Тяжела ты, любовная память!
Мне в дыму твоем петь и гореть,
А другим — это только пламя,
Чтоб остывшую душу греть.
А. Ахматова
Анна Ахматова 1889 жылы дүниеге келген. Ақын өзінің жеке өмірі туралы айтуды ұнатпаған, сол себепті оның өмір хикаясы туралы мағлұматтар аз табылған. Оның өзі достары мен жақындарының, таныстарының сөздерінен ғана белгілі.
Ақын өзінің өлеңдерінде өмір жолында жолыққан еркектеріне деген сезім құпияларын ашық байқататын болған. Бірақ оның балауса жас кезінде, яғни, жиырма жасқа енді аяқ басқан шағында болған бір оқиға жұрт білмейтін біраз құпия тудырды. Ол құпиялардың сыры әлі күнге дейін беймәлім болып қалып отыр.
Сонымен, еврей тегінен шыққан итальяндық Амадео Модильяни 1906 жылы Парижге өзі туралы, өзінің жас, әрі талантты суретші екенін жариялауы үшін көшіп келеді. Модильяни сол шақта ешкімге белгісіз және өте кедей болатын. Бірақ оның бет-әлпетінде қайран қаларлық жайбарақаттық пен сабырлылықтың тұнып тұрғаны соншалық, жас Ахматоваға ол қызық әрі түсініксіз әлемнің адамы секілді әсер қалдырады. Жас қыз олар алғаш кездескен кезде Модильянидің өте ашық әрі талғамсыз, сары ши барқыттан тігілген шалбар мен дәл сондай ашық түстегі күртеше кигенін есіне сақтайды. Бұл түрі оған оғаш болғанымен, суретшінің өзін сыпайы ұстауының арқасында ол қызға соңғы париждік үлгіде киінген сырбаз жігіт ретінде көрінеді. Сол жылы жас Модильяни енді жиырма алтыға толған еді. Жиырма жасар Анна бұл кездесуден бір ай бұрын ақын Николай Гумилевпен некелерін қиып, ғашықтар бал айын Парижде өткізуге аттанған болатын. Ақын жас кезінде сұмдық сұлу болатын, тіпті оған Париж көшелерінде бәрі таңдана қарайтын, ал бейтаныс ер адамдар оның әйелдік кереметтілігіне тәнті болып, сөз қозғайтын. Сурет әлеміне енді келген жас Модильяни батылы жетіп, Ахматовадан оның кескінін салуға рұқсат сұрайды. Бұған ақын қыз еш қарсылық білдірмейді. Осылай өте ынтық, бірақ қысқа махаббат сезімі басталады.
Анна күйеуімен Питерға оралып сол жерде шығармашылығын жалғастырады, әрі тарих – әдебиет курсына түседі, ал күйеуі Николай Гумилев жарты жылдан астам уақытқа Африкаға кетеді. Көпшілігі «уақытша күйеусіз әйел» деп жиі атайтын жас келіншекке үлкен қалада өзінің жалғыздығы сезінеді. Дәл осы уақытта оның ойын оқығандай, париждік сырбаз–суретші Аннаға «оны ұмыта алмай жүргенін мойындап, онымен жаңа кездесуді армандайтынын» айтып, құштарлыққа толы жалынды хат жолдайды. Модильяни Ахматоваға ынтық сезіммен ұштасқан махаббат хаттарын бірінен кейін бірін жолдауды жалғастыра береді. Бұл уақытта Анна өзінің Парижде болып келген достарынан Амадеоның шарап пен есірткіге әуес екенін біледі. Суретші жоқтық пен үмітсіздікке, оған қоса өзіне қастерлі орыс қызының осы күнге дейін оған өте алыс, әрі бөтен, әрі бейтаныс елде жүргендігіне шыдай алмайды.
Жарты жылдан кейін Гумилев Африкадан оралғасын жұбайлар арасында қатты сөзге келушілік болып, ұрыс басталады. Осы ұрыстан кейін өкпелі Ахматова Париждегі өтініш айтқан "табынушысын" есіне алып, кенеттен Францияға кетіп қалады. Бұл жолы ол өзінің сүйіктісін мүлде басқа – арық, сұп-сұр, ішімдік пен ұйқысыз түндерден жүдеу тартқан қалыпта көреді. Оған Амадео бірнеше жылға қартайып кеткендей болды. Әйтсе де, Ахматоваға ғашық, ынтыққан итальяндық оны бұрынғыдай жұмбақ әрі өткір жанарымен баурайтын, жалынымен шарпыған, әлемдегі ең сұлу еркек кейпінде көрінеді.
Олар естен кетпес үш айды бірге өткізеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін ол өзінің жақынына «ол жас жігіттің өте кедей болғандығын, оны ешқайда шақыра алмағандығын, тек қана қаланы қыдыртып жүретіндігін» айтады. Ахматова суретшінің аядай ғана бөлмесінде пәң және тәкаппар қалыптағы денесін тік ұстап, өз кескінін салғызады. Бұл шақта Амадео оның онға жуық кескінін жасағанымен, кейіннен картиналар жоғалып кетеді. Шамасы өрт кезінде бұл туындылар күлге айналған секілді. Бірақ та кейбір өнертанушылар «бұл суреттер олардың арасындағы ынтық қарым-қатынас шындығының ашылуына бірден-бір себеп болғандықтан, оны әлемге көрсетуді қаламай, Ахматова өзі жасырған» деген өз күдіктерін айтады. Араға бірнеше жыл салып, итальяндық суретшінің суреттерінің арасынан өзі салған суреттегі қыз бен атақты орыс ақынының бейнелері сәйкес келетін екі жалаңаш әйелдің кескіні табылды.
Бұл екеуі қанша бірге болғысы келгенімен, тағдыр оларды қоспады. Қос ғашық мәңгілікке қоштасты... Бірақ сол кездерде екеуі де бастарына айырылу жазылғанын ойламады. Олар әрқашан әр жерде бірге болды. Амадео - сымбатты кейіптегі жалғыз әрі кедей суретші болса, Ахматова – отбасын құрған орыс ақыны болды. Ахматова өзінің сүйікті адамымен қоштасып, Парижден кеткен кезде, ол оған өзінің қысқа ғана аты жазылып оралған суретті берді.
Ал бұдан кейін өмір екеуін шыр айналдырды. Анна өлең жазып, Питерде күйеуімен өмір сүруін жалғастырды, ал Модильяни өз сүйіктісімен кездесуді күтпестен, өздері бірге тұра бастаған жиырма жасар Жанна Эбютернмен көңіл қосты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Жанна Модильяниға қыз сыйлады. Ақыры суретші көптен күткен жан тыныштығын сезінгені үшін және отбасын құрғаны үшін бақытты болатын. Дегенмен, жас кезінде денсаулығына немқұрайлы қарағандықтан, өзін әлсіз сезіне бастады. Модильяни қызы бір жасқа толған кезде қатты салқын тиіп, аурудан қайтыс болды. Екінші баласын күтіп жүрген Жанна қайғыдан қан жұтып, сүйіктісінің қазасын көтере алмады. Қыз оның өлімінен кейін келесі күні-ақ, құдды өз Амедеосымен бірге өмірден өткісі келгендей, терезеден өзін тастап жіберді...
Өзінің бұрынғы сүйіктісі туралы Анна Ахматова тосыннан білді, қаңтардың бір кешінде ол 1920 жылғы ескі европалық өнер туралы журналды қарап отырып, «сурет өнерінің орны толмас қазасы – итальяндық талантты суретші өмірден өтті» делінген кішкентай аңдатпаға көзі түсті.
Әлем Модильянидің ұлы суретші екендігін үш жыл өткеннен кейін ғана мойындады. Бұл күнде оның картиналары түрлі аукционда бірнеше миллион долларларға, адам айтқысыз жоғары бағалармен сатылып жатты. Ахматова шамамен жарты ғасыр өтсе де, өзінің итальяндық суретшімен кездескен естеліктерін және қысқа уақыттағы жарқын романдарын жазуды қолға алады. Ол суретші туралы: «Арамыздағы болған нәрсенің барлығы, екеуміз үшін де өміріміздің негізі болды: ол үшін өте қысқа, мен үшін өте ұзақ», - деп жазады. Анна сол кездерден кейін өзінің итальяндық суретші Амедео Модильяниге деген махаббатын жасырмады.
Наталия Тртеьякова. Ахматова және Модильяни. Аяқталмаған картина
Ақын өз сүйіктісінен кейін біраз жыл ғұмыр кешті, 1966 жылы Мәскеу жанындағы Домодедово деген жерде көз жұмып, өмірінің көп бөлігін өткізген Петербурға жақын жерде жерленді.
1990 жылдардың басында Италияның 100 жылдығына орай итальяндық суретші Амедео Модильянидің шығармашылығынан көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келген қонақтар көптеген картинаның арасынан әдемі, сымбатты, жас әрі қара шашты қызды көрді. Бұл - орыстың ұлы ақыны Анна Андреевна Ахматованың бейнесі болатын...
Ұқсас жазбалар:
Анна Ахматова туралы мақалалар
Сурет: fammeo.ru, noezis.com