- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әмірхан Балқыбек. Санасы...
Әмірхан Балқыбек. Санасы нұрланған адам туралы аңыз
Бұл аңызды қазақ оқырманына алғаш ұлы Мұхтар Əуезовтiң таныстырғаны белгiлi. Аңыз Солтүстiк Үндiстанның шағын патшалықтарының бiрiнде бiздiң дəуiрiмiзге дейiнгi 566-476 немесе 563-473 жылдар аралығында өмiр сүрген Сиддхартха Гаутама дегеннiң патша отбасында дүниеге келгенiнен басталады. Алаңкөңiл патша өз ұлының дүниенiң қайғы-қасiретiнен бөлектенiп, тек қуаныш пен күлкiнi ғана бiлiп өскенiн қалаған. Патшазаданың бiраз өмiрi осылай қайғы-мұңсыз өткен де болатын. Жары Яшодхара да оған сарай сыртында мүлдем басқа өмiрдiң бар екендiгi туралы тiс жарып айта қоймаған едi. Бiрақ, бiрде сарай маңынан сəл жырақтап шығып кеткен ол етi сүйегiне жабысып арыған қарияны, ойбайлай ыңыранған, денесiн дерт меңдеген сырқатты, жұрт азалап жерлеуге алып бара жатқан жансыз мүрденi көрiп қалады.
Мiне, осыларды көргеннен кейiн-ақ оның көңiлi нiлдей бұзылған. Өйткенi, жүрегi ояу патша ұлы өзiнiң де түбi осылардай болатынын ұғынған едi. Оны, егер бар пенде тiршiлiгiн осылай аяқтайтын болса, онда өмiрдiң мəнi неде деген сауал мазалай бастаған. Осы сауал оны ақыры патшаның салтанатты сарайынан да, жарының ыстық құшағынан да бездiрген. Ел кезген, жер кезген тақуалардың қатарына əкелiп қосқан. Бiраз жылдардан кейiн ол тақуалардың тiршiлiгi де құр өзiн-өзi алдарқату екендiгiн түсiнедi. Олардан жырақ кетiп, бодхи ағашының түбiнде отырып алып ұзақ күндер бойы тəңiрге жалғыз сыйынады. Мiне, осы ағаштың түбiнде 35 жасында, iбiлiстiң арбауынан аман өткен 49 күнге созылған құлшылықтан кейiн Сиддхартханың санасы оянып, көктен хабар түседi. Өзi «санасы нұрланған адам», яғни, Будда деген жаңа есiм алады.
Будданың тағдырын бiлетiндер оны арнайы құдайлардың өтiнiшiмен жер бетiне түсiп, пейiлi бұзыла бастаған адамзатты адалдықтың жолына қайта бұруға тапсырма алған əулие жан екен деседi (Үндi дiни нанымы бойынша адам бар күнəсiнен тазарып бiткенше жер бетiне əртүрлi денеде, өсiмдiк боп, жəндiк боп, адам болып үздiксiз келе бередi. Ал Будда бұл қайта туулардың бəрiнен өткен, тек құдайлардың ғана өтiнiшiмен жерге арнайы түскен жан ретiнде аталады). Сол Будда сексен жыл қара жердi басып, дауысы жеткен жердiң бəрiне iлiмiн таратып дүниеден өтедi. Ал осы iлiмдi кейiн шəкiрттерi Орталық Азияға, Аспан астындағы Қытай мен аралдардағы Жапонияға дейiн жеткiзедi. Бүгiн бұл дiннiң тармақтарын Қытай, Тибет, Жапония мен Корея секiлдi байырғы отырықшы елдер ғана емес, моңғол, бурят, қалмақ секiлдi тағдыры өзiмiзбен еншiлес болған байырғы көшпелi халықтар да ұстануда.
Жалғасы бар
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: dazan.spb.ru
M. Auelkhan