аз қолданылған. Кітап төрт бөлімнен тұрады. «Мен болашақ» анамын!» атты бірінші бөлімде сәбидің құрсақтағы дамуы мен 40 апта көлеміндегі ана ағзасындағы өзгеріс толық жазылған. Босанар алдындағы дұрыс тыныстану, тамақтану, ауруларды азайту әдістері кітаптың «Босанудың бабын біл!» атты екінші бөлімінде жазылған. Егіз қыздың анасы Ж.Көбекбай жүктілік кезінде өз басынан кешкендерін «Ерекше жүктілік немесе менің күнделігімнен...» атты үшінші бөлімге орналастырған. Кітаптың қорытынды төртінші бөлімі қазақтың ана мен балаға қатысты ырым-тыйымдарына, түрлі этнографиялық түсініктерге арналған.
5. "Ұлпан". Ғ. Мүсірепов. Туындыда қарапайым қазақ қызының ел анасына айналуына дейінгі оқиғалар баяндалады. Қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселесі де қалыс қалмаған. Әрбір адам кітапты оқып шыққаннан кейін қазақ болып туылғандығын мақтан тұтып, өмірлік мақсатын айқындай алады деп ойлаймыз. Ер азаматты қадірлеуді, ата-анаға, ел-жұртқа қамқор болуды үйрене аласыз. Тізіміңізге Ж. Аймауытовтың "Ақбілек" романын түртіп алсаңыз да артық емес.
6. "Айналайындарым менің". Д. Матайқызы. Жас ұрпаққа арнап ұлттық салт-сананы, дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды өмірбаяндық деректермен байланыстыра отырып өсиет етіп жазған Ділдә Матайқызы Тасмағамбеткелінінің бұдан бұрын жарық көрген «Тәрбие туралы толғаныс» атты кітабы оқырмандардың ыстық ықыласына, үлкен құрметіне бөленген. Сол қалың оқырманның өтінішіне орай, туған тарихымыз, саяси-әлеуметтік тың көзқарастар, алуан түрлі өмірлік мысалдармен толықтырылып, қайтадан жазылған бұл жинақ та сіздердің сырлас достарыңызға айналар деген сенімдеміз.
7. "Бабалар аманаты". З. Ахметова. Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегінен орын алған Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабы қазақ келіндерінің төлқұжаты болу керек секілді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы - жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Әлемдік бестселлерлердің тізімі:
8. "Идеал гардеробтағы 100 зат" ("100 вещей идеального гардероба"). Н. Гарсия. Америкалық беделді сән сарапшысы, "Marie Claire"басылымының фэшн-директоры Нина Гарсияның айтуынша, мінсіз гардероб – әрдайым маңыздылығын жоғалтпайтын 100 затты ауыстырып тұрғанда ғана пайда болады. Бұл тізімге киім-кешек ғана емес, аксессуарлар, әшекей бұйымдар, аяқ киім, косметика, иіссу да кірген. Сондай-ақ, заманауи бойжеткенге арналған психологиялық кеңестер де енгізілген.
9. "Әрекет ет! Сәттіліктің 10 парызы" ("Действуй! 10 заповедей успеха"). И. Пинтосевич. Арамызда ақыл-сана, таным-түсінік жағынан қатарластарынан әлдеқайда қалып қойған нәзік жандыларымыз көп. Кітап осы қатардағыларға арналған. Автор психология, менеджмент, тұлғалық өсуге қатысты соңғы жаңалықтарды талдап жазады. Және әрекет ету бағдарламасын қоса ұсынады. Оның айтуынша, адам кем дегенде күніне 30 минутын өзін дамытуға арнауы керек.
10. "Оңай өмір сүр!" ("Живи легко!"). Э. Мэтьюз. Аустралиялық психолог, суретші Эндрю Мэтьюдің бестселлері нашар көңіл-күйге таптырмас дәрі ғана емес махаббатта, достықта, мансапта, білімде сәттілікке жету жолындағы ғажайып мотиватор бола алады. Қысқа да нұсқа кеңестер өмірде шынайы болған оқиғалар арқылы дәлелденеді. Оқып отырып, "Өмір деген қандай керемет!" деп айтатын боласыз.
11. "Балалардың тыңдауы үшін қалай сөйлеймін және бала сөйлеу үшін қалай тыңдаймын" ("Как говорить, чтобы дети слушали, и как слушать, чтобы дети говорили"). А Фабер және Элейн Мазлиш. Әлемдегі ең үздік деп танылған баламен қарым-қатынас жасаудың мамандары осындай кітапты ұсынады. Олардың әдістері үйдегі "буын қақтығысын" тоқтатып, баланың әрекетін, сезімін, ойын түсінуге көмектеседі. Жиған біліміңіз арқылы сәбидің негативті эмоцияларын жеңіп, баланы ренжітпестен өз ашуыңызды шырғаруға дағдыланасыз, оны дұрыс жазалауды үйренесіз.
12. "Нағыз ханым. Әдемі үн мен стильдің ережелері" (" Настоящая леди. Правила хорошего тона и стиля"). Е. Вос. Мінсіз мінез-құлық кез келген әйел баласын тартымды, ақылды етіп көрсетеді. Заманауи этикеттің үздік маманы нағыз ханымға лайықты киімді, шаш үлгісін, аксессуарларды таңдауға көмектесіп, кез келген ортада өзіңізді сенімді ұстауға тәрбиелейді.
13. "Дене қозғалысының жаңа тілі" ("Новый язык телодвижений"). Аллан және Барбара Пиз. Әрбір адамды кітап секілді оқуға болатынын білесіз бе? Оқыңыз да, мінезіне байланысты дұрыс қарым-қатынастар жасауды, айла-әрекеттерді орнымен қолдануды, қателіксіз шешім қабылдауды үйреніп, сәттілікке ұмтылыңыз. Бұл – барлық дене қозғалысының мәнін түсіндіретін, сол арқылы адамның сезімі мен ойын оқуға дағдыландыратын әлемдегі ең танымал, ең беделді оқулық.
14. "Еркек секілді ойла, әйел секілді әрекет ет" ("Поступай как женщина, думай как мужчина"). С. Харви. Танымал американдық радиожүргізуші білектілер қауымының бар құпиясын паш етеді. Ол қыз-келіншектердің сансыз сұрақтарына жауап беру арқылы тұтас бір кітап жазып шыққан. Туындыда ер азаматтардың әйелмен қарым-қатынастағы ережелері, ойы, ұстанатын қағидалары айтылады.
Ер азаматтарға арналған тізім мына жерде
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: nklibrary.kz, oksh.kz, vk.com, lib.kainar-edu.kz, eksmo.ru