Рабиндранат Тагор (Үндістан)
Менің жүретін уақытым болды, ана, мен кеттім.
Тыныш түн шымылдығын серпер шақта сіз қараңғылықты қармап, ұйқыдағы балаңызды құшақтамақшы болған кезде мен: «Балаңыз ол жерде емес қой!» дер едім.
Ана, мен кеттім.
Мен ерке самалға айналып келіп сізді аймалар едім. Мен судағы нәзік толқындарға айналып, сіз жуынып жатқаныңызда келіп, қайта-қайта өбетін едім. Боранды түнде жаңбыр тамшылары ағаш жапырақтарынан домалап бара жатқан шақта сіз менің сыбырымды естір едіңіз. Найзағай оты жарқ етіп терезеден енген кезде менің күлкім де бірге жарық етіп кірер еді.
Егер сіз түн ортасына дейін көз іле алмай, балаңызды сағынып жатқан болсаңыз, мен жұлдыздар көгінен сізге: «Ұйықтаңыз, ана, ұйықтаңыз!» деп шырқар едім.
Мен әр қиырды кезетін ай нұрымен баспалай төсегіңіздің алдына келіп, сіз шырт ұйқыда жатқаныңызда құшағыңызға келіп кірер едім.
Мен бір тәтті түске айналып, айқасқан кірпіктеріңіздің арасынан ұйқыңызға сіңетін едім.
Сіз ояна келіп жан-жағыңызға таңданыспен жалтақтағаныңызда мен бейне жарқырауық қоңыз іспетті жылт-жылт етіп барып қараңғылыққа сіңіп кетер едім .
Дурга мерекесі (Durga Festival) келіп, көршілердің баласы үйге келіп асыр салып жүрген кезде мен сыбызғы үніне сіңіп, күні бойы жан дүниеңізде тербелер едім.
Сүйікті апайларым дурга мерекесінде сауғаларын әкеліп, сізден: «Әпеке, біздің баламыз қайда?» деп сұрағанда, ана, сіз аса пейілді түрде: «Ол ма, ол қазір менің жанарымда, ол менің өн-бойымда, менің жан дүниемде», - деп жауап беріңіз.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: mynewyorkcitylawyer.com