- Негізгі бет
- Көкжиек
- Алматыда Рәбиға Сыздықтың...
Алматыда Рәбиға Сыздықтың көптомдық шығармаларының тұсауы кесілді
Алматыда белгілі түркітанушы, профессор Рәбиға Сыздықтың көптомдық шығармаларының тұсауы кесілді.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Түркия “Dil Kurumu” лингвистикалық академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, I дәрежелі “Барыс” орденінің иегері Рәбиға Сыздық биыл 95 жасқа толды.
Осы мерейтойға орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада ғалымның 14 томнан тұратын шығармалары таныстырылды.
Академиктің тілтанымдық еңбектері – латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасының ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік жұмыстарының өзегі, іргетасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында “қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы” тиістігі туралы айтып өткен тапсырмасының орындалуына Рәбиға Сыздық еңбектерінің қосар үлесі елеулі.
“Рәбиға апай 1970-1980 жылдары идеология әлі қатаң, яғни түркология, тіл тарихымен шұғылдануға болмайтын кезде Байтұрсыновтанудың, Абайтанудың негізін қалады. Абайтанудың үлкен сөздігін шығарды. Қожа Ахмет Ясауи жөнінде де іргелі еңбектер жазып, Ясауитанудың негізін сонау 1980 жылдары қалады. Ол кезде дінге тыйым салынған тұс болатын. 14 томнан тұратын еңбегін жинақ етіп шығару жұмысы бірнеше жыл бұрын басталған еді. Алдағы уақытта басқа да еңбектері шетінен қосыла береді. Әр ғалымның қолжазбалары, әр кезде жазған еңбектері көп. Дегенмен, еңбектерінің басым көпшілігі осы таңдамалы жинаққа еніп отыр. Рәбиға апайымыз қазір үлкен арыстарымыздың көзі болып есептеледі. Оны ана тіліміздің – анасы деп айтамыз”, - дейді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек.
Шара ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен өтті.
Т. Раушанұлы