Аманхан Әлімұлы. Талғаммен таласу қажет

Аманхан Әлімұлы. Талғаммен таласу қажет
Фото: Massaget.kz

Танымал ақын Аманхан Әлімұлының 2010 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген сауалнамадағы жауабы оқырманға оқыс ой салары анық. Ақынның талғам туралы көңіл таразысы өзгеше сыр шертеді. Ендеше, А.Әлімұлының "Талғам және Талас" атты жазбасына назар салайық.

***

Халық арасында ең қауіпті нәрсе бар. Ол «Талғаммен таласпайды» деген мақал. Ең алғаш «талғаммен таласпайды» деген адамның тілін кесіп тастар едім. Ол өзінің талғамсыздығын ақтау үшін осылай демегенде не дейді?! Бұл мақал талғамсыздыққа бастайтын бірден-бір жол. Және ол ѳнерге, т.б. нәрселерге жасалынып жатқан қиянат.

Егер, біз талғаммен таласпайтын болсақ, онда кімбіз? Ең қиянпұрыс мақал - осы. Қайдағы бір талғамы жоқ адам түкке тұрмайтын ѳлеңді «ѳртѳлең» дейді немесе прозалық шығарманы «мықты шығарма» деп есептейді. Соған қарап біз кѳндігеміз, иілеміз, жалпақшешейлік танытамыз да, «талғаммен таласпайды, бұл оның кѳзқарасы» дейміз. Осыдан келіп талғамсыздық басталады.

Неге талғаммен таласпасқа?! Егер, ол адамның талғамы жоқ болса, неге оған оқыған, талғамы бар, кѳзіқарақты, кѳкірегі ояу, білетін адамдар айтпасқа?! Сондықтан, менің ең қорқатын нәрсем талғаммен таласпау. Мәселен, кез келген газетте кемталанттылардың, тіпті, бейталанттылардың қолынан шыққан, жарымжан ұйқасты, толыққанды емес, газеттің тілі мен жанрынан асалмай қалған, әлдеқандай бір оқиғаны немесе, әлде бір атақты адам туралы баяндама-баяндау, қарабайыр, қарадүрсін, жалаң пафостан тұратын ұзақ сонар ѳлеңдер басылып жатады. Ол туралы пікір айтсаң, «жоқ, менің талғамым осындай» дейді. Сѳйтеді де, өлеңді қор қылады. Тек, өлең немесе ѳнерде ғана емес, күнделікті ішіп жүрген тамағымыздан, киім киісімізден де талғамсыздық байқалады. Күнделікті жұрттан қалмаймын, мода деп ѳзіне жарасқан-жараспағанына қарамай киініп алады. Міне, дүниенің барлығын бүлдіретін - талғамсыздық.

Мысалы, Астананың он жылдығы тұсында газеттердің бәрінде Астана туралы ѳлеңдер басылды. Бәрі инкубатордан шыққандай, бір қалыптан құйылғандай ѳлеңдер. Ешқандай поэтикалық қуаты жоқ, «Астана.., баспана.., жас қала...» деген ұйқастар мен жаттанды нәрселер жарық кѳрді. Мен осыны айтсам, «қайтесіз, енді мерекеге бәрі жазу керек қой», — дейді. Сонда, ѳлеңнің обалы кімге? Жалпы, талғамсыздық қалаларымыздағы кескін-келбеттің болмауынан, архитектурасынан байқалады.

Мәселен, мен Алматыны аралап жүргенде қазақ қаласын кѳрмеймін. Бұл да біздің архитекторлардың талғамсыздығынан. Үйлеріміздің сандары араласып кеткен. Бір үйді іздесең, бір сағат айналасың. Және барлық үйлер бір қалыппен соғылған. Әр нәрсеге талғам керек. Жүріс-тұрысыңа, киім киісіңе, сѳйлеген сѳзіңе, жазған шығармаңа, ѳзің істеп жатқан газет-журналдың басқан материалдарына талғаммен, талаппен қарамасаң ѳзгелерді шатастыруың мүмкін. Талғамнан барып талап шығады, талғамсыздық талапсыздыққа әкеп соғады. Талғам, талапсыздық және таразы басына сала алмау бір-бірін індетіп, бір-бірін қуалап жатқан дүниелер. Осы тұрғыдан келгенде менің ѳмірдегі, ѳнердегі ең қорқатын нәрсем - талғамсыздық. Оны сәл таратып айтсақ, дәм білмеу, иіс білмеу, айналаңдағы сұлулықты сезінбеу, кѳрмеу, бәрі де талғамсыздықтан келіп шығады.

Ал талғамды тәрбиелеу үшін не керек? Ең бастысы, білім керек. Білімді адамның талғамы да, дәмді сезінуі де, бояуды кѳруі де мықты болмақ. Бізде білім жетіспейді, не нәрсенің болса да түбіне жете үңілмейді. Сѳйтеді де талғамсыз біреудің мақтағанына бас шұлғып жүре береді. Мәселен, кейбіреулер бір ақынды оның ѳлеңін оқып, талғам таразысына салмай жатып-ақ мақтай береді. Неге? Ол біреуден естіген. Яғни, біреудің талғам, талабын сѳз етіп отыр. Талғам мен талап адам туралы, оның шығармашылығы туралы пікір қалыптастыруда да үлкен роль атқарады.

Сондықтан, талғам — кѳп салалы, кѳп қырлы табиғи, тарихи категория. Астын сызып айтайын, бұл табиғи категория. Адамның туа бітті талантымен қатар білімі болмаған жағдайда оның талғам, талабы әлсіз болады. Алла берген талғамға ѳзің алған білім үндескен тұста ғана талғам таразысы дұрыс кѳрсетеді. Сондықтан мен үшін ең қауіпті нәрсе «талғаммен таласпайды» деген сѳз. Талғаммен таласу - қажеттілік.

Н. Айдархан