Бүгін – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың туған күні. Осы орайда төменде тұлғаның қанатты сөздері ұсынылады:
Талас-тартыс жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді.
Ақылға саңыраулық та – айып.
Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.
Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.
Болғаннан – қашпа, болмағанға – саспа.
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.
Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман.
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.
Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар.
Еріншек пен езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ.
Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.
Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң, саған ақыл не керек?!
Би түзу, билік әділ болсын.
Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса, сөз кестелі болады.
Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
Мансапқұмар елі – кемелдікке жетпеген ел.
Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой.
Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.
Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: thenews.kz